Текеліде мектеп ауласындағы ағаштарды заңсыз кескен мектеп директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Желі қолданушылары мектеп басшылығының ақылға қонымсыз шешімін сынға алды.
Тексеріс кезінде ағаштың кесілгені расталды. Мектеп басшылығы да түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қарағайлар қатты желдің салдарынан құлап кететін еді. Оған қоса, терезе арқылы күн көзін өткізбей тұрған. Сол себепті ата-аналар және қамқоршылық кеңесімен ақылдаса отырып, ағаштарды кесіп тастауға шешім қабылданды.
Жетісу облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция басқармасының бас инспекторы Бағлан Рымжановтың айтуынша, әкімдікте өткен қоғамдық кеңесте мектеп директорының әрекеті заңсыз деп танылды.
"Текелі полициясында Қылмыстық кодекстің 340-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Материалдық шығының көлемі 1 715 280 теңгені құрап отыр", - дейді Рымжанов.