Қасиет қонған қара шаңырақ
Қасиет қонған қара шаңырақ
1,999
оқылды
Ақын, философ, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлы туралы аңыз да, ақиқат та көп. ХІХ ғасырда туған ақынның өмірі арпалысқа толы уақытпен тұспа-тұс келді. Ол туралы қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков: «Мен келдім музейіне жолым түсіп, Егілдім рухыңды сүйіп-құшып. Өмірдің жолдарында жар бола көр, Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп» деп жырлаған. Кез келген ұлттың фольклоры, әдебиеті мен тарихы, этномәдениеті, этнографиясы мен фәлсафасы оның мәдени мұрасынан көрініс табары белгілі. Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлы да өзінің әдеби, этнографиялық, фи­лософиялық, мәдени мұраларымен ұр­па­ғына өлмес бай мұра қалдырған жанның бірі. Оның тағы бір артықшылығы – ғылым мен дінді қатар ұштастыра білгенінде еді. Қоғамдық қайшылығы мол уақытта ғұмыр кешкен ақынның шығармашылық жолы да күрделі болды.

Жаңажолдағы музей қашан ашылды?

Павлодар облысы Баянауыл ауданын­дағы Жаңажол ауылында Мәшһүр Жүсіптің мавзолейі бар. Мавзолейді тамашалап, баба басына зиярат етуге келетіндер жыл он екі ай ағылып жатады. Біздің де бұл мавзолейге екі рет жолымыз түсті. Бірінде – Баянауыл ауданында іс-сапарға шыққанымызда ар­найы соғып, бата жасаған едік. Екінші рет – ақынның тұңғыш ұлынан тараған ұрпағы, шөбересі Абай Шарапиевпен сұхбаттасу үшін атаның қара шаңырағына арнайы бар­дық. Әуелі мавзолей басына соғып, ата­ға құран бағыштадық. Музейін аралап көр­дік. Біз келгенде шөбересі қара шаңы­рақ­тағы бұлақ басында жүр екен. Мұнда бұ­лақ­тың басын жаңарту үшін құрылыс жұ­мыс­тары қызып жатқан. Соның өзінде қара шаңырақты көруге келген қонақтардың қарасы қалың. Бұлақтың суынан дәм та­тып, ішке кірдік. Ол бізге Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі туралы мағлұматтарды кеңінен таратып айтып берді. Арғы-бергі тарихтан да сөз қозғады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұмырында үш ұл сүйген. Оның тұңғышы Мұхаммед Шарапи, екінші ұлы Мұхаммед Әбен болса, кенжесі – Мұхаммед Фазыл. «Бабамыздан өрген шөбере-немерелері бар. Біз тұңғыш ұлынан тарадық. Ортаншы ұлы өмірден ерте кетті. Ол 1921 жылы Таш­кентте мектепте мұғалім болып жүргенінде кісі қолынан қаза тапты. Артында ұрпағы қалмады. Кенже ұлынан да ұрпағы бар. Ба­бамыздың айтқан сөзі бар екен: «Бір балам бар өзіме жете туған, бір балам бар өзімнен өте туған, бір балам бар артымнан кете туған», – дейді Абай Шарапиев. Ескелді ауылындағы ғалымның қара шаңырағын қайта тұрғызған да шөберелері. Ал музей 1976 жылы Көпейұлының шығар­маларын, өмірін зерттеумен айналысқан зерттеуші Нағи Ахметов пен ақынның ұр­пақтары бастамашы болуымен ашылған. Алайда үй ішінен музей ашу да оларға оңай соқпаған сияқты. Діни кісі болды деп, бас­шылық тарапынан қарсылық көп болған секілді. «Алғаш 1965 жылдан бастап қана музей ашу туралы бастама көтеріле бастады. Нағи Ахметов Орталық партия комитетіне, Жа­зушылар одағы съезіне хат жазды. Қазақстан компартиясына да хат жолдады. Олар Кө­пейұлы діни адам деп қорқып, ат-тонын ала қашты. 1976 жылы бірінші мамырда Төлеу­бай Шарапиұлының үйінде Мәшекеңнің қолданған заттары қойылып, Жаңажол ауылында музейі ашылды» дейді шөбересі.

«Қара мес»-тің тарихы

«Баба қолжазбаларының бәрі тұңғышы Шарапи атамызда сақталды. Ол кісі осы үйде тұрған. Ол туралы жазушы Дихан Әбіловтің «Естелік» атты әңгімесінде жан-жақты жазылған. 1931 жылдың желтоқсан айы қарсаңында Ғабит Мүсірепов Баянауыл аудандық газетінің тілшісі Ғалым Малды­баевқа хабарласады. «Мәшһүр Жүсіп қай­тыс болды деп естідік. Қолжазбаларын ха­лық тәбәрік деп, жұлмалап алып кетіп жүр­месін. Тезірек оны бізге жеткізулеріңізді сұраймыз» дейді Ғабең. Онда Дихан Әбі­ловтің Баянауылда аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезі екен. Газеттің бас редак­торы: «Ғабең хабарласып жатыр. Дихан, сенің әкең ол кісінің ұлымен дос қой. Қол­жазбаларын алып келе аласың ба?» деп, оған тапсырма береді. Дихан үйге кеп, әке­сімен ақылдасады. «Әке, Мәшекең қай­тыс болыпты. Ол кісінің мұрасын Ғылым академиясы сұратып жатыр. Бұл тапсыр­маны маған тапсырды. Шәкең ағатайым маған бермеуі мүмкін. Сіз арнайы хат жа­зып беріңізші» дейді. Әкесі арабша төте жа­зумен хат жазып, қолына ұстатады. Қыс­тың күні екен. Қалың қар. Пар ат жегіп, Ескелдіге әзер жетеді. Бабамның «Қара мес» деген кітабын екі апта бойы көшіреді. Сөйтіп көшірме нұсқаны Ғабеңе жібереді. Арада үш жыл өткен соң, 1934 жылы Шарапи атам бүкіл мұрасын алып, Ғылым академиясына апарып тапсырады. Сол кітап егемендік алғанға дейін Ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорында шаң басып қалады. Біреулер тонаған деп те айтады. Тіпті кей беттерін жыртып алып кетіпті» дейді. Дихан Әбілов көшіріп жазған кітапты кейін аударып, екі томдық кітап қылып шығарған ғалым Сәрсенбі Дәуітов екен. 1970 жылы елеусіз қалып қойған кітапқа зерттеуші Нағи Ахметов пен Хамза Абдул­лин іздеу сала бастаған. Хамза Абдуллин деген мықты кісі болды. Ол Түркістан ле­гио­нында болған адам. Ол да бабамыздың мұрасын жинақтауға себепкер болған адам­дардың бірі. Сол кісіге Мәшһүр Жүсіптің кітаптарын бермей қойған. «Халық жауы» санаған. «Қара мес» әлі күнге сирек қол­жаз­балар қорында жатыр. Фазыл атамыз­дың ғалым балалары 2000 жылдан бастап, аударып, көп томдықты шығарды. Оған сол кездегі облыс әкімі Ерлан Арын көмектескен.

Көпейұлының киесі ұрды

Ол кісінің аманаты бойынша қайтыс болғаннан кейін жылдар бойы жерленбей, беті ашық жатқан. Шөбересінің айтуы бойынша ол кісінің қасиеті бөлек болған. Тіпті сол кісінің ерекше қасиетін көрген, сезген адамдардың естеліктері де бар. Ол кісі 1931 жылдың 27 қарашасында қайтыс болған. Өмірінен өтерінен бұрын өзіне жер таңдап, қабірін қаздырған. Қазіргі музей тұрған жерге екі құрылысшыны жалдап, екі бөлмелі зират салдыртады. Бір бөлмесіне өзі пайдаланған ат-арбасын, ертоқымын, киім-кешегі мен кітаптарын әкеліп, ыдыс-аяғы мен насыбайына дейін қойдырады. «Өз үйін мола болмасын, қонақ үй бол­сын» деп айтып кетіпті. Басына зиярат етуге келген кісілер осы бөлмеге қонып, баба­мызға «Құдай рақметіне алсын» деп үш рет айтса жеткілікті. Одан басқа ештеңе керек емес. Тіпті ол кісі өз заттарын қолдануға рұқсат берген. «Тек орнына қайта әкеліп қой­са болды» деп айтыпты» дейді шөбересі. Ол кісі өзінің қай уақытта дүниеден өте­тінін сезген. «Денем қырық жылға дейін шірімейді, оған кепілдік беремін. Қырық жылдан ке­йін тағы көрерсіңдер деп айтыпты. Шы­нын­да да, оның денесі 1931 жылдан 1952 жылға дейін ашық жатты. Бұл хабар Мәс­кеуге жетеді. «Айдалада Ленинге ұқсап, қазақтың бір шалы жатыр, алып тастаңдар» деп бұйырады. Сол кездегі Баянауыл ауда­нының бірінші хатшысы Кенжебай Макин деген кісі марқұмның қасиетін білген соң, біраз уақыт зиратты бұзғызбайды. Алайда, жоғарыдағылар «бұзбасаң, партиядан шы­ғасың» дегенге дейін барады. Қорық­қа­ны­нан аудандағы біраз белсенді кісіні жинап алып, басына барады. Іштерінде шенге қызығатын бір кісі қолына қайла алып, зиратты бұзады. Сол кісі кейін бір ай өтпей, бүйірінен суық тиіп, қиналып қайтыс бо­лады. Аудандық ішкі істер халық комис­са­риатының шендісі де жынданып, қырық градус аязда жалаңаяқ көше кезіп кеткен. Бірінші хатшы да суға кетіп өлді. Зиратты бұзуға қатысқандардың бірі аң аулап жүріп, өзіне оқ атады. Енді бірі ат жарыста аттың астына түсіп, мойны бұралып өлді» дейді шөбересі.

Бабаның болжамы тура келді ме?

Ол кісі өзінің өлімін болжаған адам. Одан кейін ашаршылықтың боларын да күні бұрын сезген. Сосын кеңестік өкімет­тің уақытша екенін де айтып кеткен. «Қазір елдер Мәшһүр Жүсіптің «Жетпіс жыл құдайсыздар билейді, отыз жыл ұры-қарылар басқарады, сосын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады» деген сөзін жиі айтып жүр. Бұл сөз қайдан шықты? Соның тарихын айтып берейін. Баянауылда Төлепберген Алдабергенов деген ақсақал болды. Бертінде қайтыс бол­ды. Сол кісі ұзақ жыл милицияда қыз­мет істеді. Зейнетке шыққаннан кейін басына суық тигізіп алады. Менингиттің ең ауыр түрімен ауырған ғой. Кейде есі кіресілі-шығасылы болып кетеді. Содан бірге қыз­меттес болған досы Рафик ақсақал Пав­ло­дарға апарып, облыстық ауруханаға жатқы­зады. Онда да көтеріліп, дәрігерлерді ұрып тастапты. Сосын амалсыз оның қол-аяғын байлап, жеке палатаға жатқызады. Бір есі кіргенінде, «осындай өмірдің маған керегі бар ма?» деп ойлап, одан да өлейін деп, үйіне хат жазып қалдырады. Ол хатты баласынан беріп жібермек болыпты. Құдай сақтап, сол күні баласы келмей қалады. Ақ­сақал ұйықтап кетсе, түсінде өмірі көр­меген Мәшһүр Жүсіп атаны көреді ғой. «Ор­талық мешітте атама ұқсайтын бір ақса­қал тұр екен. «Мәшһүр ата» деп жүгіре жө­нелдім. Мешіттің ауласынан үш ит қарсы атып шықты. «Ата» деп айғай салдым. «Әй, Төлепберген, қорықпа. Мешіттен қазір үш ақсақал шығады. Үшеуі де жас кезінде қас­қыр соққан аңшы адамдар, үшеуін де өл­ті­реді» деді. Айтқанындай, үш ақсақал шықты да, үш итті қолдарындағы таяқпен атып ұрды. Сөйтіп шошып оянып кеттім» дейді. Содан Төлепберген ақсақал ауруынан айы­ғып, тәуір бола бастайды. Дәрігерден сұ­ра­нып, үйіне қайтады» дейді Абай Шарапиев. Төлепберген ақсақал ауруханадан шық­қаннан кейін Мәшһүр Жүсіптің атқосшысы болған Иманғали ақсақалдың қолында жаз­балары бар дегенді естіп, сол кісінің үйіне барады. Имекең одан «арабша білесің бе?» деп сұрайды. Бір қағазды әкеліп оқы­тады. Бір дәптерін беріп, «осыны бір аптада аударасың, сосын екінші дәптерін беремін» деп айтқан екен. Ол аудармалар көп том­дықтың соңғы томдарына енді. «Имекеңнің Төлепберген ақсақалға айтқаны бар екен. Ол: «Атаның айтқан бір сөзі бар. Мен оны ешкімге айтпай жүр едім. Қызыл үкіметтің қауқарын білесің ғой. Соттап, атып жібереді. Мәшһүр Жүсіп атам бірде: «Мынау қызыл үкімет – уақытша үкімет. Бұл жетпіс жылда бір шіріп құлайды. Бұл – құдайсыздар үкіметі. Тағы бір қоғам келеді, ол ұры-қарылардың заманы. Отыз жылдан соң ол да құлайды. Сосын барып заман түзеледі» деп айтқан екен. Мұны Төкең жиі айтып жүретін. Осы сөз елге таралып кеткен. P.S.Бала сұрайтындар да, науқас жан­дар да атаға келеді екен. Батасын беріп, дертіне шипа сыйлаған сәті аз болмаған. Мәшһүр атаның қара қылышы болған. Ол қазір музейде сақтаулы тұр. Келіні Ақзейнеп сол қылышпен ұшықтап, әйелдерді босан­дырады екен. Әжеміз 1984 жылы 94 жасында қайтыс болған. Ол кісі Мәшһүр Жүсіптің ақтық демі біткенше келіндік міндетін атқа­рып, бар жағдайын жасаған. 1931 жылы баба қайтыс болғаннан кейін коллективтендіру басталғанда бәрін бір орталыққа көшіреді. Сөйтіп қара шаңырақ қараусыз қалады. Кейін бұл үй малшылардың қонысына ай­на­лыпты. 1951 жылы зиратты қайта жөндегенде осы үйдің жабдықтарын пайдаланған. Ірге­тасы қана қалған шаңырақты Абай Шарапиев Қастек дейтін інісі екеуі қайта көтереді. Содан бері бұл шаңыраққа бас сұға­тындар өте көп. «Әлі де ауласын жайқалтып, Лев Тол­стойдың «Ясная Полянасы» секілді ға­жайып шаңыраққа айналдырғым келеді» дейді шөбересі. Ол кісі қазір бабасы атындағы қорды басқарады. Сол қор арқылы қара шаңырақтың туын жықпай, ұстап отыр. Нұр-Сұлтан – Баянауыл – Нұр-Сұлтан