Өткен жылдың қорытындысы бойынша ПИК-ге тоқсандық есептердің болмауы және әр үй үшін ағымдағы жинақ шоттарының жоқтығы үшін 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматыда 8400 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларға 900 басқару органы қызмет етеді. Пәтер иелері кооперативтеріне шағым көптеп түседі. Тұрғындардың көппәтерлі үйге көрсетілетін қызмет сапасына көңілдері толмайды. Яғни жұмсалған ақшаға есеп бермеу, әр үй үшін ағымдағы жинақ шоттарының болмауы, тұрғындардың келісімінсіз мақсатты шығындардың ұлғаюы тұрғындардың наразылығын тудырды. Оларда басқару мекемелеріне деген сенім қалмаған. Сонымен қатар, лифт, баспалдақ, кіреберіс, жертөле санитарлық талапқа сай еместігін де жиі естиміз»,– дейді Мейіржан Отыншиев. Оның айтуынша, басқармаға келіп түскен өтініштердің негізінде 300 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 154 ұйығарым шығарылып, 47 әкімшілік хаттама толтырылды. «Жүргізілген тексерудің қортындысы бойынша, тоқсандық есептері мен әр үй үшін ағымдағы жинақ шоттары жоқ пәтер иелері кооперативтеріне 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды»,- деп қорытындылады ол.