Жыл сайын педагогика мамандығы бойынша 40 мың адам оқу бітіргенімен, мектептерде 5 мың мұғалім жетіспейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ашық алаң» бағдарламасында айтты.
«Бүгінгі күні мектептерге 5 мың мұғалім жетпейді. Ал педагогикалық мамандықтар бойынша университеттерде 145 мың адам оқып жатыр. Жыл сайын 40 мың адам оқу бітіреді. Бірақ олар мектепке барғысы келмейді. Екіншіден, ынта жоқ», – деді министр.Сондай-ақ министр мұғалім мамандығын таңдайтын оқушылардың орташа ҰБТ-дан жинаған орташа есеппен 60-65 балл жинайтынын айтқан болатын.
«Мұғалім мамандығын таңдайтын адамның сапасы жоғары болмаса, мектепке кім келеді? Сондықтан, оларды ынталандыру керек», – деді министр.Оның айтуынша, бұл жерде педагогтарды дайындау мәселесі туындайды. «Бүгінгі күні мұғалімдерді 85 университет дайындап жатыр. Анықтап қарасақ, ішінде дәрігерді дайындайтын оқу орны да мұғалімді дайындап жатады. Политехникалық оқу орындары да бар. Яғни, өзінің профиліне келмейтін оқу орындары көп. Соларды азайтып, сапаны арттыруымыз керек», – деді министр.