Ер Түріктің бесігін жырға қосты
Ер Түріктің  бесігін жырға қосты
415
оқылды
Киелі Түркістан шаһарын­да Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 4 жыл толуына орай «Түркіс­тан – Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті. Шабыттың қайнар бұлағы Түркістан ақындарға кенде емес. Кешегі өткен Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, бүгінде айтысты биікке дәріптеп келе жатқан Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев, Мұхит Құрбанбеков халық­тың сүйікті талантты ақын­дары атанған. Одан бөлек, рухани шаһар халық өнерін кеңінен наси­хаттауда шығармашылық жобалар­ды іске асырып келеді. Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толуына орай ұйымдастырылған ақындар айтысының шымылдығы «Шежірелі Түркістан» кітабынан алынған тарихи шығарма желісі бойынша «Йасы шаһары» атты театрландырылған көрініс-қойы­лымымен ашылды. Түркістан қала­сы әкімдігінің қолдауымен өт­кен жыр сайысында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орын­басары Ерлан Күзембаев барша ақындарға сәттілік тілеп, айтыс өнерінің берері мол рухани құн­дылық екенін тілге тиек етті. Сөз сайысының кіл жүйріктері жиналған шарада жыр дүлділдері тұғыры биік Тәуелсіздікті жырға қосып, түрленген, гүлденген Түркістанымызды, облыс болып құрылғанына 4 жыл толу мерекесін кеңінен жырлап, тілге тиек етті. Сондай-ақ, жеңісті де, жемісті жұмыстарды жырлап, ордалы Оңтүстіктен және Түркістан қала­сынан шыққан ұлы тұлғалары­мыздың еңбегін паш етті. Аламан айтысқа республикамызға белгілі айтыс өнерінің биігін бағындырған, айтыстың нағыз ақтаңгерлері, алтын домбыра иегерлері Түркістан қаласынан Бекарыс Шойбеков, БҚО, Орал қаласынан Жансая Мусина, Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов пен айтыстың ақтаңгері, Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан, Шымкент қаласынан Нұрлан Есенқұлов, Нұр-Сұлтан қаласынан Мейірбек Сұлтанхан, алматылық Нұрзат Қару және Арқалықтың абыройын асқақтату үшін Айбек Қалиев қатысты. Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есен­құлов пен алматылық ару Нұр­зат Қару бастады. Әдемі әзіл­дермен өрілген қыз бен жігіт айты­сы көрер­мендер көзайымына айнал­ды. Сондай-ақ, айтыс өнері­нің азулы арландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтың тартысты ай­тысы да көпшілік көңілінен шық­ты. Алтын домбыраның үш дүркін иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілдермен көмкерілді. Ал, елордадан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұ­ғайып Сезімхан арасындағы сайыс тартысты, тартымды өтті. Бас жүлдені алматылық ақын Шұғайып Сезімхан иеленсе, оралдық ару Жансая Мусина бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов жеңіп алса, үздік үштікті түркістандық Бекарыс Шойбеков мен Арқалықтың арқа­лы ақыны Айбек Қалиев қортын­дылады. Одан бөлек, Тәушен Әбу­ова атындағы номинация Нұрзат Қаруға, Қаныбек Сарыбаев атын­дағы номинация Нұрлан Есен­құловқа табысталды. Сондай-ақ, Көпбай Омаров атындағы номи­нация Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ақындар айтысына Бақыт Әбжет, Әбілхаир Сыздықов және Бекмурат Анарбаев төрелік етті. Жырдан шашу шашылған күні түркістандық әншілер әннен шашу шашып, ақындарды арқаландырып отырды.