Өңірлерге көңіл бөлінбек
Өңірлерге көңіл бөлінбек
©egemen.kz
260
оқылды
Түркістан облысында Ана мен бала орталықтары жоқ. Шалғай аудандарға перинаталдық орталықтар да керек. Медицина саласында кадр тапшылығы да өзекті. Өңірдің денсаулық ісіндегі өзекті мәселелері Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың аймаққа жұмыс сапары кезінде айтылды. Еліміздің бас дәрігері Түркістан облысында тұрғындарға осы және басқа да осы салаға қатысты қордаланған мәселелерге жауап беріп, өңірдегі бірқатар медицина­лық мекемелерді, жаңадан салынып жатқан нысандарды аралады. Еліміздің бас дәрігері алдымен жаңадан бой көтерген жедел медициналық жәрдем стансасына барды. Жедел жәрдем стансасы 25 бригадаға арналған. Айта кетейік, өңірде 140 жедел медициналық жәрдем бригадасы шақыртуларға қызмет атқарады. Санитарлы автокөліктер дефибриллятор, кардио­стимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф және өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппарат­тармен қамтылған. Одан соң, Денсаулық сақтау министрі жаңа технологиямен жабдықталған «Қам­қор­лық» балалар оңалту орталығында бол­ды. Орталықта 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты­ның ақауы бар науқас балаларға көмек көр­сетіліп жатыр. Заманауи үлгіде жасақ­тал­ған оңалту орталығы 50 күндізгі және 10 тәуліктік төсек орынмен жабдықталыпты. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механо­терапия, бальнео­терапия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру және ойын бөлмелері де бар. Сондай-ақ сапар барысында министр Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Ондағы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын және балалардың ерте жастағы бақылауын қадағалайтын әмбебап прогрессивті моделі бойынша жұмыс жасайтын кабинеттерді көрді. Бүгінде қалалық емхана 94322 тұр­ғынға медициналық көмек көрсетеді. Ем­ханада 8 отбасылық-дәрігерлік орталық бар. Емдеу мекемесінде консультативтік-диагностикалық, жедел жәрдем бөлімше­лері қызмет атқарады. Айта кетейік, Түркістан қалалық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшіпті. Еліміздің бас дәрігері жұмыс сапары барысында 48 мың адамға қызмет көрсететін Отырар ауданының орталық аудандық ауруханасында болды. 750 медициналық қызметкер қызмет атқаратын орталықтың тыныс-тіршілігімен танысқан Ажар Ғиниятқызы автоматтандырылған дәрі­хана-тарату пунктін де көрді. Бұл аппарат, ең алдымен, пациенттерге дәрі-дәрмектерді тәуліктің кез келген уақытында, медицина қызметкерлерінің қатысуынсыз өз бетінше алуға, адам факторын қоспағанда, АДҚ тізбесі бойынша дәрі-дәрмектерді бөлудегі ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен. Министр цифрландыру жөнін­дегі құрылымдық бөлімшеге осы тәжірибені зерделеуді және пилоттық жоба ретінде енгізуді тапсырды. Медицина мекемелерін аралау кезінде мамандар өздерін толғандырған мәселелерді де айтып қалды. Мәселен, өңірдегі барлық жедел жәрдем стансасындағы 140 бригада жылына 70 мың шақыртуға шығады екен. Дегенмен халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшін тағы бригадалар ашу қажеттігі туындап отыр. «10 мың халыққа 1 бригада деп есептелген. Ал Түркістан облысында қазіргі кезде 2 млн 75 мың халық тұрады. Яғни, 207 бригадамен қамтылуы керек. Қазір бізде бар болғаны 140 бригада жұмыс істеп жатыр. Ауылдық елді мекендер­дегі амбулаторияларда 1-2 бөлмені жалға алып, бригадаларды орналастырып қойған­быз», – деді Түркістан облыстық Жедел көмек стансасы басшысының орынбасары Ақайша Аманжолова. Аймақтағы тағы бір мәселе, Түркістан қаласындағы жаңадан салынып жатқан облыстық клиникалық аурухана құры­лысының тоқтап қалуы екен. Бұл мәселеге қатысты министр қазір қаржы мәселесі қарастырылып, құжаттарын рәсімдеу процесі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Еліміздің бас дәрігері сондай-ақ облыс тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын тыңдады. Ажар Ғиниятқызы облыс басшылығымен кадр тапшылығы мәселесін шешу жайы талқыланғанын жеткізді. «Өңірге жыл сайын жүздеген дәрігер келеді. Одан бөлек, бұрын облыс орталығы болған көршілеріңіз Шымкент қаласына да дәрігерлер көптеп келіп жатады. Енді тек сол жас мамандарды бау­лып, елге сіңісіп кетуі үшін оларға көмектесу керек. Ол жергілікті атқарушы органдардың жұ­мысы болып табылады», – деді ол. Облыста медицина саласында жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқаны рас. Министр сонымен бірге Түркістан облысында өлім-жітім көрсеткішінің 10 пайызға төмендегенін, соңғы 6 айда ана өлімінің тіркелмегенін, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында перзентхана салынатынын, 2023 жылға қарай дәрігер­лердің орташа жалақысы 531 мың теңгеге, орта медицина қызметкердерінің жалақысы 250 мың теңгеге дейін жететінін жеткізді. Алдағы уақытта да аймаққа министрлік тарапынан көп көңіл бөлінбек.