Қазақстан мен Түркия авиация саласында ресми келіссөз жүргізді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, түрік делегациясын Түркияның авиациялық билігінің бас директоры Кемал Юкшек басқарды. Келіссөздерде Air Astana және SCAT әуекомпанияларының өкілдері, сондай-ақ түрік әуекомпаниялары Turkish Airlines, Pegasus Airlines, Tailwind Airlines, Freebird Airlines өкілдері қатысты. Бұдан былай Қазақстан мен Түркия арасына қатынайтын рейс саны 2 есе көбейеді. Екі тарап аптасына 40-тан 93 рейске дейін, оның ішінде Нұр-Сұлтан – Стамбұл бағыты бойынша рейстер санын 7-ден 14-ке дейін, Алматы – Стамбұл бағыты бойынша аптасына 13-тен 21-ге дейін арттыру, сондай-ақ екі ел аумағындағы рейстерге арналған жаңа қалалар қосу туралы келісімге қол жеткізді. Билет бағасын төмендету мәселесі де талқыланды.