Қанттан жүгері шәрбатына көшеміз бе?
Қанттан жүгері шәрбатына көшеміз бе?
280
оқылды
Қант тапшылығы басқа-басқа 2 бірдей қант зауыты бар Жетісу облысындағы жұртшылықтың жанына батып тұр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұл мәселені уақыт оздырмай оңтайлы шешуді тапсырғаны есте. Осы орайда жауаптыларға Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауытының өндірістік әлеуетін бағамдау керек сияқты. Бұл өндіріс ошағында жүгері шәрбаты шығарылады. Негізі­нен, дақылдың бұл түрінің 75 пайызы қанттан тұрады. Сон­дықтан оның шәрбаты тағам өнеркәсібінде қоюландырғыш және тәттілендіргіш ретінде кеңінен қолданылады. Жалпы, Жетісудағы Жаркент өңірінің аты жүгерісімен шыққан. Дала аруын өсіру бүгінге дейін жаркенттіктер үшін тір­шіліктің көзі саналады. Шекаралық аудан тұрғындары жүгеріні алысқа арбаламай, Жар­кенттегі крахмал-сірне зауытына өткізеді. Істің тетігін тапқандар дәл қазіргідей қант тапшылығында оны жүгері шәрбатымен алмас­тыруына болады. Әсіресе, қантты қажетсінетін өндіріс орын­дарын­да жүгері шәрбатын шекердің орнына пайдалануға болады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, еліміздегі қант тұтыну көлемі 550 мың тонна құрайды екен. Сұра­ныстың тең жартысы өндіріс­тік қажеттілікке тиесілі. Жаркент­тегі крахмал-сірне зауыты осы сұраныстың жартысынан ас­тамын жаба алады. Ол үшін кәсіпорынды одан ары кеңейтіп, жаңа желі ашу жоспарланған. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та бұл жобаның құп­тайтынын айтты. Қазіргі кезде кәсіпорын жылы­на 75 мың тонна жүгері шәрбатын өңдеп, еліміздегі ірі деген кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Алдағы кезде дәл осы бағыт бойынша өндірістік қуат­тылықты екі есеге арттыру жос­парланған. Мұндағылар жылына 120 мың тонна жүгеріні тереңдете өңдеу арқылы өнімнің 28 түрін шығарады. Зауытты кеңейту арқа­сында жылына 200 мың тон­на жүгері қабылдау ойлас­тырыл­ған. Өз кезегінде жоба талай шаруа­ға дала аруы егілетін алқап­ты ұлғайтып, өндіріс ошағында жүздеген адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы