Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетовті ұстау кезінде түсірілген бейнежазбаны жариялады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, департамент басшысы жүйелі түрде пара алды деп күдіктелуде. Бірінші жағдайда – өзіне бағынышты тұлғадан оны қызметте көтермелеу және жалпы қамқоршылығы үшін талап етілетін 10 мың АҚШ долларынан 3 мың АҚШ долларын, екінші жағдайда – жеке кәсіпкерден оның кәсібін салықтық тексеріссіз жабуға жәрдемдескені үшін 490 мың теңге пара алған деп айып тағылып отыр. Лауазымды тұлғаға қатысты іс өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Қазіргі күні тергеуге дейінгі қамауда отырған департамент басшысының тағдырын енді сот шешеді. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы