Қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі отставкаға кетуге дайын ба, жоқ па? Алтай Көлгінов бұл сауалға жауап берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Халықпен есептік кездесу кезінде БАҚ өкілдері Алтай Көлгіновтен пара алды деп күдікке ілінген Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есілов туралы сұрады.
"Бәрі заңға сәйкес болады, заңда не айтылған болса, біз оны орындаймыз", - деп жауап берді Алтай Көлгінов.Айта кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есіловтің пара алу фактісін әшкерелеген болатын. Ол Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр ауданын абаттандыру бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға көмектескені үшін жеке компания өкілінен соңғы үлгідегі iPhone-ды пара ретінде алды деп күдікке ілінген.