Медицина саласында маман тапшы
Медицина саласында маман тапшы
1,552
оқылды
Еліміздің кейбір облыстары «қызыл» аймаққа кіріп, қайтадан бетперде кию режиміне көшіп жатыр. Бұл жағдай халыққа қаншалықты әсер етеді, салдары қандай болмақ жайында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық дипломнан кейінгі  білім беру институтының ректоры, эпидемиолог-гигиенист дәрігер Арай Төлемісовамен аз-кем әңгімелескен едік. – Коронавирустың салдары ма, соңғы кезде ел ішінде созылмалы ауруға шалдыққандардың саны күрт өсуде? Бұған не себеп? – COVID-19-дан емделгеннен кейін ағзада инфекция қалатыны рас. Алғашында оны қалай емдейтінін, не істеу керегін ешкім білмеді. Ем-домның бірі бұл дерттен емдесе, енді бірі кесірін тигізіп жатты. Оның үстіне, постковид симптомдары бойда қалып қалады. Оны түбегейлі құрту үшін емдеу керек. Коронавируспен сырқаттанған адам емделіп, жазылып шықса да толығымен айыққанын білдірмейді. Кейіннен кесірі шығады. Өйткені вирус жоғалып кеткен жоқ, ол арамызда жүр. Біз сонымен тыныстап демаламыз, одан ешқайда қаша алмаймыз. Пандемияға дейін біз экологиямыз жаман, бұзылған дейтін едік. Коронавирустан кейін бәрі жайында қалып, ауаның, судың, топырақтың тазалығы тексерілмейтін болды. Сол себепті түрлі аурулар қозып, сырқаттар созылмалы болуда. – Соңғы кездері бала мен ана өлімінің саны күрт өсуде. Осының бәрі денсаулықтың әлсіздігінен бе? Ең әуелі, білікті дәрігерлердің жоқтығы. Мысалы, ауруханаларға штатқа бекітілген арнайы дәрігерлер керек. Оқу бітіріп келген жас мамандар құжат бойынша сақадай-сай тұр. Көбісі «саны бар, сапасы жоқ» мамандар. Міне, сол орындарды жабу үшін жас мамандармен толтырады. Қалтада дипломы бар, бірақ ешқандай дәрігерлік дайындықтан өтпеген маман ертең қалай жұмыс істейді. Бірден операциялық столға шығуға қорқады. Сөйтіп, қашып-пысып жұмыс істейді. Міне, дәрігерлік қателіктің басы осы жерден басталады. Оларға бастысы жоспарды орындаса болғаны. Ал адам өмірі, біліктілік кейінгі орынға ысырылды. – Осының алдын алу үшін не істеуіміз керек? Білікті мамандарды қалай көбейтеміз? Мұның басы – жоғары оқу орнынан басталады. Бүгінде дәрігерлерді дайындау жүйесі бұзылған. Қазіргі жас дәрігерлер ілініп-салынып оқуын бітіріп шығады. Ал одан қандай білікті маман шығады? Өкінішке қарай, қазір дәрігерлік саланы біреудің танысы, біреудің туысы билейтін заман. Не болмаса диплом мен сертификаттарды сатып ала салады. Бұрынғы Кеңес заманында оқып, білім алған мамандар қажетсіз болып қалды. Қаншама жылдық тәжірибесі бар ғылым докторы, профессорлар адам санатынан шығып қалды. Міне, осылардың білімі жастарда жоқ. Осыны бойға сіңіруіміз керек. Иә, дәрігерлікті бұрыннан келе жатқан бір-екі мемлекеттік оқу орнына  оқытуды жүктеп қойған. Ал олар студенттерді оқыта ма, әлде дәрігерді дайындай ма? Жекеменшік институттар шет-шетінен жабылып жатыр. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институты маңызын жойған. Сонда оларды кім оқытады? Жаңағы жоғары оқу орнында оқытса да ондағы білім дәрігерлікке сай емес, студентке сай өтеді. Жас мамандарды дәрігерлер қасында алып жүріп, істеген ісін бақылап, оң-солын көрсетуі тиіс. Сонда ғана ол дәрігерліктің негізін қалай алады. Екіншіден, дәрігерлерді дайындау үшін тәжірибе керек. Сол үшін өзге елдермен тәжірибе алмасу қажет. Сонда ғана мамандықты игеру мүмкін. Үшіншіден, кез келген нәрсеге қол жеткізу үшін дисциплина қатаң болуы керек. Талап қатал болса, сапа болады. Ал сапа болса, медицина да жақсарады. Бізге осы нәрсе жетіспейді. Медицина саласында ең әуелі ақсап тұрған мәселе – осы. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл елдің қасіреті. Осыны түземей, бізде алға жылжу жоқ. – Әңгімеңізге рақмет!