«Күш-қуат» күш беріп тұр
«Күш-қуат» күш беріп тұр
1,686
оқылды
Басқа түскен қиындық біреулерді қайта тұрмастай етіп, мұқалтып тастаса, енді біреулерді шыңдап, өмірге деген құштарлығын еселеп арттырады. Қарасайлық қайсар жігіт Асылбек Жалдыбаевты тағдырдың күтпеген сынағына қасқая қарсы тұра білетін сондай мықты жандардың қатарына ойланбастан қосуға болады. Ол жол-көлік апатынан соң ауыр жарақат алып, орнынан қозғалуы мұң болып қалғанына қарамастан, қалыпты тірлік үшін күресе білудің керемет үлгісін көрсетті. Өзі аяғына тұрып қана қоймай, Қаскелең қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Күш-қуат» атты спорттық оңалту орталығын ашып, тағдыр­лас­тарына көмек қолын созған. Кейіпкеріміз Асылбек Ша­малған ауылында 1984 жылы дү­ниеге келген. Әкесі – құрылысшы, анасы – невропа­толог-дәрігер. Отбасының үлкені ретінде со­ңынан ерген іні-қарындастарына өз ісімен өнеге болған ол Қас­ке­леңде орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы Абай атындағы университеттен заңгер маман­ды­ғы бойынша жоғары білім алған. Жол-көлік оқиғасына ұшырағанға дейін аудандық прокуратурада, қаржы полициясында сол маман­дығы бойынша еңбек етті. 2010 жылы аяқ астынан тап болған қайғылы жағдай оның тыныш өмірін күрт өзгертті. – Жап-жас, денсаулығыңа ша­ғым айтпай шапқылап жүрген шағыңда бір сәтте дәрменсіздікке душар болудан, ауыр жарақаттан соң денең икемге келмей қалудан асқан қорлық жоқ екен. Дәл сон­дай айналадан мүлде түңілген кезде отбасыңның қолдауы көп көмек­тесетіндігіне көзім әбден жетті. Әсіресе, қиналғанымда қа­сымнан шықпай, бар­лық ауырт­па­лықты бөліскен анам мен қа­рындасыма алғысым шексіз. От­басым жалғыз қалып құлазуыма, тірліктен тү­ңілуіме жол бермеді. Сөзбен де, іспен де демеді. Өзіме деген сенімімді оята біл­ді, – дейді өткен күндерге ойша саяхат­таған Асылбек. Дәрігерлерден ем-дом алып, олардың ақыл-кеңестерін тыңда­ғаннан кейін өзінің басына түскен күрделі жағдайда дәрі-дәрмекке се­нудің қа­жеті шамалы екендігін, тек қана ұзаққа созылатын оңалту ғана орнынан тұрғызатынын сезінді. Алматы қала­сында, Ресейде және тағы басқа елдердегі оңалту ор­талық­тарындағы түрлі сауық­тыру шараларынан өткеннен кейін жағ­дайы біршама жақ­сарды. Өз аяғына тұрған соң, осындай оңал­ту орталығын Қаскелең қала­сынан ашуды ойына алды. Бастамасын бірінші кезекте отбасы қолдады. «Бастау-Бизнес» жобасы бо­йын­ша оқыған «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы желісі бо­йынша қатысқан мемлекеттік бағдар­ламалардың көмегі тиді. Алғашқы тал­пынысы кезінде қол­дау білдірген аудан­дық филиалдың менеджер-кеңесшісі, Қарасай аудандық мәслихатының де­пута­ты Елена Константинова әлі күн­ге қолтығынан демеп келеді. Дәл осы Елена кәсіпкерлікке оқуға, ғимаратты жалға алуға, бизнес-жоспарын қорғап, грантқа қол жет­кізуіне мүмкіндігінше жәр­дем­десті. – Алғашында оңалту орта­­лығын басқалар сияқты жақын жан­дардың, оның ішінде інімнің немесе қарын­дасымның есімі­мен атағым келді. Ке­йіннен анам­мен ақылдаса келе, орта­лықтың аты мен заты сай болуға тиісті деген ше­шімге келдім. Адамдар жолық­қанда, өзара амандық-саулық сұрасқан­да, бір-біріне: «Құдай саған күш-қуат берсін...!» деп жатады емес пе!? Соған тоқталып, мүгедек жандарға күш-қуат ора­лып, сенімдері оянсын деген ниет­пен «Күш-қуат» деген атауға тоқталдым, – дейді Асылбек Жалдыбаев. Орталықтың жұмыс істегеніне 5 жыл болды. Негізгі жұмысы – жарақат алған, инсультке ұшыраған адамдарға көмек­тесу, оңалту қызметтерін ұсынады. Қызмет алушыларға Асылбек пен бірге өзі де өмірдің аса ауыр сынағынан сүрінбей өткен Рүстем Нұрманұлы, емдік дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушы Аида Толықбаева және тағы басқа ма­мандар көмектеседі. Орталықта барлығы 12 адам еңбек етеді. Мұндағылар тек оңалту шараларын көрсетумен шектелмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, қолжетімді бағада құрылғыларды дайындайды. Өнімдерін сатып алушылар қатарында басқа елдердің азаматтары да бар. Ор­талық үйдің жертөлесінде орналасқан­дықтан, кезінде өздері үшін электрлі пандус дайындау туралы ой келіп, оны да кешіктірмей жүзеге асырыпты. Қазір электрлі пандустары Қаскелеңдегі дү­кендерде, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қа­лаларындағы медициналық орталықтар­ға орнатылған. Сонымен бірге автокө­лік­терді мүмкіндігі шектеулі адамдарға лайықтап, қайта жабдықтаумен де айналысады. Асылбектің алға қойып отырған жоспары үлкен. Оңалту орталығына ­ар­нап үлкен залы, бассейні, иппотера­пия­мен шұғылдануға мүмкіндігі бар ғимарат салуды армандайды. Өз күшімен мақсатына қол жеткізе алмайтындықтан, мемлекет пен демеушілер тарапынан қолдау күтеді.