Жылқыны мінез бағындырады
Жылқыны мінез бағындырады
409
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында үйір-үйір жылқыны жалғыз өзі бағатын блогер қыздың танымалдығы күн санап артып келеді. Ат құлағында ойнайтын бойжеткен әлеуметтік желіде ауыл өмірін көрсетеді. Бұрымды қыздың ұлттық нақыштағы киімі мен әшекейі көпшіліктің көңілін аударып қана қоймай, Асыл Ахметованың парақшасына өзіндік сипат берген. Асыл Ахметова Жамбыл ауданына қарасты Озерное ауылында тұрады. Әкесінің байырғы тұрағына олар от­басымен Қостанай қаласынан көшіп келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы по­ли­техникалық колледжді тәмамдаған соң Асыл өз ауылына келіп, мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Аспанмен та­ласқан зәулім үйлерден, қаланың қар­балас өмірінен шаршаған қыз ауылға қайту туралы ұсыныс түскен кезде қат­ты қуанғанын айтады. Ол үшін ауыл­дың кең даласына тең келер еш­теңе жоқ. Оқуда жүрген кезінде елді сағынғанда, ауыл көрінісін түсірген өз бейнежазбаларын қарап, мауқын бас­қан кездері көп. Жұмыстан бос уақытында жылқы бағып, әкесіне қолғабыс етеді. Өзінің айтуынша, жылқышы әкесіне ол 7-сы­ныпта оқып жүрген кезінен бастап көмектесіп келеді. Осы уақыт ішінде Қамбар ата төлін бағудың қыр-сы­рын жетік меңгеріп үлгерген. Бүгінде алдында жеті үйір жылқысы бар. Де­ні – ауылдықтардың малы. Сон­дықтан қаршадай қыздың мойнындағы жа­уапкершілік мол. Сүмесін малдан та­­уып отырған ауылдастарының әр жыл­қысы үшін ол басымен жауап бере­тінін жақсы түсінеді. Сондықтан түрлі оқыс оқиға бола қалса да, абдырамай, оң­тайлы жол таба біледі. «Кейде жайылымдағы жануар төл­деп қалады, жарақат алған, суға батқан кездері де болды. Сондай кездері шұғыл шара қолдануым керек. Ешкімнен кө­мек күтуге болмайды. Айдалада жүрген­діктен ұялы байланыс жоқ, ешкімге хабарласа да алмаймын. Сондықтан алғашқы алдын алу шараларын өзім жалғыз қолдана беремін. Оның бәрін әкемнен үйренгенмін. Бала кезімнен қайда барса да мені қасынан тастаған жоқ, атына мінгестіріп алатын. Соның нәтижесі болса керек, 5 жасымда атқа қонып, 6-сыныпта мал қараса бас­та­дым», – дейді Асыл Ахметова. СЕРІГІ ДЕ, СЫРЛАСЫ ДА – ДЖУНГЛИ Бойжеткеннің жылқы малына де­ген махаббатының оянуына түрткі болған – әкесі. Оның әлеуметтік желіде танымал болуына да осы махаббаты себепкер. Ең алғаш көп қаралым жинаған бейнебаяны – өзінің үй маңында мініп жүрген Джунгли атты жылқысы туралы болатын. Оған дейін өзі үшін түсірген видеолары аса қызық болмапты. Ал Джунглимен түсірген 20 секундтық видеосы бірден трендке айналған, тіпті Ресейде кеңінен тара­лып кетіпті. Бұл – оның сүйікті жануа­ры, тіпті, ең жақын досы әрі сырласы, кейде онымен өзінің құпия ойларын бөліседі екен. Джун­глимен түсірген бейнежазбасы 90 мың қаралым жина­ғаннан кейін Асыл Tik Tok қосым­ша­сында ауылдың күнделік­ті өмірі тура­лы баяндай бастаған. Бас­тапқыда ауылдың күйбең тірлігі көп­шілікті қы­зықтырғанына таң қалған Асылдың бүгінде бұған бойы үйренген. «Адамдардың басым бөлігі ауылда туып-өсіп, кейін қалаға көшіп кеткен­діктен, кең даланы сағынады. Ауыл өмірі қауымға қызық екенін түсініп, осы бағытта бейнежазба түсіруді жал­ғастырып келемін. Ауылдан көшіп кет­кен қаншама адам балалық шағын еске алып, қолдау білдіріп жатады. Бұл мені кәдімгідей ынталандыра түсті», – дейді Асыл Ахметова. Қазір Асылдың Tik Tok парақша­сында 143 мың жазылу­шысы мен Instagram әлеуметтік же­лі­сінде 46 мыңға жуық оқырманы бар. Оның жаз­балары мыңдаған қаралым мен жүзде­ген пікір жинайды.

ЖЫЛҚЫ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ МІНЕЗІ ҰҚСАС

Асыл әкесінің бүгінде қартайып, шау тартып келе жатқанын түсінеді. Сондықтан барынша көбірек көмек­тесуге тырысады. Карантин кезінде қа­шықтан оқуға келгенде және оған де­йін де жазғы демалысында, уақыты­ның көбін жылқы бағумен өткізіпті. Күнге күйіп, күзде қалаға келгенінде қатты қысылған кездері де әлі есінде. «Нұр-Сұлтанға барғанда, қап-қара болып жүргеніме ұялатынмын. Туыста­рым да күлетін. Сонда жылқы бағам деп айтуға да қысылушы едім. Қаланың адамдары ауылдың өмірін қайтсін деп ойлаушы едім. Қазір бәрі керісінше», – деп жымияды жылқышы қыз. Қазір таңғы төртте жайылымға шы­ғатын жылқыны түске дейін әкесі бақса, түстен кейін оны қызы алмас­тырады. Содан қас қарайғанша, түнгі 11-лерге дейін далада. Мал баққанда Асыл ұялы телефоннан қазақтың әуе­нін қосып қояды. Өзінің де «әу» дейтіні бар. Осы уақыт ішінде бойжеткен Қам­бар ата төлінің мінез-құлқын ұғынып та алған. «Жылқы бағындыру үшін күш емес, мінез керек», – дейді блогер қыз. Оның айтуынша, ең алдымен жылқымен тіл табыса білу қажет. «Жануар бәрін түсініп, сезінеді. Егер оған мейірім танытсақ, ол да сү­йіс­пеншілікпен жауап береді. Адам баласы атқа дұрыс отырмаса, жануар қырсығады. Одан соң онымен дұрыс шаба алмайсың, мінез көрсетеді. Үйге немесе үйірге қарай шауып кетуі де ғажап емес. Мәселен, мал бағып жүрген кезде үйге бару керек болғанда, атты бұрсаң, үйірін қалдырғысы келмеген айғыр қарсылық білдіреді. Сондай кезде адам өзінің үстемдігін арттырып, өктем дауыспен бұйыра айқайлауы тиіс немесе тіпті ұрып жіберсе де артықтық етпейді. Жалпы, жылқы малының мі­нез-құлқы біздің халықтікіне қатты ұқсайды. Олар да еркіндік пен бос­тандықты жақсы көреді», – деп са­лыстырды жылқышы қыз. Ол тіпті жыл­қысыз өз өмірін елестете алмай­тынын да айтып қалды. МАҚСАТЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАУ Қайсар қыздың ерлермен қатар бәй­геге қатысып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Мұны да әкесі үйретіпті. Бәйгеге ат баптаған кезде басы-қасында өзі жүреді. Ат жарыстың да қыр-сырын терең меңгерген. Шар­шатпау үшін аттың басын қай кезде жіберіп, қашан тарту керек екенін біле­ді. Бәйгеге қатысудың қаупі мол екенін де түсінеді. Жарыс кезінде оқыс оқи­ғаларға кезіккен кездері де болыпты. Мәселен, бір бәйгеде алдындағы ат теуіп жіберіп, құлауға шақ қалған қыз өз ептілігінің арқасында аттың мой­нынан ұстап үстіне қайта қонған екен. Бәйге барысында жарыс аттарының бір-біріне соғылған немесе ой-шұң­қырға шалынған кездері де болған. Мұндайда бауыр еті баласын аяған анасы бәйгеден төнер қауіп-қатер көп екенін түсіндіруге тырысқанымен, қызының қолын байлай алмайды. Айта кетейік, жылқышы қыз темір тұлпардың да құлағында еркін ойнайды. Ұялы байланысы да, интернеті де бірде бар, бірде жоқ түкпірдегі ауыл­дардың бірінде тұрып жатса да, кеңінен танымал болған қыз суды тасып ішетін, қыста жолын қар басып қалатын ауыл тұрғындарының осындай жағдайда тұрып жатқанын әлеуметтік желі арқы­лы көрсеткісі келетінін айтады. Ауылды жерлерде жастар тұрақтауы үшін ауыл әлеуетін көтеру керек деп санайды. Жал­пы, ата-бабадан қалған құнды­лықтарды дәріптеген бойжеткеннің мақсаты – қазақ халқының ұлттық кәсібін, мәдениеті мен дәстүрін кеңінен насихаттау. Ол үшін Асыл Ахметова балаларды атқа мінуге баулып жүр. Ат әбзелдерімен де таныстырады. Респуб­лика көлемінде осы дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін лагерь ашылғанын қалайды. Жүрген жерінде осындай ұсыныс айтып жүр. «Қазір жастардың көбі, қыздар түгіл жігіттердің өздері атқа міне алмайды. Тіпті, қасында тұруға қорқатындар баршылық. Ата-бабамыздан қалған қазақи дәстүрімізді дәріптемесек, ертең жойылып кетуі мүмкін. Сонда мұның себебін іздеп, кімнен көрерімізді біл­мей жүргенше, қазірден бастап қолға алу керек. Сонда ғана салт-дәстүріміз жалғасын табады», – деп ой түйді «жыл­қышы қыз» атымен танылған Асыл Ахметова. Tik Tok-тағы танымал қыз ол үшін халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын әлеуметтік желі арқы­лы насихаттай беруге даяр.