Түркістан облысында мұғалімнен пара алған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысында мұғалімнен пара алған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты
2,642
оқылды
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры мұғалімнен пара алған. Мектеп директоры ағылшын тілі пәні мұғалімінен 200 мың теңге пара алған. Сот мектеп директоры  А. есімді азаматшаны  Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2- бөлігімен кінәлі деп таныды. Сондай-ақ сотталушы өз кінәсін толық мойындап, қамқорлығында кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, оған айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұраған.
«Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 6 млн теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.