Ақылы оқу арманға айналды
Ақылы оқу арманға айналды
5,966
оқылды
Ақылы оқу бағасы аспандап барады. Оқу ақысын өздері белгілейтін оқу орындарының бұл жаңалығы жығылғанға жұдырық болып тұр. Өйткені ауыл квотасына кірмейтін мамандықтарға тапсырған түлектер білім грантына ілінбесе, ақылы негізде оқуға мәжбүр. Мәселен, Алматы облысының тұрғыны Азылзат таңдау пәні ретінде биологияны таңдаған. Болашақта биолог немесе медицина маманы болуды мақсат тұтқан ол ҰБТ-дан 80 балл ғана жинапты. Ендігі жерде білім грантына тапсыруға мүмкіндік аз, ал ақылы оқу бағасына ата-анасының айлығы жетпейді. Амалдың жоқтығынан қарыз алып, қатарынан қалдырғысы келмейтін ата-аналар «Қазақстандағы халықтың барлығы бай-бағлан емес қой. Ең болмаса білім алудың құнын қалыпты ұстап отыруға болмас па?» деп ашынады.

Оқу құны қалта қағады

Елімізде биыл 154 мың талап­кер Ұлттық бірыңғай тестілеу тап­сырған. Соның ішінде түлек­тердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тес­тілеуден өтті. Оның қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмады. Айта кетсек, биылғы оқу жылындағы ҰБТ-ның орташа балы 66 балды құраса, ең жоғары балл – 139 балл. Енді, осы 154 мың талапкерге мем­лекет 73 мыңға жуық грант бөл­ді. Сонда елдегі 81 мың та­лап­кер ақылы түрде білім алады деген сөз. Осыны жақсы білетін жоғары оқу орындары білім құнын қа­лауынша өсіріп келеді. Жыл­дағы­дай биыл жоғары оқу орын­да­ры­ның бірқатары оқу құнын кемінде 10 пайызға өсірген. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұл­тан қаласындағы бірнеше университеттің оқу құны біршама өскенін аңғаруға болады. Атап айтсақ, Нұр-Мүбарак универси­тетінің ақылы бөлімінде оқитын­дар жыл сайын 465 мыңнан 590 мың теңге аралығында ақша тө­леуге міндеттелсе, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бір жылдық оқу құ­ны биыл 550 мың теңгеден 610 тең­ге аралығын құрап отыр. Т.Жүр­генов атындағы Өнер ака­демиясын таң­дағандарға да ақылы оқу қалтаға біраз салмақ салатын түрі бар. Себебі бұл оқу орнының оқу құны 595 мың теңгеден бастап 987 мың теңге аралығында. Ал оқу ақысын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1 мил­лион-1 миллион 200 мың тең­­геге, Сүлеймен Демирел атын­дағы университет – 1 миллион 300 мың теңгеге, М.Нәрікбаев атын­да­ғы ҚазМЗУ – 1 миллион 200 мың –1 млн 350 мың теңгеге белгіленген. Елдегі оқу құны ең қымбат делі­не­тін оқу орындарының бірі КИМЭП Университетінің сту­дент­тері 3 миллион 500 мың теңге төлеп білім ала алады. Өйткені мұн­да студенттерге жеңілдік жүр­мейді. Бірлі-екілі оқу орында­рын­да ғана болмаса, көбісінде ақылы бөлім студенттеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Тес­тілеуден жоғары балл жинай ал­мағандар Назарбаев универ­си­те­тінде білім алғысы келсе, жылына 8 миллион теңге төлеуі тиіс. Аймақтағы оқу орындарының өзінде білім құны шарықтап бара­ды. Айталық, Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы университеттің оқу құны 600 мың теңге, Қарағанды медицина университетінің ақылы бөлімінде білім алатындар биыл жылына 970 мыңға дейін шығын­дауға тура келмек. Ал Ақтөбедегі ме­дицина университеті сту­дент­те­­рінің оқу ақысы бірден 200 мың тең­геге қымбаттаған. Мысалға, бұ­ған дейін жыл сайын оқу ақы­сына 790 мыңнан төлеп келген студенттер енді талап бойынша 1 миллионнан төлеуі керек болады.

Ауылдық квотадан қайран жоқ

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтырдан бастап гранттарды бөлу кезінде әлеу­мет­тік осал отбасынан шыққан бала­ларға университетте оқуға квота енгізу көзделген. Сонымен қатар осы жылы ауыл мектептері түлек­терінің жоғары білім алуға қол­жетімділігін қамтамасыз ету мақ­сатында олардың квотасы 35 пайызға дейін ұлғайтылған. Бұған қоса техникалық бағыттарға ба­сымдық пен қолжетімділікті ке­ңейту үшін техникалық маман­дықтарға арналған гранттардың үлесі 40 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл бойынша білім сапасы төмен өңірлердің талапкерлеріне техникалық ба­ғыттар бойынша қосымша 10 мың нысаналы грант бөлінеді. Алай­да бұған дейін айтып жүргендей, ауылдық квота ҰБТ нәтижелеріне балл қоспайды. Десе де, квота бол­­ған жағдайда грант алу мүм­кін­дігі мамандық бойынша грант­қа үміт­керлердің санын азайту есебінен артады. Сонымен бірге талапкер университетке ауылдық квота бо­йынша оқуға түссе, 3 жыл­ға дейін оны өтеуі тиіс. Бұдан бөлек, Білім беру ережесіне сәй­кес, ауыл кво­тасына қойылатын шектеулер бар. Мәселен, ауылдық квота ауыл­ды дамыту үшін ма­ңыз­ды бо­л­ып табылатын білім беру бағ­дарламаларына белгіленеді. Алматы облысы Жамбыл ау­да­­нының тұрғыны Рая Құл­ма­но­ваның айтуынша, ауылдық кво­таның саны өсті деп бөрікті ас­панға лақтыруға әлі ерте. Өйткені физика-математика пәнін таңда­ғандарға таңдау жоқ. «Қызымның таңдау пәні – физика болды. Сол үшін біз техникалық мамандық­тарды іздестірдік. Сөйтсек, бұл мамандықтарға ауыл квотасы аз бөлінеді екен. Мысалы, М.Ты­ныш­паев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар акаде­миясында техникалық маман­дыққа қатысы бар екі факультетте ғана ауылдық квота беріледі. Ал Алматы техникалық универси­те­тінде ауылдық квота деген атымен жоқ. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің мамандықтарына да ауыл квотасы жүрмейді. Спорт және туризм ака­демиясы, Satbayev University, Ал­маты энергетика және байла­ныс университеттерінен де ауыл­дық квотаны таппадық», – дейді Рая Құлманова. Профессор Рахман Алшанов жоғары орындардың басты мін­деті – жақсы маман дайындау екенін айтып отыр. Болашақта жұмыс берушілерге қайдан шық­қаның маңызды емес, білікті ма­ман болғаныңа мән беріледі. «Бә­секе артқан сайын білікті ма­мандардың тапшылығы қатты сезіле береді. Бізде қазір 7440 мек­теп бар, соның ішінде 5262 ауыл­да орналасқан, 3809 қазақ мек­тептің 3065-і ауыл­да, демек ола­р­дың 80,5 пайызы ауылда ор­на­ласқан. Бүгінде 576,6 мың сту­денттердің 487,6 мыңы қазақтар. Байқап отырсам, орыс бөліміне қарағанда қазақ үміт­керлердің алған ұпайлары 20-30-ға жоға­ры», – дейді ол. Оның сөзінше, ауылдың бала­рына бөлінген 35 пайыздық квота аз емес. Оның үстіне, талапкер­лердің әлеуметтік жағдайы еске­ріліп отыр. Ендігі жерде ата-ана­лар балалардың оқу деңгейіне көңіл бөлу керек. Осылай деген Рах­ман Алшанов: «Жаппай жо­ғары білім алу міндет емес. Басқа да жолы бар ғой. Төмен балл алса, колледжден бастасын. Ары қарай оқығысы келсе, жалғастыруға да мүмкіншілік аз емес», – деп отыр. Бұған дейін де ауыл мен қала баласының білім алудағы мүмкін­дігі туралы талай жаздық. Білім саласындағы сарапшылардың өзі білікті кадрлары аз ауыл мектеп­терінде қосымша білім алудың қиындығы, ол түгілі қаланың өзін­дегі қарапайым отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың білімі қатарластарынан кеш қа­лып қоятынын айтады. Өйткені табысы жақсы ата-аналар бала­ларын тереңдетіп білім беретін мектептерге береді. Оның үстіне қосымша білім беретін мекеме­лер­ді де таңдауға мүмкіндік мол. Ал ауыл баласында талап болға­нымен, мүмкіндік жоқ. Ал жыл сайын аспандаған оқу құнына қолы жетпей жүргендер көп. Өйт­кені көп арман болып тұрған әлгі белді университеттерде жағдайы бар отбасылардың балалары білім алады. Осылайша, әлеуметтік теңсіздік талапкердің үлкен өмір­ге басқан алғашқы қадамынан басталып жатқаны өкінішті-ақ.