Грузия мен Әзербайжаннан көлік алып келетіндер көбейді – комитет
Грузия мен Әзербайжаннан көлік алып келетіндер көбейді – комитет
Фото: drive2.com
575
оқылды
Шетелден көлік алып келген азаматтар Қазақстанда көлікті тіркеуден өткізуі тиіс. Соңғы кездерде Қазақстанға шетелден көлікті уақытша алып келу фактісі жиілеп кеткен. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Көліктерді негізінен, Грузия мен Әзербайжан азаматтары алып келіп жатыр. Ескеретін жайт, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елден уақытша әкелінген көлік шетелдік тауарлар болып саналады. Сол үшін ұдайы кедендік бақылауда болады (үшінші елдер – ЕАЭО құрамына кірмейтін елдер). Сондықтан комитет уақытша әкелінген көлікті сатып алуға және Қазақстанда пайдалануға тек кедендік тазартудан кейін, тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлеген соң ғана қолдануға болатынын ескертеді. Комитет өкілдерінің пайымдауынша, шетелдіктер көлікті әкелген соң өз еліне қайтып кетіп қалады. Яғни, ЕАЭО аумағына көлікті Қазақстан азаматына беру мақсатында алып келеді деп топшылайды. «Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (1 жыл) автокөлік ЕАЭО аумағынан шығарылуы қажет. Егер көлікті шығармаса, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Комитет Полиция департаменттерімен бірлесе отырып, рейд жүргізеді. Заңнамаға сәйкес, көлік иелерін жауапқа тартады. Қазір 116 автокөлік уақытша сақтау қоймасында тұр. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарынан жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып алғанда еліміздің заңнамасын сақтауды сұрайды», – делінген ресми хабарламада.