Алматыда такси жүргізуші шетелдік әйелді алдап, әуежайдан қонақүйге апарғаны үшін 45 мың теңге алған, – деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуына қарағанда, қала тұрғынынан шетел азаматын аса қымбат бағамен жеткізіп тастаған жүргізушіге шара қолдану керектігі туралы өтініш түскен. Көп өтпей жедел іздестіру шаралары нәтиже беріп, жеке такси қызметін көрсетіп жүрген адамның кім екені анықталған.
«Бұл Алматы облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам әуежайдан Бөгенбай батыр көшесіндегі қонақүйге дейін тым жоғары баға айтып, шетелдік азаматшаны жаңылыстырған. Құқық бұзушыға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабы 1-бөлігі бойынша шара қолданылды», – дейді Мадияр Айтуғанов.Ал Қарағанды қаласында 53 жастағы ер адамның теміржол билетін сатып, билеті жоқтарды пойызға мінгізіп, делдалдық жасағаны анықталды.