Бәйгеде бап шабады
Бәйгеде бап шабады
925
оқылды
Жылқыны жеті қазынаның бірі ретінде таныған ата-ба­бамыз ат баптауды атадан қал­­ған асыл өнер деп баға­лай­ды. Расында, бәйгеден ол­жа салатын сәйгүліктерді бап­тау оңай емес. Желмен жа­рысатын жүйріктерді бап­тай­тын Саят Нұрқайдаров та атбегілікпен айналысып жүр. Тәжірибелі атбегілердің ай­туынша, жылдың 365 тәулігінің 150 күнінде жүйрікті кәдімгі күн­делікті мініске салады екен. Яғни, жарты жыл. Сол бес айдың бір айын жазғы баптауға арнайды. Ал тамыз-қыр­күйек айларында жаздай байланған жүйрікті үйірге жіберіп семіртеді. Қазан айында қолға ұстап, жеңіл-желпі жүріске салады. Қа­ра­ша-жел­тоқсан айларында жылқыны бос жібереді. Тек қаңтар-ақпан айла­рын­да аздап мініске са­лып, жеңіл терін алу арқылы бойындағы артық-ауыс заттардан арылтады. Көктем шығысымен қолда ұстап қыстың суық күндері ақау алған сіңірлерін создырып, аяқ-қолының бұлшық етін ширатады. Осылай қамдаған жүйріктің іші мөл­шерден тыс май­ланбайды, күш-қуаты кемімей қал­пын сақтайды екен. Сондай-ақ әр мезгіл сайын үйірде жүрген жүйрікті қайта-қайта ұстап мініске салудың мәні бар. Себебі денесіне жиналған бос судан арылтып, майын қара еті­не сіңіру керек. Ал семіз әрі қоң­ды жылқының бабы ұзаққа со­зы­ла­ды. Бірақ ат баптаудың мерзімі мен әдіс-тәсілі жылдың әртүрлі мез­гіліне байланысты өзгеріп тұрады. Сондықтан тұлпардың қыр-сырын толық меңгермей жатып атбегілікті алып жүру қиынға соғады. Ат шаптырып, қанжығасы май­ланған Саят Дүйсенәліұлы де аттың жайымен бала күнінен жақсы та­ныс. Арғымақ баптаудың қыр-сы­рын бір кісідей білетін оның бәйге аттары топ бәйгеде топ жарып, ала­манның алдын бермейді. Саят Нұрқайдаров жылқы бап­таумен 2000 жылдан бері айналысып келеді екен. «Бала күнімде шабандоз болып, атқа шаптым. Жыл­қының жалында ойнап жүріп 45 көлік ұттым. Елорданың бір жылдық ме­рей­тойында ағыл­шынның «Ғұн» деген жылқысымен бас жүлдені алып, пә­тер ұтқаным әлі есімде. Ке­йін «Райхан», «Падиша» атты жүй­рік­ті мініп, жарысқа қа­тыстым. Ал 2007 жыл­дан бері бәйгеге өзім ат да­йындай­мын», – дейді Саят Дүйсенәліұлы. Оның айтуынша, бәйге атын баптауға үш ай уақыт кетеді. Тұл­пар­дың тұяғы мықты болуы үшін тегіс жерге, тау мен тасқа да әбден мініледі. Терін алып жарап болға­ны­на көз жеткізген соң ғана бәйгеге қосылады. Бәйгеден кейін келесі жа­­рысқа жылқыны бірден қатыс­тыруға тағы болмайды. Өйткені топқа түскен тұлпардың ты­ны­ғуына кем дегенде бір ай қажет болады. Сол аралықта жылқының жүйкесін тыныштандырып, термен кеткен дәрумендерін толықтыру үшін ек­пелері салынады. Аттың жағдайы түзелгеннен кейін ғана қайтадан дайындыққа шығарылады. «Шап­қан кезде жоғалтқан терінің бар­лығы қайта қалпына келу үшін глю­коза натрийхлорид құя­мыз. Одан бөлек түрлі дәрумендер са­лынады. Жей­тін жемдері мен шөп­терінің өзі де ерекше болу керек. Мысалы, бәйге аттары үнемі жо­ңыш­қа жеп тұру керек. Бәйге жа­қындағанда қосымша жеп-шөптерді қосамыз. Сұлының арасына жүйке жүйесін қалпына келтіретін дәру­мендерді ара­ластырамыз. Ол дә­румендердің бір қорабы 30-35 мың теңге тұрады. Себебі біздегі жыл­қылардың дені ағылшын тұқымды аттар. Олардың көбісі қызуқанды болып келеді. Сондықтан әр бәйге­ден кейін аттардың бойындағы энергияны бірқа­лыпты ұстап тұру қажет», – дейді ол. Бұдан бөлек, жарысқа қатысатын жылқылардың жай күндері тағатын тағасы мен бәйгеге шыққанда тағылатын ар­найы тағасы болады. Себебі таға жеңіл болу керек. Сол үшін бәйгеге шапқанда жеңіл болу үшін алю­минийден жасалған таға тағылады. – Бізге табиғаты ұқсас болған­дықтан, Ре­сейден алып келген жылқылар тез жерсінеді. Бі­рақ ол жақтан келетін жылқылардың барлы­ғының түп атасы ағылшындық асыл тұқымды жылқылар. Ал Польшадан келетін жылқылардың жерсінуіне біраз уақыт кетеді. Егер құлын кезінде әкелсек, 2-3 айда жерсініп кете алады. Ал егер тай кезінде алып келсең, оның осы жерге үй­ренуінің өзіне жарты жыл, бір жыл уақыт кетеді. Жақында ғана Ресейден тай алып келдік. Қа­ра­па­йым жылқылармен салыс­тыр­ған­да өте үлкен көрінеді. Себебі құ­лын кезінен бастап күтіп, түрлі дәру­мен­дер беріліп өскен соң үйдің тай­ла­рынан қарағанда түр-келбеті ірілеу, – дейді атбегі Саят Нұрқай­даров. Атбегі баптауындағы аттардың арасында қазақтың асыл тұқымды жылқылары жоқтығын айтады. Дегенмен ағылшындық жылқылар­дан қолтумалар алып, бірнеше жылдан бері бәйгеге қосып келеді. «Олардың түбі ағылшын мен араб жылқылары. Таза қандарды шатыс­тырып, англо-араб тұқымдарын алып жатырмыз. Мұндай аттар 30-35 шақырым ұзаққа шабады. Мы­салы, елор­дада өтетін «Алтын тұл­парды» өзіміздің қол­ту­малар ұтты. Мысалы, «Самал», «Қоянқасқа» атты арғымақтар бас жүлдені бер­мей келеді. Со­сын қазақтың асыл­тұқымды жылқыларына қаны таза ағылшын айғырларын салып, құ­лын алып жа­тырмыз, – дейді ол. – Жақсы бағылған жылқы­лар 25-30 жылға дейін өмір сүреді. Олардың да тамақтану уақыты мен демалуына көп көңіл бөлінеді. Ал бәйге жыл­қыларының жаттығу уақыттарында арнайы режим болуы тиіс. Бір жылқының күтіміне ай сайын жем-шөбінің өзіне ғана 70 мың теңге керек. Мысалы, таңертең суы мен жем-шөбін беріп, екі сағатқа да­йын­дыққа шығырамыз. Дайын­дық­тан келген соң екі сағат демалады. Қайта жіберіп, жем-шөбін беріп, тазалаймыз. Астын құрғатып, тұра­тын жеріне дейін тазалайтын жеке адамдар бар. Таза жылқы болған соң таза жерде тұруы керек. Жалпы, ағылшын жылқылары мықты ке­леді. Олар ерте көктемдегі жарыс­тар­да 15-20 шақырымға дейін жет­кізбейді. Оларға тең келетін жыл­қы­лар жоқ. Күн ысып, шақырым ұзар­ған кезде өзіміздің қол­тумалар жарысқа тө­зімді. Ондай аттар 35-40 шақырымға оңай шабады. Мысалы, «Самал» атты жылқымыз 2017, 2020 жылдары екі жыл қайталап 51 ша­қы­рымдағы аламан бәйгені қан­жы­ғасына байлаған. Тағы бір «Қоян­қас­қа» атты қолтумамыз «Алтын тұл­пар­да» «Самалдан» кейін екінші орын­ды ұтты». Тақымы атқа тиген қазақ әр уа­қытта арғымақ көрсе арқаланып кетеді. Аламанның алдын бермес сәйгүліктің сырын білетін Саят секілді атбегілер бар жерде бәйге жылқыларының бабы басым болары сөзсіз.