Кедендік салықтың салмағы
Кедендік салықтың салмағы
715
оқылды
Солтүстікқазақстандық диірмен иелері бидай экспортына кедендік баж салығын енгізу туралы мәселе көтеріп жүргелі бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ бұл мәселе әлі шешілер емес. Жергілікті билік те кедендік баж салығын енгізу ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кәсібіне кері әсер етеді деп есептейді. Әрі диқандар қазіргі қымбатшылық заманында бұл салық олар үшін жығылғанға жұдырық болғанын айтып байбалам салып жүр. Ұн өндіретін кәсіпкерлер өзге елдер Қазақстаннан бидай емес, ұн сатып алуға мүдделі болу тиіс деген пікірде. Көршілес Ресей мен Түр­кияда осындай тәжірибе бұрыннан бар. Сонда жергілікті диірмендерге өз жерімізде өсірілген бидай жет­кілікті болар еді. Соңғы кездері диір­­мендер бір уыс бидайға зәру болғандықтан көбі жабылып тын­ды. Жабылмағандары толық қуа­тын­да жұмыс істеп тұрған жоқ. Қан­шама адам жұмыссыз қалды. Өз мәселесін шешудің бір жолы ретінде астық экспортына кедендік баж салығын және жергілікті диір­мендерге астығын өткізген диқан­дарға субсидия төлеу туралы ұсы­ныс айтып жүрген диірменшілердің жанайқайын естір құлақ жоқ әзірге. «СевЕсильЗерно» ЖШС-ның коммерциялық директоры Таисия Колегова мен Тимирязев ұн үгу ком­бинатының директоры Иса Аллахяров барлық ұн өндіру­ші­лердің атынан осы мәселені қайта-қайта көтеріп жүр. «AMANAT» пар­тиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың Солтүстік Қа­зақстан облысына жұмыс сапары барысында «Полудинское» та­уар­лы-сүт фермасының директоры Мирахмед Гасанов осы мәселені қарастыру туралы базынасын жеткізген болатын. Бұл мәселе «AMANAT» партия­сы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту мәселелері жө­ніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды. Онда баян­дама жасаған Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орын­басары Жанат Тоқсанбаев жер­гі­лікті биліктің ұстанымын жеткізді. Билік басындағылар мұндай қа­дамға бару әлі ерте деген пікірде. «Біздің еліміз бірқатар халық­аралық міндеттемелерге ие және белгілі бір тауарларды қоспағанда, өзара сауда-саттық барысында экспорттық кедендік баж салығын қолданбайды. Мәселен, ТМД шар­тында бидайға қатысты баж са­лығын қолдану көзделмеген. Мұн­дай баж үшінші елдерге белгіленуі мүмкін, бұл ретте салық мөлшері 20 пайыздан аспауы және тонна­сы­на 60 еуродан кем болмауы тиіс», – деп түсіндірді Жанат Бекішұлы. Солтүстік өңірде өсірілген ас­тық экспортының 90 пайызы ке­дендік баж салығы қолданыл­май­тын елдерге шығарылады екен. Шенеуніктің пікірінше, Қазақ­станда астық экспортына кедендік баж салығын енгізу еліміздің фер­мерлеріне кері әсерін тигізеді. «Себебі, баж салығы енгізілсе, ас­тықты экспорттаушылар бидайдың бағасы қазіргідей 150 мың теңге болған кезде баж салығын шегере отырып сатып алуға мәжбүр бола­ды. Бұл диқандарға тиімсіз. Әрі ре­сейлік фермерлермен бәсе­ке­лестікке байланысты нарықты жоғалту қаупі бар. Бұған қоса, Сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық ко­миссия бидай мен ұнды (сәйке­сін­ше 550 мың тонна және 370 мың тонна) сыртқа шығаруға квотаны қайта енгізу туралы шешім қабыл­дады. Бұл шектеу 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Бұған дейін бидай мен ұн сатуға сәуір айынан 15 маусымға дейін кво­та енгізілген болатын. Бұл жағ­дай да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімін өткізуіне және оның өзіндік құнына теріс әсер етеді», – деді басқарма басшысының орынбасары. Оның үстіне, қазір шаруа­шы­лықтар егіс алқаптарының күтіміне көп шығынданып жатыр. Әрі ал­дағы күзгі орақ науқанына әзірлену қажет. Жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер сатып алуға қаражат керек. Олардың құны 30-дан 90 па­йызға дейін, жекелеген түрле­рін­де 3-4 есеге қымбаттап кетті. Осы­ны ескере отырып, басқарма шек­теулерді тым болмаса 1 тамыздан кейін алып тастау туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдапты.

Табысынан шығыны көп

Бидай өндірушілер мен экс­порт­таушылар да кедендік баж са­лығын енгізуге үзілді-кесілді қарсы. «Бұл – өте қиын сұрақ. Бір жа­ғынан отандық тауар өндірушілерді қолдау керектігі дау тудырмайды. Бірақ алдымен біз не көздеп отыр­ғанымызды ұғынып алуымыз қа­жет: отандық тауар өндірушілерді нарықтың басқа қатысушылары есебінен қолдағымыз келе ме? Әл­де өз нарығымызда тауардың бол­ғанын қамтамасыз еткіміз келе ме? Немесе біз осы жолмен бағаны тұ­рақтандыруды көздеп отырмыз ба? Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың бірде-бірінен: не Сау­да және интеграция министр­лігі­нен, не Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінен мардымды жауап ала алмадық. Бұл ойды жүзеге асыру тетіктері дәл осы көздеген мақса­ты­мызға тікелей байланысты ғой», – деген пікірін білдірді Қазақстан Астық одағы талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов. Ол Астық одағы жасаған сарап­тама нәтижелерімен де бөлісті. 2021 жылдың 5 айы ішінде Қазақ­станда 1 миллион 350 мың тонна ұн өндірілген. Ал биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 1 миллион 392 мың тон­наға дейін ұлғайған. Былтырғы 5 айдағы экспорт 538,7 мың тонна болса, 2022 жыл­дың сәйкес мерзімінде 748 мың тонна болыпты. «Біздің ұн өндірушілеріміз ша­ғымданып жүргенімен, сандар мүл­дем керісінше жағдайды көр­се­тіп отыр. Бұл – ресми статис­ти­ка­лық деректер. 1 маусымда ұн үгу кәсіпорындарындағы бидайдың қалдығы республика бойынша 490 мың тоннаны құраған. Енде­ше олар шикізатпен қамтылмай отыр деп айтуға негіз жоқ», – деді ­Ев­гений Александрович. Сондай-ақ олар ұнның ішкі және экспорттық бағасына талдау жүргізіпті. Оның нәтижесі көңіл көн­шітпейді. 2021 жылы экспорт­тық және ішкі көтерме баға ара­сын­дағы айырмашылық 71 дол­лар­ды құраған немесе І сұрыпты ұн­ның 1 келісі 30 теңгеге бағаланған. «Яғни ұн өндірушілер өз өнімін Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстанға қарағанда өз елімізге қымбатқа сатады деген сөз. Мұны қалай тү­сінуге болады? Ал өзге елдерге жеткізіп беру құнын азайтсақ, біз­дегі баға одан да жоғары болып шықпақ. Бұл сұраққа біз жауап ала алмадық. Сонда олар шығынмен жұмыс істеп жүр ме? Немесе ұн өндірушілер салықтан жалтарып отыр ма? Яғни, ресми түрде бір баға көрсетіліп, шын мәнісінде айыр­машылығы бойынша қолма-қол ақшамен есеп айырысуы мүмкін», – дейді Астық одағының өкілі. Олар жасаған талдау нәти­же­сінде Ресей мен Қазақстанның экс­­­порттық ұнының бағалары ара­­сындағы айырмашылық ресейлік өні­­мінің пайдасына тоннасына 53-тен 168 долларға дейін болып шық­қан. Яғни, дәл сол нарыққа Ре­­сей ұны біздікіне қарағанда қым­бат­қа сатылған. Ендеше басқа ел­дердің сатып алу қабілеті бар деген сөз.

Салық салу шешім емес

Астық одағы қазақстандық ұн мен бидайдың экспорттық бағасын да салыстырып көріпті. Бұл са­раптама нәтижесінде де диірмендер көрінеу шығынмен жұмыс істеп отырғаны анықталған. Астық одағының болжауынша, дәнді-дақылдар өндірісінің өзіндік құны биыл гектарына 130 мың теңгені құрамақ. Ал барлық ре­сурс­тар бірнеше есе қымбаттағаны ұдайы айтылып жүр. Гектарынан 12,5 центнер астық жиналса, оның өзіндік құны тоннасына 104 мың теңге болмақ. Бұған қоса, биыл Ре­сей Федерациясы рекордтық астық жинайды деп күтіліп отыр. Бұл бағаның 12 мың рубльге дейін құлауына әкеліп соғады. Қазақ­стан­да да биыл астық шығым­ды­лығы орташа деңгейден жоғары болмақ. Ресей астығы экспортының ашылуы да бағаның 180 мың тең­геден 150 мың теңгеге дейін күрт төмендеуіне жол ашты. Сарап­шы­лар күзгі орақ басталған шақта бидай бағасы 130 мың теңгеге дейін төмендейді деп жорамал жасап отыр. «Сондықтан ешқандай баж са­лығын енгізуге болмайды. Астық экспорттаушылар онсыз да «Азық-түлік келісімшарт корпора­ци­я­сы­на» өз өнімін өткізуге міндетті еке­нін ескерсек, жасырын баж са­лығын төлеп отыр деуге болады. Оның көлемі тоннасына 10-13 дол­лар шамасында. Ендеше баж са­лығы шын мәнісінде онсыз да бар. Қандай да бір шешім қабылдау үшін терең сараптама жүргізілуі тиіс. Нарық – зергерлік бұйым сияқ­ты, сантехникалық құрал-жаб­дықтарды қолдануға әсте бол­майды», – деп салыстырды сарап­шы Евгений Карабанов. 18 мың гектар егістік алқабы бар «Агротехника – Жамбыл» ЖШС директоры Олег Григорьев құрал-сайман, тыңайтқыш, басқа да қажеттіліктерінің бағасы 2-3 есе шарықтап кеткеніне тоқталып, нақты сандардан мысал келтірді. Экспорттық баж салығы енгізілсе, тоннасынан 30 мың теңге шығынға бататынын да ашып айтты. «Баға онсыз да құлдырап барады. Биыл бидайға жақсы баға болады деп күтіп едік, олай болмайын деп тұр. Кәсіпорында 120 адам жұмыс іс­тейді. Олар еңбекақысының аз­ды­ғын айтып шағымданып жүр. Бі­рақ біз жалақы мөлшерін ұл­ғайта ал­май отырмыз. Тыңайтқыш енді арзандамайды. Пестицидтер ке­­ле­сі жылы тағы қымбаттайды. Қо­сал­қы бөлшектер де солай. Сол­түс­тік Қа­зақстан облысындағы кә­сіп­­керлер­дің дені – ұн өнді­ру­шілер емес, ша­мамен 95 пайызы – ауыл ша­руа­шылығы тауарын өнді­ру­шілер. Олар не ексе соны орып, күн көріп отыр. Біз үшін тон­на­сына 30 мың теңге – өте қомақты сома», – деп дәйектеді өз сөзін Олег Георгиевич. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма­сының мәліметінше, жыл басынан бері өңірден 762,5 мың тонна астық экспортталған. Солтүстік Қазақ­стан облысында өндірілген бидай­ды өткізудің басты нарығына Өз­бекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан сияқты Орта Азия елдері жа­тады. Биыл қаңтар-ақпан ай­ла­рында және наурыз айының ба­сын­да көршілес Ресейден 39,9 мың тонна бидай әкелінген (2021 жылы – 203 мың тонна). 1 шілдеден бас­тап Ресей Федерациясы астықты шығаруға салынған тыйымды алып тастады. Ресейде бидайдың бір тоннасына кедендік баж салығы 4 600 рубль (79$), арпаға – 3 307 рубль (57$), жүгеріге –2 168,8 рубль (37$). Қазақстанда мұндай баж салы­ғы әзірге жоқ, әрі таяу арада енгі­зі­ле де қоймасы анық. Бұл жерде мүдделер қақтығысы орын алып отырғандықтан, билік басын­да­ғы­лар арба да сынбайтын, өгіз де өл­мейтін шешім қабылдауы тиіс.