Тағдырына мойымайтын жандар алдындағы кедергілерді жарып өтіп, мақсатына жетуде он екі мүшес сау адамдарды таңғалдыруда.
Солардың бірі атыраулық Кеңгес Қониев автокөлік жүргізуші куәлігін алып қуантты.
Тағдыр талайы сынақ берген бірінші топтағы мүгедек Кеңгес Қониевтің мүгедектерға арналған арбаға таңылғанына он бес жыл болыпты. Апталдай азамат құрылыс жүріп жатқан алаңда құлаған оқиғадан соң екі аяғынан жан кетіп, амалсыз мүгедектер арбасына танылған. Соған қарамастан үстел теннисін меңгеріп,облысқа танымал жігерлі азаматтын бірі болып танылған. Алайда оның аңсаған арманы темір тұлпарды тізгіндеу болатын. Кеңгестің мүгедектер арбасын автокөлік орындығына алмастырсам деген арманы жуырда орындалды. Оның үшінші мәрте сынақ тапсыруы сәтті болып, Кеңгес автокөлік жүргізу құқығына ие болды.
– Көлік басқаратын тетіктердің барлығы қолмен басқарылатындықтан еш қиындығы жоқ. Сол үшін арнайы орынға келіп, жүргізушілік куәлік алып отырмын. Көлік адамға шаруасын реттеуге аса қажетті, – дейді қиындыққа мойымаған Кеңгес Қониев.
Ал мамандандырылған орталық қызметкерлері Кеңгестің талабын құп көрген. Алғашқыда сенбегенімен, Кеңгестің мақсатына жетудегі қажырлығы оларды тәнті еткен.