Құрылыс қыркүйекте аяқтала ма?
Құрылыс қыркүйекте аяқтала ма?
Бүгінде құрылыс саласына айтылатын сын да, тағылатын мін де көп. Әсі­ресе білім нысандарының құрылысына келгенде кежегесі кейін тартып, сағызша созылатын жобалар аз емес. Бұл үрдіс Жамбыл облысында әдетке айналды. Естеріңізде болса, өткен жылдары Қордай ауданында жұмысына жүрдім-бардым қараған мердігерлердің мәселесі майшаммен қаралып, серіктестер сотқа берілген болатын. Алайда бұдан балаларға еш пайда келмей, қыркүйекте оқушылар ескі оқу орындарына оралып, үш ауысымда білім алғаны есте. Биыл да мектеп құрылысы шенділердің бас ауруына айналатын секілді.

Оқушылар қайта сергелдеңге түседі

Олай дейтініміз күні кеше облысқа жұмыс сапарымен келген Парламент Се­натының депутаты Бекболат Орынбеков «Арай» тұрғынүй алабындағы мектеп құрылысының сапасын сынап кетті. – Жаздың бел ортасынан асты. 1 айдан кейін балалар мектепке барады. Сол сәтте жаңа мектептің оқушыларға есігі айқара ашық тұруы қажет. Ал сіздер құрылысты қараша айында бітіреміз деп отырсыздар. Бұл алапта мектеп мәселесі бұрыннан өзекті. Аумағы кеңейіп келе жатқандықтан балалар саны күнде өсіп жатыр. Сонда қарашаға дейін бір ай олар қайда оқуы керек? Амалсыз ата-ана балаларын басқа мектептерге тасиды. Одан кейін қарашада қайта жаңа мектепке ауысу әке-шешеге де, оқушыға да оңай дейсіздер ме? Сондықтан жұмыс қарқынын күшейтіп, мектеп құрылысын қаркүйекке бітіруге тырысу қажет, – деді сенатор. Жалпы «Арай» тұрғынүй алабындағы 600 орындық мектептің құрылысын «БазисДорСтрой» ЖШС жүргізіп жатыр. Жоба құны 1 миллиард теңгеден асады. Бүгінде барлық қабаттарда бетон құю мен кірпіш өру, сылақ жүргізу сынды жұ- мыстар атқарылып жатыр. Алайда құрылыс қарқынына қарасаң нысанның жаңа оқу жылында бітпейтіні анық. Сондықтан биыл да балаларға бірер ай сергелдеңге түсуге тура келеді. Биыл облыста 22 білім нысанының құрылысын жүргізуге 7,6 миллиард теңге қаралған. Білім ошақтарының 7-сі пайдалануға берілсе, 10 мектептің құрылысы тек жыл аяғында бітеді. Ал 4,1 миллиард теңгеге 18 білім беру нысаны күрделі жөн­деуден өтіп жатыр. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов егер құрылыс жоспарға сай жүргізілсе 2 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар және 6 тозығы жет­кен мектептің мәселесі шешілетін айтады. Сондай-ақ мектептердің жаңа оқу жылына толықтай дайын болуына назар аударылып, кестеден кешіккен мердігерлерге қатаң жаза қолданылатынын атап өтті.

Балаларды кімдер тамақтандырып жүр?

Сондай-ақ осы облыста 2 197 орынды құрайтын 24 балабақша ашу көзделген. Алайда жыл басына бері 1 600 орынды 11 жекеменшік балабақша ғана пайдалануға берілген. Оған қоса білім нысандарындағы асхана мәселесі де билік өкілдерін алаңдатып отыр. – Оқу орындарының асханаларында кемшілік көп. Тараз қаласы мен аудандарға іс-сапарға шыққанда осы мәселені жіті бақылауыма аламын. Тиісті тұлғаларға талапты тапсырмалар жүктелді. Асханаларда жергілікті өндіру­шілердің өнімін тұтыну үшін кәсіпкерлермен де келіссөздер жүргізілді. Жаңа оқу жылында олармен келісімшарттар жасалады. Бұл тұста біз мектепке дейінгі балалардың да ас мәзірін жіті қадағалайтын бола- мыз, – дейді Нұржан Молдиярұлы. Облыс әкімінің бұлайша алаңдауы бекер емес. Себебі облыстық мәслихат депутаты Сауле Рысбаева бастаған депутаттық топ бірқатар мектеп асханаларын тексеріп, талай сұмдықтың бетін ашқан болатын. «№10 орта мектепке барып, бұ­рын соңды көрмеген, естімеген, оқушыларға қауіпті жайларға тап болдық. Бұл мектеп асханасына «Соколовская» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетеді. Өткен жо­лы мектептің асханасын көргенге көзіміз ұялса, бұл жолы барлығымыздың ашуымызды тудырғаны соншалық ащы даусымыз шығып кетті. Себебі дәл бұлай жұмыс істеу балаларға жасалып жатқан қылмыс деп санаймын», – дейді депутат. «Бала – болашағың» дейді дана қазақ. Ал болашағымызға келгенде жауаптылардың өз жұмысына «жүрдім-бардым» қарауын түсіне алмадық. Сұлу сандарды қан­ша сөйлетуге тырысқанымызбен биыл да «баяғы жартас – сол жартас» бо­лып, қыркүйекте мектеп пен ата-ана қы­рық пышақ болғалы тұр. Себебі мектеп құрылысы бітпеген, асханамыздағы ас мәзірі үміттен гөрі күдікті ұялатады. Әрине қыркүйекке дейін кемшіліктер түзелер деп сенгіміз келеді...