Қазақ тілінің лексикалық қорында 361 мың термин бар, яғни тілімізге енген жаңа сөздердің 82 пайызын терминдер құрайды. Сәйкесінше, терминологиялық қор лексикалық қордан екі есе көп. Дегенмен аударылған ғылыми терминдердің барлығы бірдей қолданысқа еніп жатқан жоқ. Әсіресе, медицина атауларын қазақ тілінде сөйлету қиын. Себебі саладағы сөздер негізінен латын, грек тілдерінде аталып, бізге орыс тілі арқылы жеткен. Медицина саласына бар ғұмырын арнап, кейін саладағы терминдерді қазақшалап талай том сөздік жазған Мұхамбедия Ахмет-Төренің айтуынша, терминдерді аударуда әлі бірізділік жоқ. Медицинаны жетік білгенмен, қазақ тілінің заңдылықтарын онша білмейтін маман күнделікті ауызекі тілдегі қарабайыр сөздерді терминге зорлап жапсырады. Медицина саласында әлемдік санаға сіңіп, баршаға түсінікті болып кеткен терминдер бар. Солардың бәрін жаппай қазақшалау қате аударма мен оғаш терминдердің дүниеге келуіне әсер етіп отыр. Мысалы, әлемге ортақ термин «операция» деген сөзді «ота» деп аударып жүрміз. Алайда қазақ отап тастау, шауып тастауды «ота» дейді. Ағашты шауып, бұтақты отаймыз. Хирургияда тек ампутацияны «отау, кесу» деп аударамыз. Олай болса операцияны «ота» деу – қате. – Бір журналист теледидардан: «сырқатты науқасынан айықтыру үшін ота жасалды» деп айтып тұр. Тіл біледі деген мамандарымыздың өзі ауру деген не, ауыру не, ауырсыну не екенін ажыратпай айта салады. Ауру – болезнь, ауыру – заболеть, ауырсыну – чувствовать боль. Бүгінде орыстың «болезнь» мен «больной» сөздерін ажыратпайтын болдық. Мысалы, алтыншы палатада ауру жатыр дей салады. Сонда ол жерде бронхит, гастрит, яғни «болезнь» жатыр ма? «Больной человек» дегеніміз – науқас. Хирургті де «оташы» дей салдық, – деді Мұхамбедия Ахмет-Төре. Иә, медицинада қате аударылған терминдер көп кездесіп жатады. Жақында ғана мемлекеттік ресми сайт «Эмоциональное выгорание» сөзін «Эмоционалды күйіп қалу» деп жариялады. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың пікірінше, қазақшаға аударылған термин сөздердің медициналық сөздігі бар болса да, ондағы сөздерді толығымен қолданысқа енбеген. – Сөздіктің ішінде кейбір дәрігерлер білмейтін сөздері де кездеседі. Аударылған терминдер түгелімен медицинада қолданысқа еніп жатқан жоқ. Себебі біздің дәрігерлерге сөздерді қазақша қолданғаннан орысша жеткізген оңай. Сондықтан медицинадағы терминдердің барлығын жаппай аудара беруге болмайды. Бүкіл әлем қолданатын ортақ сөздерді латынша қалдыру керек, – дейді Жұпар Наханова.
Қазақша оқып, орысша термин қолданады
Шыны керек, медициналық оқу орындарындағы қазақша оқулықтардың тілі нашар болғандықтан, студенттердің көбі ғылыми ұғымдарды түбегейлі түсіне алмайды. Сондықтан да қазақ тілінде білім алатын студенттер орысша оқуға мәжбүр. Ол аздай «Терминком бекітті» деген медициналық терминдердің 95 пайызы орыс тілінде. Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, медицина тілі – техникалық тіл. Сондықтан латын тіліндегі терминдерді тұрмыстық тілмен қазақшалау қате. Мысалы, гепотитті «сары ауыру» деп аудару дұрыс емес. Гепотит «гепотит» болып қалуы керек. Пневмонияны «өкпе қабынуы» деп тұрмыстық тілде айту да қате. – Менің ойымша, қазақ тілі латын қарпіне ауысса ең алдымен медициналық терминдердің қолданысына тиімді болар еді. Терминдердің сол күйі кірігуі дәрігерлер шетелдегі әріптестерімен байланысқанда, екіншіден, біздің азаматтар өзге елге барып емделгенде түсінісуді жеңілдетеді. Медициналық жоғары оқу орындарындағы студенттер термин сөздерді қазақша, латынша және орысша бірдей оқудан қиналып жатады. Сондықтан терминдерді бір тілде жүйелеуіміз қажет, – дейді Мыңжылқы Бердіқожаев. Негізі Ұлттық терминология саласы 20-30-шы жылдары керемет даму кезеңінен өтті. А.Байтұрсынұлы, Ж.Күдерин, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы және басқа да ғалымдар қазақ тілінің алғашқы қағидаттарын қалыптастырып, алғашқы оқулықтарын жазып кетті. 1927 жылы Мәскеуде Х.Досмұхамедұлының қос оқулығы: «Адамның тән тірлігі» және «Табиғат тану» араб қаріпті төте жазумен басылып шықты. «Адамның тән тірлігі» оқулығында медицина саласында қолданылатын 467 төл термин келтірілген, олар қазақтың нағыз қаймағы бұзылмаған сөздерінен алынған. Қазіргі таңда Х.Досмұхамедұлының терминдерін қолданыста жүрген медициналық терминдермен салыстырып қарағанда біздің таза қазақ тілінен қаншалықты алшақтап кеткеніміз көрініп тұр. Мысалы біз «полушария большого мозга» деген терминді «үлкен мидың жартышарлары» деп жүрміз, ал Х.Досмұхамедұлы «ми сыңары» деп алған, ал «гладкие мышцы» сөзін «тегіс ет» деп төл терминдер тудырып тапқырлық жасаған. Егер терминдерді ана тілімізде ұтымды аударатын болсақ, кірме сөздер жатсынбай бірнеше жылда қолданысқа еркін қосылып кететін еді. Бірақ қазіргі жағдайда сала мамандары бас ауыртпай медициналық терминдердің 95 пайызын орыс тілінде қалай жазылған болса сол күйінде көшіре салады. Салдарынан дәрігер мен науқас, студент түсінбейтін, қолданбайтын терминдер салада қаптап жүр. Бұл терминдерді ұсынған кісілер сол баяғы «қазақ сөздері термин жасауға жарамайды», «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген ұстанымдарды басшылыққа алған болса керек. Енді сол терминдердің бәрін қазақ термині деп қабылдаймыз ба? «Шеттен қабылданған сөздердің бәрін қазақ тілінің заңдылықтарына көндіріп, ылайықтап алу керек» деген Алаш зиялылары айтып кеткен қағидаттар қайда қалды?Салалық сөздік керек
Медицина – көп салалы ғылым. Әр саланың өзіне ғана тән мамандандырылған сөздері бар. Сондықтан ғылыми ұғымдарды тәржімалайтын маман тек қазақ тілінің заңдылықтарын терең түсініп қана қоймай, өз мамандығын толық меңгерген болуы шарт. Соңғы кезде медицина атауларын орыс тілі арқылы емес, тікелей латын, ағылшын тілдерінен аудару қажет деген пікір жиі айтылып жүр. Ғалымдардың бұлай дабыл қағуының басты себебі, 1982 жылы басылып шыққан «Орысша-қазақша медициналық сөздіктегі» «А» әрпінде 720 термин келтірілсе, соның төртеуі ғана қазақ тілінде берілген. – Мәселе сөз жоқтықта емес, өзімізде барды жарқыратып көрсете алмауымызда болса керек. Бұған біздің шұбарланып кеткен санамыз жол бермейді, осы күнге дейін біз медициналық сөздіктердің бәрін орысша-қазақша медициналық сөздіктер деп айтып келдік. Бірақ бұл сөздер орыс сөзі емес, латынша, грекше терминдердің орысша транскрипциясы. Орыс тілді терминдермен біз халықаралық аренаға шыға алмаймыз, себебі ғылым тілі латын негізіндегі ағылшын тілі. Шет елге барып «аборт» десек ешкім түсінбейді, оны «абортус» немесе «абортейшн» деп атауымыз керек, – дейді С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры Жауғашты Ахметов. Профессордың айтуынша, орыс ғалымдары өз терминдерінен қашып жатыр. 2012 жылы Прагада онкология саласының Халықаралық конгресі болды. Сол жерде біз қимай жүрген «рак» (қатерлі ісік) термині қолданылған жоқ. Ресейліктердің өзі баяндамаларында ракты «карцинома» деп атады, міне, нағыз халықаралық термин осы. Біздің онкологтар әлі де сол қатерлі ісікті «рак» деп, кейбір ғалымдар «обыр» деп атап жүр. Олай болса, медицинаның салалары бойынша сөздік шығару мәселесін көтеретін мезгіл жеткен сияқты. Ол үшін педиатрия, терапия, акушерлік пен гинекология саласының дәрігерлері тіл мамандарымен бірігіп жұмыс істеуі керек. – Қазақстанда медицина саласы бойынша ақысыз-пұлсыз термин аударып жүрген ұлты қазақ азаматтар мен азаматшалар аз емес. Олар ешкімнен марапат та күтіп отырған жоқ. Тек кемшілік, осы терминдерді жасау әртүрлі жағдайда жүріп жатыр. Әсіресе, оқулықтар жазып жатқан оқытушы-ғалымдар бір-бірімен толық байланыспайды. Ал, әртүрлі медициналық жоғары оқу орындарындағы терминологиялық топтар тиісті деңгейде бұл мәселені шеше алмай отыр, – дейді Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Марат Оспанов. Ендеше, медицина саласы бойынша қолданыстағы сөздікті қайта қарап, түзетіп шығару қажет. Әйтпесе том-томдап қолданысқа енбейтін термин аударғаннан салаға келер серпін аз.