Зауыт жаңғыртылғанымен өндіріс жанданбай тұр
Зауыт жаңғыртылғанымен өндіріс жанданбай тұр
Отандық мұнай өңдеу зауыттарында жыл сайын жоспарлы жөндеу жүргізілетіндігіне қарамастан, олардың бірінен болмаса бірінен жиі ақау шығып жатады. Соның кесірінен жанар-жағармай тапшылығы туындап, бағасы аспандап кетеді. Үкіметтің кейінгі кеңейтілген отырысында бұл мәселе Мемлекет басшы­сының сынына ілігіп, мұнай өнімдері мен электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына жол бермеу қатаң ескертілді. – Жылда астық жинау науқаны ке­зінде шаруаларға дизель отыны жет­пей жатады. Үкімет мұны отынның басым бөлігін көрші мемлекеттердің азамат­тары сатып алып әкетуімен түсіндіреді. Бірақ мәселенің түп-тамы­ры одан әл­деқайда терең жатыр. Бізде мұнай өнімдерін басқа елдерге жіберудің схе­масы бар. Қаржы мониторингі агенттігі оған тексеріс жүргізуі тиіс. Ал Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне шетелге кететін өнім бағасын реттеуді тапсырамын, – деген еді сонда Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңғыртылған кәсіпорындар жарытпады

«Қара алтынның» үстінде отырып, жанар-жағармайға жарымағанымыз, естіген құлаққа ерсі. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 15-орында тұр. Тәуелсіздік жылдарында республика көмірсутегі өндірісін 1991 жылғы 25,2 млн тоннадан 2019 жылы 90,5 млн тоннаға дейін жеткізді. Яғни 3,5 есе өсірді. Сөйте тұра, қара халық мол бай­лықтың қызығын көре алмай шерменде күй кешіп жүр. «Мұнай қоры осыншама мол бола тұра, бензин мен солярка неге қымбат, неге қат, қазақтың «қара алт­ы­ны» қайда кетіп жатыр?» деген сауал көпшілікті толғандырады. Расы сол, мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) жөнделсе де, жөнделмесе де, жанар-жағармайдың қымбаттауы жыл сайын қайталанатын құбылыс. Республикада мұнай өңдеумен ай­налысатын үш зауыт – 1945 жылы іске қосылған Атырау мұнай өңдеу зауыты, 1978 жылы жұмыс істей бастаған Пав­лодар мұнай-химия зауыты, 1985 жылы ашылған «Шымкент мұнай өңдеу за­уыты бар. Олардың негізгі базасы тоз­ғаны түсінікті. Сондай-ақ одан басқа мұнай өңдейтін 17 шағын зауыт жұмыс істейді. Үш ірі зауытқа жыл сайын бір мезгіл жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, осыдан төрт жыл бұрын отандық мұнай өңдеу за­уыттарын реконструкциялаудың ке­шен­ді бағдарламасы қолға алынды. Аты­рау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарын – 2017 жылы, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 2018 жылы жаңғырту жұмыстары аяқталды. Оған бюджеттен 6,3 миллиард доллар жұм­салды. Бірақ одан жанданып кет­кен өндіріс жоқ және бұл жылда қай­та­ла­натын жанар-жағармай қымбат­шы­лығын тежей алмады. Энергетика министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, былтыр отандық кә­сіпорындар ішкі нарықты дизель және авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша міндетті орындай алмаған. Оның негізгі себептерінің бірі – жөндеу жұмыста­рының тиімсіз жоспарлануы. Өндірістік нысанның жаңғыртылуына қарамастан, зауыттар үнемі ең қолайсыз сәттерде, әсіресе науқандық жұмыстар кезінде жөндеуге тоқтап қалады. Жанар-жағар­майды тұтыну көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан жағдайда үш зауыттың жыл сайын кезекпен-кезек, кейде тіпті бір мезетте 25 күн бойы өндірісін тоқтатады. Отандық өндірістің ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыруының бір себебі де осы. Бұдан бір айдан бұрын экономиканы демонополизациялау жөніндегі комис­сияның кезекті отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов уәкілетті органдарға бағалық сөз байласуға әке­летін жағдайларды анықтауды және осы салаға қажетті нарық тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ жанар-жағармайды тасымалдау кезінде теміржол тарифтерінің негізсіз өсуіне және жекелеген компаниялардың тамыр-таныстықпен бәсекелестіксіз қызмет көрсетуіне жол бермеу керектігін ескертті. «Субъектілердің санаулы тобына ғана жеңілдіктер берілмей, нарыққа қатысушылардың бәріне ортақ МӨЗ-де мұнай өнімдерін сақтаудың бірыңғай регламентін әзірлеу қажет. Негізсіз өндірістік шығындарды болдырмау үшін мұнай өңдеу зауыттарының ба­қылау және қауіпсіздік жүйелеріне аудит жүргізілуі керек. Ол бүкіл технологиялық процесті қамти отырып, бақылаудың цифрлық технологиясын енгізуді қажет етеді», – деді Әлихан Смайылов. Ал Энергетика министрі Болат Ақ­шолақов өз кезегінде шағын мұнай өң­деу зауыттары шығаратын өнімнің сапасын арттыру үшін оларды техни­калық реттеу талаптарын күшейту ке­ректігін еске салды. Сондай-ақ министр ЕАЭО-ның техникалық регламентіне сәйкес келмейтін мұнай өнімдерін шығаратын шағын МӨЗ-ге берілетін салықтық және кедендік жеңілдіктерді алып тастауды ұсынды.

Жаңа зауыт ауадай қажет

Мамандардың айтуынша, қолданыс­тағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыр­туға бөлінген 6,3 миллиард долларға елімізде жаңадан тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуға болатын көрінеді. Рас, Үкімет жаңадан тағы бір МӨЗ керек екенін жақсы біледі және бұл тақырыпты талай қозғаған да, бірақ одан шыққан нәтиже шамалы. 2015 жылы Маңғыстау облысы әкі­мінің орынбасары Рахымбек Әмір­жанов өңірде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатынын мәлімдей келе, бұл Ақтау портының жүк айналымын айтарлықтай жақсартып, тіпті Иран­ның оңтүстік бө­лігінде орналасқан кеніштердің шикі­затын өңдеуге ың­ғайлы деген болатын. Өйткені Иран­ның мұнай өңдейтін кә­сіпорындары негізінен Ислам Респуб­ликасының солтүстігінде орна­ласқан. Тіпті ол бойынша Иранның Мұ­най министр­лігімен бірнеше келіс­сөздер жүргізіліп, жобаға инвестиция құюға дайын ірі компанияларды да тап­қан. Алайда айтылған мәселе сол күйінде қал­ды, әрі қарай іске аспады. Одан кейін 2018 жылы мұнай өңдей­тін жаңа зауыт Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында салынатын болып ұйғарылды. Тіпті болашақ кәсіпорын­ның құрылысына қажетті 170 гектар жер бөлініп те берілді. Құрылыс жұмыстарын «Абылайхан» ЖШС жүргізетін болып, ол сингапурлық «R Way Solution PTE Ltd» компаниясымен 300 млрд теңгеге келісімшартқа отырғаны жөнінде ақпа­рат таратты. Бірақ бұл дабыра да құ­ры­лыс басталмай жатып саябыр тапты. Сингапурлық инвесторлар бас тартты ма, әлде бізден шикілік шықты ма, әй­теуір алаулатып-жалаулатып жарна­ма­ланған құрылыстың соңы сиыр­құ­йым­шықтанып барып тынды. Сондай-ақ 2021 жылдың соңында Энергетика министрі Мағзұм Мырза­ғалиев Түркістан облысында жеке инвесторлар жаңа мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын, оның құрылысы 2023 жылы аяқталатынын мәлім еткен. Оның бірінші жобасы – Standart Рetroleum & Со. Зауыттың мұнайды қайта өңдеу қуа­ты 2 миллион тоннаға тең (бензин 260 мың тонна, дизель отыны 500 мың тон­на). Екіншісі – жылына 100 мың тонна көмірден қайта өңдеу арқылы синте­ти­калық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін «Стандарт Ресорсиз» жобасы. Бұған қоса, министр 2025 жылы Пав­лодар мұнай өңдеу зауытында гид­ро­тазарту қондырғысын реконструк­циялау жобасы жүзеге асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қыстық дизель отыны шығарылатын болды. Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар жүзеге асқан жағдайда мұнай өндіру көлемі 2,2 миллион тоннаға артып, жалпы 15,3 миллион тоннаны құрауы тиіс. Жобаға 148,5 миллиард теңге инвестиция құю көзделген.

Өнімді түбегейлі өңдемей табысқа кенелмейміз

Қазақстанда мұнай шикізатының аз бөлігін бензин және дизельді отын ретінде қолданады. Қазір бірқатар елдер бензиннің Еуро-8 стандартына көшкен. Ал біз әлі Еуро-2 стандартынан шыға алмай шырмалып жүрміз. Бұл бізде мұнай өңдеу саласының артта қалғаны­ның айқын айғағы. Республикада мұнай өңдеу техноло­гиясының ескіргені сонша – 1 тонна мұнайдан бар болғаны 300-350 келі жанармай алынады. Бұл көрсеткіш Ре­сейде – 600-700 келі, Еуропа мен АҚШ-та – 800-870 келі. Жалпы, мұнай-газды түбегейлі өңдеу Израильде, Германияда, Жапонияда жақсы дамыған. «Талдап айтатын болсақ, жалпы мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілі бар: біріншіден – айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және бас­қалар. Қазақстанда мұнайдан негізінен бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да әрі қарай қазбаламаймыз. Соның өзінде отандық кәсіпорындар ішкі нарықты жанар-жағармаймен то­лықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Ең өкініштісі, мұнай қоры көп бола тұра, бензинді, дизельді, ұшақтарға қажетті отынды көршілес Ресейден импорт­тай­мыз», – деп қынжылады химия ғылым­дарының докторы, профессор Қорлан Апсалықова. Мамандардың айтуынша, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу за­уыттарының жанынан міндетті түрде мұнай-химия өндірісі ашылады. Ол мұ­найдан қосалқы өнім алуына қолайлы. Өркениеті озған жұрттар мұнайдан кір жуғыш ұнтақтары, әртүрлі пласти­калық заттар, кеңсе құралдары, үй жи­һаздары тағы көптеген бұйымдар жаса­ла­ды. Бір ғана мұнайдан күнделікті өмірде қолданылатын 6000-нан астам тауар өндіруге болады екен. Мәселен, қазіргі өмірді полиэтилен қапшық, плас­тик ыдыстарсыз, ал құрылысты мұ­най өнімі – пластик есік-терезесіз, құбырсыз елестету қиын. Медицинада да, косметикада да мұнайдың үлесі елеу­лі: аспирин, вазелин, ерін далабын жа­сауда тағы басқалар. Балауыз шам мен түрлі-түсті парафин қарындаштар, пластилинді айтпағанда кәдімгі адам шайнайтын сағыздың құрамында да мұнайдың үлесі бар. Киім фабрикасында қолданылатын нейлон материалы – мұнайдың жемісі. Тіпті күн батареясы панелін жасауда да мұнайдан өңделген қоспа қолданылады. Мұнай экономиканың барлық сала­сымен дерлік сабақтасып жатыр. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды тереңдете өңдеп, түбегейлі ұқсатып, ен байлыққа кенелуде. Олар озық технологияның арқасында шикі мұнайдың 92-94 пайызынан дайын өнім алады, ал біз мұнайдың 90 пайызын шикі күйінде экспорттағанға мәзбіз. Мемлекет 2025 жылға қарай мұнай өндірісін 107,3 миллион тоннаға жеткі­зуді жоспарлаған. Былтыр тек 15 мил­лиондай тонна мұнайымыз өңделген, қалғаны шикізат күйінде шетел асты. Энергетика министрлігінің ақпаратына сенсек, биыл өңделетін көмірсутегі ши­кізаты 1,1 миллионға артуы тиіс. Оның өзі бензин, авиакеросин шығарумен байланысты. Кім біледі, мүмкін алдағы уақытта мұнайды түбегейлі өңдеуге түпкілікті көңіл бөлінетін шығар? Әйт­песе ен байлықтың текке рәсуа болып жатқаны өкінішті-ақ!