Мобильді қабылдау жалғасып жатыр
Мобильді қабылдау жалғасып жатыр
«AMANAT» мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс са­пары жалғасып жатыр. Кеше партия мүшелері Павлодар және Түркістан облыстарына барды. Бір күнде шал­ғайдағы 4 елді мекен қамтылып, қа­былдауға 100-ге жуық азамат кел­ді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Қоғамдық қабылдау бөлмелері адам­дар тек шағым арқалап емес, елді да­мытуға қатысты нақты ұсынысымен келе­тін орын болуы қажет. Мәселен, Павлодар облысы Баянауыл ау­даны Ұзынбұлақ ауылының фермерлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін несие қолжетімділігін кеңейтуді және техника сатып алуға негізделген суб­сидия көлемін ұлғайтуды сұрап отыр. Сондай-ақ шаруа қожалықтары шөп шабатын маусымдағы жанармай қымбатшылығына назар аударды. Жергілікті тұрғын Жұмабек Қанат­қалиұ­лының айтуынша, маңызды мәселенің бірі – жол сапасы. «Бізден Мұса Шорманов ауылына дейін­гі жол күрделі жөндеу жұмысын қа­жет етеді. Дәл осы жол бізді республикалық тас жолға жалғап жатыр. Онсыз аудан орталығына жету мүмкін емес. Көрші Ақши ауылындағы мектепте спортзал жоқ. Балабақша тұрғызу керек. Алайда кей­бір мәселелерге қарамастан, ауыл тұр­ғындарының тұрмысы жалпы жаман емес. Бір кездері қалаға көшіп кеткен жастар туған жеріне оралып, мал бағып, үй тұрғызып жатыр. Сондықтан жастардың көбірек келуіне жағдай жасау қажет. Осы округте мыңға жуық адам тұрады. Олардың негізгі табыс көзі – мал. Ал ет сатып, сауда жа­сау­ға жолдың нашарлығы кедергі келтіріп отыр», – деді зейнеткер. Өз кезегінде Баянауыл аудандық мәс­ли­хат хатшысы Темірболат Қасен Ұзынбұлақ және Мұса Шорманов ауылдары арасындағы 41 шақырым жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын атап өтті. Құрылыс жұмы­сын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. «Ақши ауылы бойынша бірнеше мәселе көтерілді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары бой көтерген мектепте спортзал қарас­тырылмаған. Келесі жылы модульдік спортзал тұрғызу жоспарлануда. Биыл қыр­­күйекте ауыл тұрғындары ауыз сумен қам­тылады. Тағы бір өзекті мәселе – Ұзын­бұлақ пен Ақшидегі медициналық пункт­тердің ғимаратын жөндеу. Оны жа­қын арада шешуге тырысамыз», – деді ол. Сондай-ақ аманаттықтар Ұзынбұлақ ауылындағы мектептің құрылыс барысын тексерді. Кестеден сәл арттақалушылық анықталды. Мәселе партиялық бақылауға алынды. Түркістан облысының Жібек Жолы ауылында қабылдауға 50-ден астам адам келді. Мұндағы өзекті мәселелер – тозығы жеткен трансформаторлар мен электр жеткізу желілерінің бағанасын жөндеу, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрғызу. Жергілікті тұрғын Қуаныш Балтабаев оқушыларға орын саны жетіспейтін мектеп туралы айтып берді. Жақында балаларға үш ауысымда оқуға тура келеді. «640 орынға негізделген Ә.Бөкейханов атындағы мектепте қазір мыңнан астам оқушы білім алады. Орын санының аздығы белгілі бір деңгейде білім сапасына теріс әсер ететініне сенімдімін. Алайда мектеп аумағында тағы бір ғимарат салуға бо­латын орын бар. Бұл мәселені бес жыл бойы көтеріп келеміз. Бүгін партия ұйым­дастырған қабылдауда осы мәселе бақылауға алынады деген жауап алдым», – деді ол. Ал Түлкібас ауданы Машат ауылының тұрғындары ауызсумен қамту, фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу және кен­тішілік жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Сүттімбеков жайылымдық жерлердің тап­шылығы тақырыбын қозғады. «Осында мыңнан астам отбасы тұрады. Олардың әрқайсысы мал ұстайды. Алайда жер жеткіліксіз. 3600-ден астам мүйізді ірі қара, 6 мың ұсақ мал және 200-ден астам жылқы бар. Көктемде бақташы табу қиын», – деді ол. «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов бұл мәселе «Жер аманаты» комиссиясы аясында қаралатынын атап өтті. Сондай-ақ мобильді бригадалар жарты жылда 626 шалғай ауылға барып, онда 5 мыңнан астам адам қабылдауда болғанын жеткізді. «Шалғай ауылдардың тұрғындары облыс орталығына қатынау үшін 300 шақырым, кейде тіпті одан да ұзақ жол жүреді. Сол жолдың өзі бірыңғай тегіс бола бермейді. Әсіресе қарияларға қиын. Сондықтан адамдардың шағым арқалап келгенін күтпей, оларға өзіміз барамыз. Бұл қадам әр жағдайдан хабардар болып, жүйелі шешім қабылдау үшін қолда бар мәліметті уақытылы талдауға мүмкіндік береді», – деді ол. Айта кету керек, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 82 мыңға жуық адам жүгінді. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 31 пайыз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 17 па­йыз, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 10 пайыз толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 16 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 44 мың адамның өтініші тыңдалды. Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: 1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 2. WhatsАpp: 8 700 800 4441 3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.

Ерке ЕРҚОҢЫР