Талғарда экс-полицей қағып өлтірген 18 жастағы жігіттің туыстары әділдік іздеп жүр
Талғарда экс-полицей қағып өлтірген 18 жастағы жігіттің туыстары әділдік іздеп жүр
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
Талғарда 18 жастағы жігітті қағып өлтірген экс-полицей жеңіл жазамен құтылды, – деп хабарлайды КТК арнасы. Жол апатында ұлынан айырылған ағайын-туыс сот үкімімен келіспейді. Сот 18 жастағы бозбаланы қағып өлтіріп, қашып кеткен экс-полицейдің 2 жарым жылға бостандығын шектеген. Бірақ мұны қаралы отбасы тым жеңіл жаза деп отыр. Айтуларынша, судья тәртіп сақшысының сол күні дәмханаға тәлтіректеп кіріп, удай мас болып рөлге отырғанына да мән бермеген. Үкіммен келіспеген ағайын-туыс енді апелляциялық шағым жазып, қалай да істі қайта қаратуға күш салып жатыр. Ұлынан айырылған Нұргүл Түркібаева: «Ұлым спортшы, чемпион болды. Стадионда шынығатын. 5 уақыт намаз оқитын. Елімізге қаққан адамнан қарағанда, менің ұлым көбірек пайдасын тигізер еді. Бүкіл Талғар қаласы танитын. Жеке өзім үкіммен келіспеймін. Ойлап қараңыздаршы, полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қаққан. Сонда кез келген тәртіп сақшысы адам қағып кете беруіне бола ма? Сонда адамның өмірі бес тиын болғаны ма? Соттан шығып қазір жайбарақат демалып жүрген шығар. Ал менің балам жоқ», – дейді. 18 жастағы Дінмұхаммед Жеңісовті көлікпен экс-полицей Самат Айсараақын оның дәл артынан қағып кеткен. Бірнеше метрге ұшып кеткен жігіт арықтың ішіне құлаған. Экс-полицей көмек қолын созудың орнына бірден ізін суытқан. Қансырап жатқан Димаш жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды. Самат Айсараақынның кәуапханадан сыра ішкенін куәгерлер де растап отыр. Тәлтіреңдеп жүргені сол дәмхананың бақылау камерасына да жазылып қалған. Кафе ауласында тұрған көлігіне де отыра алмай, құлағаны анық байқалады. Енді қара жамылған отбасы бұл дәлелдер мен куәгерлердің айғақтары ескерілмеді деп зар еңіреп жүр. Өйткені, сараптаманың қорытындысына сай «экс-полицей рөлге сау күйінде отырған». Марқұм Д. Жеңісовтың туысы Жеңісхан Қонқасова: «Бүкіл куәгерлер мойкадан, дәмханадан барлығы көріп тұрып, міне мына жігіт деп танып тұрып, айтып тұр. Куәгерлердің сөзіне құлақ аспады. Сот ісі деген тып-тыныш, сынып сағатына барғандай 5-6 рет отырдық. Заңгер айтты, қалай сіз нөмірсіз жүресіз, қорықпайсыз ба десе, «жоқ мен қорықпаймын» деді. Сотта Саматтан ештеңе сұраған жоқ. Бір «келісесіз бе, келісемін... Сіз не дейсіз, мен білмеймін енді адам өлтіргім келген жоқ қой» деді. Бар айтқаны осы», – дейді. Экс-полицейге алғашында екі жарым жылға түрмеге жабу туралы үкім шыққан екен. Бірақ, іле-шала «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистияға» ілігіп, жазасы бас бостандығымен шектеуге ауысқан. Алматы облыстық соты: «Үкім 2022 жылдың 6 маусымында шықты. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы және 347-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қамауда ұстау жазасынан босатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ» деген үкім шығарған. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспей апелляциялық арыз жазды. Әділдікті талап еткен ағайын-туыс соңына дейін баруға бекініп отыр.