Қызметкерінен пара алмақ болған басшы қылмыс үстінде ұсталды
Қызметкерінен пара алмақ болған басшы қылмыс үстінде ұсталды
10,776
оқылды

Түркістан облысында полицейлер қызметкерінен ірі көлемде ақша талап еткен басшыны қылмыс үстінде ұстады. Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аймақтағы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, алаяқтық жасады деген күдікпен Сарыағаш ауданының тұрғынын қолға түсірді.

«Нақты айтсақ, Криминалдық полиция басқармасына Келес ауданының тұрғыны шағымданып, басшысының үстінен арыз түсірді. Арызда көрсетілгендей, мекемедегі бөлім басшысы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, оның жұмыста қалу мүмкіндігі үшін үлкен көлемде ақша талап еткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеді», - делінген Түркістан облыстық ПД-ның хабарламасында.

Қылмысты ашу мақсатында Криминалдық полиция басқармасы, жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен арнайы топ құрылды. Жүйелі, жоспарға сай атқарылған жұмыс нәтижесінде, жедел уәкілдер Келес ауданы Абай кенті көшелерінің бірінде күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Яғни, күдікті жәбірленушіден 1 млн теңге алған кезде қолға түсті. Тінту кезінде полицейлер ұсталған тұрғыннан заттай дәлел ретінде ақша тәркіледі. Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы