Елордада балаға қол көтерген тәрбиешіге 45 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
Елордада балаға қол көтерген тәрбиешіге 45 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
Астанадағы жекеменшік балабақша тәрбиешісі балаға жеңіл дене жарақатын келтірген. Оған 45 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. 
«Биыл 7 маусымда елордада жеке балабақшаның тәрбиешісі баланы ұрған (жеңіл дене жарақатын алды). Болған жайтқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, тәрбиешінің іс-әрекетіне Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» деген құқықтық баға берілді. Сот отырысы барысында айыпты К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді», – делінген Нұр-Сұлтан қаласы сотының ресми ақпаратында.
Сот шешімімен балабақша тәрбиешісі кінәлі деп танылып, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Сот тағайындаған бап санкциясына сәйкес кінәліге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамау көзделген. Сондай-ақ сот кінәлі К.-ның жас баласы болуына және жасаған ісіне өкінуіне байланысты жауапкершілікті жеңілдететін жағдайды қарастырады», – деді қалалық сот өкілдері.
Сот қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 50-бабы 2-бөлігіне сәйкес жүкті және 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдерді қамауға алуға болмайтынын айтты.
«Осыған орай сот балаға дене жарақатын келтірген тәрбиешіге 15 АЕК көлемінде айыппұл салды (45 945 теңге)», – деді қалалық сот өкілдері.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.