Ақылы оқу бағасы аспандап барады. Оқу ақысын өздері белгілейтін оқу орындарының бұл жаңалығы жығылғанға жұдырық болып тұр. Өйткені ауыл квотасына кірмейтін мамандықтарға тапсырған түлектер білім грантына ілінбесе, ақылы негізде оқуға мәжбүр. Мәселен, Алматы облысының тұрғыны Азылзат таңдау пәні ретінде биологияны таңдаған. Болашақта биолог немесе медицина маманы болуды мақсат тұтқан ол ҰБТ-дан 80 балл ғана жинапты. Ендігі жерде білім грантына тапсыруға мүмкіндік аз, ал ақылы оқу бағасына ата-анасының айлығы жетпейді. Амалдың жоқтығынан қарыз алып, қатарынан қалдырғысы келмейтін ата-аналар «Қазақстандағы халықтың барлығы бай-бағлан емес қой. Ең болмаса білім алудың құнын қалыпты ұстап отыруға болмас па?» деп ашынады.
Оқу құны қалта қағады
Елімізде биыл 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған. Соның ішінде түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Оның қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық талапкер шекті балл жинай алмады. Айта кетсек, биылғы оқу жылындағы ҰБТ-ның орташа балы 66 балды құраса, ең жоғары балл – 139 балл. Енді, осы 154 мың талапкерге мемлекет 73 мыңға жуық грант бөлді. Сонда елдегі 81 мың талапкер ақылы түрде білім алады деген сөз. Осыны жақсы білетін жоғары оқу орындары білім құнын қалауынша өсіріп келеді. Жылдағыдай биыл жоғары оқу орындарының бірқатары оқу құнын кемінде 10 пайызға өсірген. Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше университеттің оқу құны біршама өскенін аңғаруға болады. Атап айтсақ, Нұр-Мүбарак университетінің ақылы бөлімінде оқитындар жыл сайын 465 мыңнан 590 мың теңге аралығында ақша төлеуге міндеттелсе, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бір жылдық оқу құны биыл 550 мың теңгеден 610 теңге аралығын құрап отыр. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын таңдағандарға да ақылы оқу қалтаға біраз салмақ салатын түрі бар. Себебі бұл оқу орнының оқу құны 595 мың теңгеден бастап 987 мың теңге аралығында. Ал оқу ақысын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1 миллион-1 миллион 200 мың теңгеге, Сүлеймен Демирел атындағы университет – 1 миллион 300 мың теңгеге, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ – 1 миллион 200 мың –1 млн 350 мың теңгеге белгіленген. Елдегі оқу құны ең қымбат делінетін оқу орындарының бірі КИМЭП Университетінің студенттері 3 миллион 500 мың теңге төлеп білім ала алады. Өйткені мұнда студенттерге жеңілдік жүрмейді. Бірлі-екілі оқу орындарында ғана болмаса, көбісінде ақылы бөлім студенттеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Тестілеуден жоғары балл жинай алмағандар Назарбаев университетінде білім алғысы келсе, жылына 8 миллион теңге төлеуі тиіс. Аймақтағы оқу орындарының өзінде білім құны шарықтап барады. Айталық, Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің оқу құны 600 мың теңге, Қарағанды медицина университетінің ақылы бөлімінде білім алатындар биыл жылына 970 мыңға дейін шығындауға тура келмек. Ал Ақтөбедегі медицина университеті студенттерінің оқу ақысы бірден 200 мың теңгеге қымбаттаған. Мысалға, бұған дейін жыл сайын оқу ақысына 790 мыңнан төлеп келген студенттер енді талап бойынша 1 миллионнан төлеуі керек болады.Ауылдық квотадан қайран жоқ
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтырдан бастап гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізу көзделген. Сонымен қатар осы жылы ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасы 35 пайызға дейін ұлғайтылған. Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл бойынша білім сапасы төмен өңірлердің талапкерлеріне техникалық бағыттар бойынша қосымша 10 мың нысаналы грант бөлінеді. Алайда бұған дейін айтып жүргендей, ауылдық квота ҰБТ нәтижелеріне балл қоспайды. Десе де, квота болған жағдайда грант алу мүмкіндігі мамандық бойынша грантқа үміткерлердің санын азайту есебінен артады. Сонымен бірге талапкер университетке ауылдық квота бойынша оқуға түссе, 3 жылға дейін оны өтеуі тиіс. Бұдан бөлек, Білім беру ережесіне сәйкес, ауыл квотасына қойылатын шектеулер бар. Мәселен, ауылдық квота ауылды дамыту үшін маңызды болып табылатын білім беру бағдарламаларына белгіленеді. Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Рая Құлманованың айтуынша, ауылдық квотаның саны өсті деп бөрікті аспанға лақтыруға әлі ерте. Өйткені физика-математика пәнін таңдағандарға таңдау жоқ. «Қызымның таңдау пәні – физика болды. Сол үшін біз техникалық мамандықтарды іздестірдік. Сөйтсек, бұл мамандықтарға ауыл квотасы аз бөлінеді екен. Мысалы, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында техникалық мамандыққа қатысы бар екі факультетте ғана ауылдық квота беріледі. Ал Алматы техникалық университетінде ауылдық квота деген атымен жоқ. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің мамандықтарына да ауыл квотасы жүрмейді. Спорт және туризм академиясы, Satbayev University, Алматы энергетика және байланыс университеттерінен де ауылдық квотаны таппадық», – дейді Рая Құлманова. Профессор Рахман Алшанов жоғары орындардың басты міндеті – жақсы маман дайындау екенін айтып отыр. Болашақта жұмыс берушілерге қайдан шыққаның маңызды емес, білікті маман болғаныңа мән беріледі. «Бәсеке артқан сайын білікті мамандардың тапшылығы қатты сезіле береді. Бізде қазір 7440 мектеп бар, соның ішінде 5262 ауылда орналасқан, 3809 қазақ мектептің 3065-і ауылда, демек олардың 80,5 пайызы ауылда орналасқан. Бүгінде 576,6 мың студенттердің 487,6 мыңы қазақтар. Байқап отырсам, орыс бөліміне қарағанда қазақ үміткерлердің алған ұпайлары 20-30-ға жоғары», – дейді ол. Оның сөзінше, ауылдың баларына бөлінген 35 пайыздық квота аз емес. Оның үстіне, талапкерлердің әлеуметтік жағдайы ескеріліп отыр. Ендігі жерде ата-аналар балалардың оқу деңгейіне көңіл бөлу керек. Осылай деген Рахман Алшанов: «Жаппай жоғары білім алу міндет емес. Басқа да жолы бар ғой. Төмен балл алса, колледжден бастасын. Ары қарай оқығысы келсе, жалғастыруға да мүмкіншілік аз емес», – деп отыр. Бұған дейін де ауыл мен қала баласының білім алудағы мүмкіндігі туралы талай жаздық. Білім саласындағы сарапшылардың өзі білікті кадрлары аз ауыл мектептерінде қосымша білім алудың қиындығы, ол түгілі қаланың өзіндегі қарапайым отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың білімі қатарластарынан кеш қалып қоятынын айтады. Өйткені табысы жақсы ата-аналар балаларын тереңдетіп білім беретін мектептерге береді. Оның үстіне қосымша білім беретін мекемелерді де таңдауға мүмкіндік мол. Ал ауыл баласында талап болғанымен, мүмкіндік жоқ. Ал жыл сайын аспандаған оқу құнына қолы жетпей жүргендер көп. Өйткені көп арман болып тұрған әлгі белді университеттерде жағдайы бар отбасылардың балалары білім алады. Осылайша, әлеуметтік теңсіздік талапкердің үлкен өмірге басқан алғашқы қадамынан басталып жатқаны өкінішті-ақ.