Жалпы вакцинациялаумен адамзат неге қол жеткізді дейтін болсақ, соңғы 100 жыл ішінде көптеген инфекциялық аурулар деңгейі, оның қатарында аса қауіпті болып саналатын оба, холера күрт төмендеп, қара шешек мүлдем жойылды деуге болады. Екпенің арқасында балаларды мүгедектікке шалдықтыратын полиемиелит сырқатынан мүлдем арылдық. Мысалы, қызылшаға қарсы алғашқы вакцина шыққан 1960 жылға дейін әлемде жыл сайын шамамен 2,6 млн. адам қайтыс болған. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес 2000 – 2017 жылдар аралығында аталған инфекциялық аурудан қайтыс болу жағдайы 80 пайызға азайған. Бірақ, өкінішке орай, соңғы жылдары белең алып отырған вакцинациялауға қарсылық салдарынан кейбір азаматтар екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып, онымен қоймай кішкентай сәбилеріне екпе жасатпай, денсаулықтарын қауіп-қатерге тігіп отырған ата-аналар жоқ емес. Екпенің маңыздылығын түсіндіру мақсатында арнайы кездесу барысында олардың әлеуметтік желілерде жарияланған сенімсіз ақпарат көздерінен алынған, білікті мамандар тарапынан дәлелденбеген уәждерді алға тартатындары қынжылтады. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жалпы тұрғындарды жоспарлы екпелермен қамту 95 пайыз құрап, оңтайлы денгейде. Дей тұрғанмен, әртүрлі себептерге байланысты екпеден бас тартып отырған ата-аналар да жоқ емес. 2009 жылдан бастап 2000-дай балалар ата-аналарының қарсы болуынан екпелерін алмаған. Жоғарыда айтқанымдай, бұл ата-аналар әлеуметтік желілердегі еш дәлелі жоқ алыпқашпа ақпараттарға сеніп, балаларының денсаулығына үлкен қауіп-қатер төндіріп отыр. Мысалы, қазіргі таңда жалпы әлемде және республикамызда, оның ішінде облыс аумағында қызылша инфекциясы бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. 2019 жылдың 1 қаңтар және 2020 жылдың 6 ақпаны аралығында қызылшаның алғашқы 499 жағдайы тіркелді, оның ішінде 265 жағдайы зертханалық зерттеумен расталып отыр. Науқас адамдардың 72 пайыздан астамы екпе жасалмағандар арасында тіркеліп отыр. Бұл, жұқпалы аурулардың таралуымен күресетін ең тиімді әдісі - вакцинация екенін тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Қызылша – ол адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тез тарайтын, асқынуларымен әсіресе сәбилерге қауіпті арнайы емі жоқ инфекция. Оның алдын алу тек вакцинаның көмегімен ғана жүзеге асады. Сондықтан, тұрғындарға айтатыным - екпеден қорқудың еш негізі жоқ, облыс аумағында қызылшаға қарсы барлық қажетті тексерулерден өткен, сапасы куәландырылған Үндістанда өндірілген вакцина қолданылады. Жалпы вакцинациядан бас тартпауға шақырамын, халық айтпай ма «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деп. Вакцинация ақысыз, сапалы сертификатталған вакциналармен жүргізіледі, егу жүргізудің барлық сатылары департаменттің қатаң бақылауында және екпе жасайтын мамандардың жауапкершілігі арнайы нормативтік құжаттармен белгіленген. Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы