Түркістан облысында 1 миллион гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылмақ
Түркістан облысында 1 миллион гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылмақ
451
оқылды
Биыл жыл басынан бері Түркістан облысының тұрғындары 325,5 мың гектар жайылым жермен қамтылды. Аталған өңірде 1 миллион гектар жерді қайтару міндеті көзделіп отыр. Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Қазір бұл жұмыстар екі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 405,2 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отыр. Екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылармен меморандум арқылы 606,8 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Ал бүгінде 58,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 267 мың гектар жайылым елге берілді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жайылым жерді елге қайтару жұмысы жалғасатынын айтты.
«Жайылым қорын молайту – өте маңызды әрі жауапты мәселе. Аудан әкімдері жауапты басқармалармен бірлесіп жұмысты жалғастыруы тиіс. Біздің меже – 1 миллион гектар жайылымды қайтару. Қазірдің өзінде 30 пайызы қайтарылып үлгерді. Меморандум арқылы жақсы жұмыс атқарылып жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінуі тиіс. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.