Тәшеновтің атымен аталады
Тәшеновтің атымен аталады
973
оқылды
Түркістан облысы Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті Шымкентке көші­ріліп, оған қоғам қайрат­кері Ж. Тәшеновтың есімі берілді. 23 жылдан бері Түркістан облысының шалғай ауданы Жетісайда ауыл жастарын білім нәрімен сусындатып жүрген жоғары оқу орны енді үшінші мегаполистегі бұрынғы «Жібек Жолы» университетінің ғимаратына қоныстанды. Енді «Сырдария» университетінің студенттері оқуын Шым­қалада жалғастырады. Ол үшін жатақханадан орындар да беріледі. «Шалғай өңірдегі университетті мегаполиске көшіру туралы Үкіметтен, салалық министрлік тарапынан ұсыныс түскен болатын. Көшіріп, атауын өзгерту міндеттелген. Бірнеше атау қарастырылып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке тоқтадық. Министрлік бір ауыздан қабылдады. Әзірге «Жібек Жолы» университетінің ғимаратын жалға алып отырмыз. Келешекте университет қалашығы салынады», – деді университет ректоры Қанат Байболов. Оқытылатын мамандықтар бойынша бұрынғы лицензиялар осы университетке қайта ауыстырылыпты. Бүгінгі таңда жоғары оқу орны 13 бағыт бойынша 31 мамандыққа, магистратураның 5 бағыты бойынша 6 мамандыққа білім беру құқығына ие. Ректор Мемлекет басшысының тапсырмасына сай техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлініп жатқанын айтады. «Сол себепті қазір техникалық мамандықтар ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 9 бағыт бойынша жаңа мамандықтар ашылады. Ол үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының даму бағдарламасы сараланып, еңбек нарығы жан-жақты зерттеліп жатыр. Өңірдегі жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізуді бастадық. Жаңа оқу жылынан бастап техникалық мамандықтарды қосамыз деген үміттеміз. Біз бәсекеге төтеп беретін маман даярлауға жұмыс істейміз», – деді Қанат Сейітжанұлы. Қазақтың көрнекті қайраткері Жұмабек Тәшенов Қазақстанның бес облысын Ресейге беруге қарсы шыққан тұлға. Сонысымен бірге мақта егетін аудандарды Өзбекстанға, Маңғыстау түбегін Түркіменстанға беру туралы шешімге тойтарыс беріп, осылайша қазақ жерінің тұтастығының сақталуына орасан зор ықпал етті. Осындай алып тұлғаның атындағы университет атану оқу ордасы үшін өте үлкен мәртебе. Енді Жаңа Қазақстанда қазақ елінің бір туар тұлғасының атына ие болған жаңа университет биыл жаңа оқу жылын алдына үлкен міндеттерді жүктеп, бастағалы отыр. Бұл орайда, шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу де қолға алынбақ. Ауылшаруашылық мамандығы бойынша Иерусалимдегі Еврей университетімен, Пенсильвания штатының университетімен және Кембридждің Орталық Азия форумымен бірлескен білім бағдарламалары түзіліп жатыр.