Нұр-Сұлтанда 26 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды
Нұр-Сұлтанда 26 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды
Елордада «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында 26 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды. Полицейлер бір күн ішінде қажетті құжаты жоқ «такси» қызметімен айналысқан Өзбекстан мен Тәжікстанның үш азаматын ұстады. Жүргізушілер Yandex мобильді қосымшасы арқылы жолаушы тасымалдаумен айналысқан. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер коммуналдық тұраққа қойылды. Қазір астанада «Қауіпсіз жол» айлығы өтіп жатыр. Шара басталғаннан бері 3 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды, оның ішінде 39-ын қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған. Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 500-ден астам жүргізуші, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін 100-ден астам, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені үшін 168 және қарсы жолаққа шыққаны үшін 22 жүргізушіге айыппұл салынды. Сонымен қатар бейнебақылау камералары жол ережесін өрескел бұзу фактісін де тіркеді. Таңғы сағат 09.00 шамасында Toyota Corolla маркалы автокөліктің жүргізушісі Тұран даңғылымен екіжақты қозғалыстағы жолда келе жатып, қарсы қозғалысқа арналған жолға шығып, сол жолмен жүрген. Бүгінде жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.