Қазақстандық спортшылар ауыр атлетикадан Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болды

азия

Ташкенттегі ауыр атлетикадан Азия чемпионатының соңғы жарыс күні 87 келі салмақта қыздар күш сынасты.

Ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, қазақстандық спортшы Айсамал Сансызбаева әрбір жаттығуда және қоссайыста күміс медаль жеңіп алып, тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

24 шілде күні ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар үш медаль жеңіп алған еді.

Жасөспірімдер арасында 102 келіде Никита Абдрахманов алтын медаль алды. Ол қоссайыста 354 келіні бағындырды.

Сондай-ақ, ол бұдан бұрын 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында күміс жүлдегер атанған болатын.

Ал 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Жолтай Санжар (102 келі), 20 жасқа дейінгі жастар арасында Динара Қыпшақбай (81 келі) қола жүлдеге қол созды.

Ал бұдан бұрын ел құрамасынан Едіге Емберді (73 келі), Әлішер Байбуров (67 келі), Денис Полубояринов (81 келі) алтын медаль алған болатын.

Сондай-ақ Надежда Ли (64 келі), Аружан Дәулетова (71 келі), Алексей Чуркин (73 келі) күміс медаль иегері атанды.

Ал Ерасыл Омаров (55 келі), Азамат Төлеген (61 келі), Егор Шерер (81 келі) қола жүлдегер болды.

Құрлықтық додаға ұлдардан – 13, қыздардан 9 ауыр атлет барды.

Азия чемпионаты кеше өз мәресіне жетті.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.