Алыс ауылдар да интернеттің игілігін көреді
Алыс ауылдар да интернеттің игілігін көреді
Енді электронды құжаттар заң жүзінде оның қағаз түпнұсқа­сымен тең дәрежеде қолданы­лады. Ал ауылдық жерлерде ұя­лы байланыстың сапасы на­шар болғаны үшін операторлар жауапқа тартылады. Цифрлан­дыру туралы жаңа заң өз күшіне енгеннен кейін қандай өзгерістер болып жатқаны туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партия­сы­ның IT-комитеті төрайымы Ека­те­рина Смышляева айтып берді. Биыл 15 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Депутат атап өткендей, құжаттың маңызды тармақтарының бірі ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасын жақсарту болып отыр. «Энергетикалық инфрақұрылымға сүйене отырып, оптикалық-талшық­ты байланыс желісін әуеден тарту жөніндегі партиялық бастаманы бар­лық мүдделі мемлекеттік органдар қолдады. Елімізде электр желісі қар­қынды дамыған. Тіпті, шалғай елді мекендерде де қуат көзі бар. Байланыс желісін әуе арқылы тарту – арзан әрі жылдам. Цифрландыру туралы заң ауылдарға сапалы интернетті тезірек жеткізуге көмектеседі. Бұл ретте жауапсыз операторларға қатысты айыппұл санкциялары қолданылады», – деді ол. Сондай-ақ мәжілісмендер енгізген түзетулердің нәтижесінде еGov­Mobile мобильді қосымшасын қолдану аясы кеңейді. Бұл қосымша енді 20-ға жуық құжатты жинақтай алады. «Заң қабылданғаннан кейін азаматтардан құжаттардың түпнұсқасы талап етілмейді. Құжаттардың цифрлық нұсқасы қағаз нұсқамен тең деп танылды. Сонымен қатар құжат берудің аумақтан тысқарылық қағидаты енгізіледі. Бұдан былай құжатты тұр­ғы­лықты жерге қарамастан, еліміздің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады», – деп атап өтті Екатерина Смышляева. Сонымен бірге, баспасөз мәслихаты барысында ел Президентінің мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру бойынша берген тапсырмаларын іске асыру мәселесі қозғалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық трансформация департаментінің директоры Назгүл Бажаеваның айтуынша, «Қазпошта» АҚ базасында азаматтардың мемлекеттік қыз­метке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін цифрлық орындар құру жоспарлануда. «Бүгінде ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері орналасқан аудан орталықтарына немесе қалаларға барып, уақыт пен қаражат шығындауға тура келеді. Цифрлық орындар – компьютермен және ұйымдастыру техникасымен жабдықталған, интернетке қолже­тімді, азаматтарға қызметтерді өз бе­тінше алуға мүмкіндік беретін жұмыс орны. Осыған ұқсас цифрлық орындар Қазпоштаның 2 мың ауылдық бөлімшесінде ашылады. Бұл күндері мұндай цифрлық орындар Шығыс Қазақстан облысында қанатқақты режимде жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті ол. Мұнымен қоса, Назгүл Бажаева са­ладағы білікті кадрлардың тапшы­лығы мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Мәселен, жас мамандарды тар­ту мақсатында бағдарламалау мектептерінде білім алуға арналған арнайы гранттар қарастырылды. Бұл жоба Astana Hub және IT-мектептермен бірлесіп іске асырылады. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 20 мың білікті IT-маманын дайындау жоспарланып отыр. Өз кезегінде, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари мемлекеттік басқару жүйесіндегі клиентке бағдарланған тәсілге назар аударды. «Заңда алғаш рет цифрлық трансформация термині қолданылды. Мұн­дағы мақсат – азамат пен мемлекет арасындағы арақашықтықты барынша қысқарту. Азамат – мемлекет үшін клиент саналады. Цифрлық транс­формацияның нақты мысалы – осы. Көп адам автокөлікті қайта ресімдеу үшін Kaspi.kz қосымшасын пайдаланады. Бүгінде 2 миллионға жуық адам мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармайды. Бұл – жеке сектор мен мемлекет кооперациясының бірегей үлгісі», – деді ол. Айта кету керек, заңды әзірлеуге сала мамандары мен сарапшылар, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері қатысты. Жұмыс тобында барлығы 104 адам болды. Халық қалаулылары 600-ге жуық ұсыныс енгізді.