Қаңтар оқиғасынан кейін алаңдағы дүрбелеңге қатысы болуы мүмкін деп ұсталғандар тергелді. Көпшілігі тергеу кезінде азап шеккенін айтты. Қорлық көргендерге қатысты 11 полицей күдікке ілініп отырғанын бұған дейін КТК арнасының сюжеті негізінде хабарлаған болатынбыз. Қаңтар оқиғасынан кейін тергеуде азап көрген Абзал Достияров сюжетте көрсетілген полицейді танығанын Facebook парақшасында жазды. (Ескерту: Абзал Достияровтың жазбасын қаз-қалпында жариялап отырмыз – ред.) «...Қаңтар қырғынына жеті айдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда сол ұрып-соғу, азаптау ісі бойынша Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторының 11 қызметкеріне тергеу жүріп жатыр екен. Бірақ қаңтарда қаны қарайған қарабеттер, қазір мүләйімсіп өздерінің ешқандай азаптауға қатысы жоқ екендігін айтуда, соның бірі – Аян Елеубеков. Ақталуы, жалтаруы барып тұрған өтірік. Мені қаңтардың 6-сы күні Жетісу ПБ-нен ИВСке алып келгенде көзі жайнап, тісін қайрап күтіп алғанның бірі осы – Аян Елеубеков. ИВС-ке қабылдау кабинетінде Аян Елеубеков пен тағы бір полиция қызметкері соққыға жықты. «Қолға түстің ба, енді бұл жерден тірі шықпайсың», – деген секілді психологиялық қорқыту сөздерін айтып, кіжінеді тіпті. Камераға жапқаннан кейінде келіп, камераның есігінің арнайы тесігінен (кормушка) қарап, қасымдағы бірге отырған адамдарға «Мынау Достияров Дәурен деген нағыз провокатор, осы көтерілісті ұйымдастырғандардың бірі, сендер осы үшін таяқ жеп жатырсыңдар. Мұны аямау керек", – деп арандатты. Әзірге танығаным осы, басқа 10 қызметкерінің фотосы болса, маған қысым көрсеткендерді жазбай танитын едім. Қаншама адамды мүгедек халге түсіріп, тайраңдап жүрген қарабеттер қаншама?» – деп жазды Абзал Достияр. Бұған дейін «Ұсталғандарды азаптап, өлтірген жоқпыз» деген 11 полицей араша сұрап жүргенін хабарлаған болатынбыз.