Үндістанның жаңа президенті ант қабылдады
Үндістанның жаңа президенті ант қабылдады
403
оқылды
Үндістан тарихындағы екінші әйел президент Драупади Мурму дүйсенбі күні ант беріп, ресми түрде Үндістанның 15-президенті болып сайланды. Салтанатты іс-шара Нью-Делидегі ел парламентінің орталық залында өткен.
«Тәуелсiздiктiң 75 жылдығында маған осы қызметке келу бақыты бұйырды. Бізге, тәуелсіз Үндістан азаматтарына азаттық жолындағы күрескерлеріміздің үмітін ақтау үшін күш-жігерді арттыруға тура келеді», – деді Мурму ант қабылдағаннан кейін президент ретіндегі алғашқы сөзінде.
Үндістандағы Президент сайлауы 18 шілдеде өтті. Оған ел парламентінің жоғарғы және төменгі палаталарының депутаттары, сондай-ақ 28 штат пен екі одақтық аумақтың заң шығарушы жиналыстарының мүшелері қатысты. 21 шілдеде дауыс саналып, билеуші Бхаратия Джаната партиясы басқаратын ұлттық демократиялық альянс атынан шыққан Мурму 64 пайыздан астам дауыс жинап, біріккен оппозиция өкілі Яшвант Синхадан озып кетті.