Жүргізушілер айыппұл төлеудегі жеңілдіктен айырылуы мүмкін - ІІМ өкілі
Жүргізушілер айыппұл төлеудегі жеңілдіктен айырылуы мүмкін - ІІМ өкілі
189
оқылды
Бір жылда бестен артық ереже бұзған қазақстандық жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 50 пайыз жеңілдікпен әкімшілік айыппұл төлеу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев түсіндіріп берді. "Қазір Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін бір жыл ішінде бестен аса әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға 50 пайыздық жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігін алып тастауға (...) түзетулер әзірлеп жатыр", - деді Мұраталиев ІІМ брифингінде. Базада тіркелген 3 миллион құқықбұзушылық арасында жүргізушілердің бес пайызы ЖҚЕ-ны бес реттен аса бұзғаны анықталған.
"50 872 құқықбұзушы жол қозғалысы ережесін бес-он, 14 мың адам он-елу, 197 адам елуден жүзге дейін, 50 адам 100-ден аса жол ережесін бұзған. Жол қозғалысы ережелерін бұзу санын азайту үшін осындай ұсынс енгізгіміз келеді. Мұны жүргізушіні жазалау үшін жасамаймыз", - деп түсіндірді Мұраталиев.
Оның айтуынша, көлік жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, ереже бұзуды жалғастырады, бұның нәтижесі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ол норма әлі енгізілмегенін және қарастырылып жатқанын айтты.
"Бұл бастама тек ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр. Бұл ұсынысты қоғам және басқа да мемлекеттік органдар талқылайды. Қазір норма қолданылмайды және заңға енгізілген жоқ", - деді ол.