Көшкен құмның құрсауында қалғандар
Көшкен құмның құрсауында қалғандар
756
оқылды
Жылдағыдай биыл да елімізде құм басып жатқан ауыл тұрғындары бас көтерді. Айта-айта жақ талған бұл экологиялық түйткілдің шешілетін сыңайы жоқ. Экология ғылымы құм құрсауындағы елді мекендерді «өмір сүру үшін мүлде жарамсыз жер» ретінде таниды. Елде мұндай санаттағы жерде орналасқан ауылдар көп. Онсыз да құм құрсауында жатқан ауылдарды көшіре алмай жүргенде соңғы жылдары жері шұрайлы елді мекендерді де 70-80 метрлік «құм» толқыны басатын болды. Сонымен құм көшкініне тосқауыл бар ма, әлде ондағы елді өзге жерге көшірген жөн бе?

Үш ауылдың үрейі

Таяуда Маңғыстау облы­сын­дағы үш бірдей елді мекен құм астында қалғаны мәлім болды. Сауысқан, Жарма және Сазды ауылының тұрғындары мәселені өз күшімен шешіп әлек. Үй ау­ласында үйілген құмды күрету үшін жылда техника жалдайды. Мысалы, Сазды ауылы Шетпе­ден 90 шақырым қашық жерде. 100-ден астам адам тұратын елді мекенге кіреберіс жолды, тіпті, үйлерді құм басып қалған. Кей адамның қорасын құм көшкіні құлатқан. Жұрт үйілген құмды қайта-қайта ақшасын төлеп күретіп отырады. Бір күретудің өзі 500-600 мыңға шығады екен. Ал Сауысқан, Жарма ауылдарын қоса алғанда тағы 250-дей тұрғын бар. Басым көпшілігі төрт түлік өсіреді. Сауысқан ауылының тұр­ғыны Айдарбек Көркем­баев­тың айтуынша, бар мәселе жер асты суы ортайғаннан болған. – Жақын маңда Сауысқан кен орны бар. Ауылымыздан Жаңаөзенге су айдап отырған. Су айдап отырғанына 50 жыл бол­ды. Жер асты суы ортайған соң құм көшіп, ауылымызды ба­сып қалды, – дейді ол. Ал жауаптылардың жауабы бәз баяғы. «Құм көшкінін тоқ­татудың амалы өсімдік егу. Оған су да жетеді. Бұл ауылдарға ин­фра­құрылым тарту жағынан мә­селе жоқ», – деген. Бір қызы­ғы, 5 жыл бұрын құны 422 млн теңге жоба әзірленген. Сексеуіл егіп, жасыл қоршау салуға жұм­салуы тиіс болған қаражат уа­қытында аударылмаған екен. Биыл да ақша бөлінген. Бірақ мердігер жоқ. – 2022 жылы облыстық бюд­жеттен ақша бөлініп, 256 млн теңге қарастырылған. Сол бо­йынша жыл басынан бері төрт рет конкурс жарияладық. Алайда еш мердігер конкурсқа қатыс­пады. Сосын «өтпеді» деп та­ныл­ды, – деген Маңғыстау облыс­тық табиғи ресурстар және та­биғат қорғау басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов. Тұрғындар бұдан кейін құм құрсауымен амалсыз өздері ғана күресе бермек секілді. Бұған де­йін де солай болған.

Құм соңынан ел көшер

Ілгеріде Арал маңындағы ауыл тұрғындарынан «құмның бейнеті су басқаннан бетер» де­генді жиі естуші едік. Бұндай бей­нетті осы кезге дейін Арал мен Маңғыстаудың елді мекен­дері, Атыраудың Исатай ау­данының тұрғындары әлі тартып келеді. 2020 жылдан бастап Жам­был облысының шеткері ауыл­дары құм «қаһарын» көре бастап, 5 млн гектар жерді құм жайлаған болатын. Ал былтыр Маңғыс­тауда шаңды дауыл көтеріліп, үлкен тасжолдарға дейін жа­был­ғаны есте. Жалпы, аймақтарды көшпелі құмнан қорғау үшін көп әрекет жасалды. 2004-2016 жылдар ара­сында елде 2 910 гектар жерді алып жатқан аумақ қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілген. Нәти­жесінде 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтапты. 2011 жыл­дың соңында Қызылқұмда құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағын қамтыды. 2016 жылдан бері құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауда­ны­ның Шебір ауылында жалғасты. Дегенмен айтарлықтай өзгеріс болды дей алмаймыз. Әлі күнге дейін құм көшкіні арагідік қай­таланып тұр. Ал Арал ауда­нын­дағы жағдай тіпті ушыққан. Бұ­рын теңіз жағасында жатқан елді мекендердің тұрғындары құм көшкенде жер үйді де басып қа­лып жататынын талай естідік. Мұндағы ел «тығырықтан шығу­дың жалғыз жолы – басқа жерге көшу» деп әлдеқашан айтқан еді. Қазір өз шама-шарқынша көшіп жатқандар бар. Атыраудағы Нарын құмы да әр жыл сайын «мінез» көрсетеді. Құм көшкен кезде жақын маң­дағы ауылдарда электр бағандары мен газ құбырларына дейін құм құрсауында қалады. Облыс ор­талығынан 200 шақырым жердегі Исатай елді мекенінде 2014-2016 жылға арналған жоспар бойынша ауыл маңына сексеуіл егуге 38 млн 350 мың теңге бөлінген екен. Бірақ одан шыққан нәтиже аз. 2020 жылы көктемде Батыс Қа­зақстан облысына қарасты Қа­ратөбе ауданының Саралжын, Егіндікөл, Қоскөл мен Ақтайсай, Жусандыой елді мекендерін де құм басты. Мұндай тізімді тізбек­теп тауыса алмаспыз. Ел аузында құм көшкінін тоқтатуға қатысты түрлі пікірлер бар. Бірақ нәтиже аз тәрізді. Көбі сексеуілді мысал етеді. Бір түп сексеуіл кемі 4 тонна құмды көш­­кіннен сақтап тұрады-мыс. Бірақ көшкінді бұл әдіс арқылы толығымен тоқтата қою қиын болар. Одан өзге де фитомелио­рация-механикалық жұмыстары жетерлік. Бірақ жыл сайын қа­ражат бөлуді талап етеді. Бұл – бірінші жол. Көшкінді тоқтатқан күннің өзінде ондағы елді ме­кен­дер су тапшылығын тарта береді. Мұндай аймақта өнеркәсіп болмасы тағы анық. Сондықтан ақылға қонымдысы екінші жол, яғни құм құрсауындағы халықты өзге жерге көшіру тәрізді. Ал эколог Жангелді Мырзабеков құм көшкінін тоқтатуға бай­ла­ныс­ты арнайы мемлекеттік бағ­дарлама артық етпейтінін талай жылдан бері айтып келеді. – Бұндай аймақтарда өнер­кәсіпті дамытпақ түгілі, күн кө­рудің өзі қиын. Бұл аудандардың халқын құнарлы жерлерге орна­ластыру мәселесі жедел шешімін табуы қажет. АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз, шөлейтті, құмды жер­лер­де тұратын жандарға жалақысына қоса үстемеақы төленеді. Бұл үр­діс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанда да жүзеге асырылып отыр. Жоғарыда аталған мемле­кеттерде тұрғындарға мемле­кет­тік мекеменің үш деңгейінен көмек беріледі. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Үшеуі де мемлекеттік мекеме. Біз «апатты аймақ» деп танымағанның өзін­де осы мәселені ойластыр­ға­ны­мыз жөн. Маңғыстаудың Жаңа­өзен қаласы мен Қаламқас кен орындарындағы халықты ауыз­сумен қамтамасыз ету қарқынды дамыды. Бірақ соның салда­ры­нан жерасты суының деңгейі тө­мендеп, қоры сарқыла баста­ды. Мысалы, Түйесу құм сілемі­нің оңтүстік бөлігіндегі жерасты суы бұрынғы деңгейінен 10-12 метрге дейін төмендеді. Батыс Қызылқұмның жерасты су қоры сарқылды. Мұндай жағдайда көптеген өсімдік тамыры суға жетпей қалады. Сонымен қатар ауылдарға табиғи газ жеткізіл­генге дейін тұрғындар құмдағы бұталарды отап, шауып, отқа жақты, малды есепсіз жайды. Осыдан барып аймақта құм көше бастады, сырттағы құм ауылдың ішін басты. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған артық болмайды, – деді ол. Бұл мәселені әлдеқашан елек­тен өткізер кез келген еді. Бі­рақ онымен жыл сайын бетпе-бет келеміз. Құм құрсаған ауыл тұрғындарын өзге жерге көші­руге жергілікті биліктің құлқы бола қоймас. Бірталай қаржыны талап етері анық. Дегенмен осы­ған дейін сексеуіл мен жасыл желек отырғызуға, ауыл ішіндегі құмды тазартуға бөлініп жатқан қаржыға ауыл адамдарын көші­ріп үлгерер кез болғандай. Ша­масы, мұндағы қаржы да «жол­дағылардың» талан-таражына түскен іспетті.