Түркістанда 6 жасар баласын балталап өлтірген әкеге сот үкімі шықты
Түркістанда 6 жасар баласын балталап өлтірген әкеге сот үкімі шықты
2,103
оқылды
Түркістан облысында 6 жасар баласын балталап өлтірген әкеге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жантүршігерлік оқиға биыл 4 наурызда болған.
«Сот тергеуінде анықталғандай, сотталушы өзінің 2016 жылы туған баласын тоғайға «отын жинаймыз» деп алдап апарған. Онда жәбірленушінің сол жақ самай сүйегіне темір балтаның тегіс жағымен бір мәрте соққы жасаған. Содан баласының денесін көтеріп, шабылған жиде ағашының томар астына ыңғайлап койып, темір балтаның үшкір жағымен мойын аймағынан бірнеше рет соққы жасап, шауып өлтірген» делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты қызметтерді атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
«Сот тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуді белгіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген ақпаратта.