Көкшетау қаласының 52 жастағы тұрғыны полицияға хабарласып, картасынан 310 мың теңгенің ізім-қайым жоғалғанына арызданды. Ер адамның айтуынша, оған қандай да бір қоңыраулар келіп түспеген, көрсетілген қаражатты ол қандай да бір шотқа аудармаған.
Полицейлер ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігі, яғни "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды.
Anti-fraud республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Көкшетау қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері осы қылмысқа бірнеше күн бұрын арыз түсіруші өз арызында атын атаған 19 жастағы банк менеджерінің қатысы барын анықтады, – деп хабарлады Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.Ұсталған азаматтың айтуынша, 14 шілдеде ол несие алу мәселесі бойынша өтініш білдірген клиентке қызмет көрсеткен. Қызметтік жағдайын пайдаланып, жас жігіт клиенттің жеке шотындағы 310 мың теңгені букмекерлік кеңседегі өз шотына аударады. Одан соң ұрланған ақшаны менеджер ставкаға тігіп, ұтылып қалады.