Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 2006 жылы туған Денис Мельников, Вадим Сизов және Сабыр Дүйсеғалиевтің өліміне қатысты тергеу амалдары басталды. Оқушылардың қаза болу себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Үш оқушы мектептен кейін үйге келмеген соң, Алатау аудандық полиция басқармасына 12 ақпан күні кешкі сағат 9-дар шамасында хабар түскен. «Ең алдымен, криминалдық және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Балаларды іздеп табуға «LLider.kz» еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысты», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен. Іздеу кезінде оқушылардың мектеп сөмкесі су жағадан табылған. Оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов: «13 ақпан күні таңғы сағат 04.31-де Алматының «112» пультіне Алатау аудандық полиция бөлімінен хабар түсті. Полицейлер Алатау ауданындағы «Теректі» ықшамауданында су қоймасының жағасынан іздестіріліп жатқан үш баланың мектеп сөмкелері табылғанын айтты. Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖК Республикалық шұғыл-құтқару жасағының сүңгуірлері (7 адам, 1 техника), сондай-ақ Алматы қаласының құтқару қызметі (5 маман, 1 техника) дереу аттандырылды», – деді. Сүңгуірлер үш баланың денесін бүгін таңғы сағат сегіздер шамасында судан алып шықты. Айта кетейік, бұға дейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев үш оқушының қазасы жайлы хабарлағанын жазған болатынбыз.