Халықпен жүздесулер жалғасып жатыр
Халықпен жүздесулер жалғасып жатыр
Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қонаев қаласында болып, энергетика, кәсіпкерлік, ауыл және балық шаруашылығы саласындағы нысандарды аралады. Сенатор «ЛСТ Агро» жылыжай кешенінің жұмысымен және өнім өндіру үрдісімен танысты. Ол осы өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама жүзеге асып жатқанын айта келіп, аймақтың табиғаты көкөніс дақылдарын өсіру үшін өте қолайлы екенін және салаға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Дүйсенғазы Мусин, Мұхтар Жұмағазиев, Әбдәлі Нұралиев және Сұлтан Дүйсембинов Шығыс Қазақстан облысында болды. Сенаторлар жұмыс сапары барысында Ұлан ауданындағы OST Fish ЖШС балық шаруашылығының қызметімен танысты. Балық шаруашылығының басшылары бекіре балықтарын өсіру мен азықтандырудың ерекшеліктері, уылдырық өсіру мен алудың технологиялық процесі туралы сенаторларды хабардар етті. Парламентшілер сонымен қатар Алтай өңіріндегі агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен аймақтағы фермерлік шаруашылықтарды аралап, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін көріп шықты. Сенаторлар ауданның еліміздің аграрлық секторы мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сенаторлар Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында болып, Долинное, Алғабас, Теректі ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар кездесулер барысында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстары туралы хабардар етті. Долинное және Алғабас ауылдарының тұрғындары әлеуметтік нысандарды газдандыру, балабақша ғимаратын күрделі жөндеу, ауылға ауызсу тарту мәселелерін қозғады. Сенаторлар аудан орталығының тұрғындарымен аудандық емхана мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын талқылады. Жаңа өмір ауылында тұрғындар тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне электр желілерін қосуға, мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға және қосымша жедел жәрдем көлігін бөлуге көмектесуді сұрады. Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына сапары барысында қайта жөндеуден өткен «Металлург» стадионында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Заманауи стадионда әкімшілік ғимарат, асхана, командалық ойындарға арналған спорт залдары, спорттық тренажерлар мен ойын алаңдары қарастырылған. Жобалық жоспарға сәйкес, «Металлург» стадионын қайта жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сенаторлар сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, сенатқа Шымкент тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді талқылады. Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы мен қалалық әкімдіктің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, басқарма және орталық қызметкерлерімен кездесті. Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылығы мен қызметкерлері сенаторға құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзу­шылықтардың жолын кесу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Андрей Лукин өз кезегінде Палатаның заңнамалық жұмысы туралы кездесуге қатысушыларды жан-жақты хабардар етті. Депутат сонымен қатар «Қамқор» орталығында көрсетілетін қызметтермен, оның материалдық және техникалық жабдықталуымен танысты.