Таразда 6 адамнан құралған топ қаладағы ірі кәсіпкердің қызын ұрлап әкетіп, оны босату үшін 100 млн теңге талап еткен, - деп жазады astanatv.kz. Жәбірленушіні өз үйінің алдында бейтаныс біреулер күтіп тұрған. Күш көрсетіп, қолын сындырып көлікке отырғызған. Қолын байлап, бір үйге апарыпты. Кейін 3 күн бойы әр жерге ауыстырып отырған. Бірақ, Тараздағы ең ірі жолаушы тасымалдау компаниясының басшысынан, қызы үшін 100 млн теңге сұрағандардың құйтырқы әрекеті жүзеге аспады. Бірнеше тәуліктен соң қылмыстық топтың 2 сыбайласы қолға түсті. Қарақшылық топтың басшысы бұған дейін де танысының баласын ұрлап ақша талап еткені үшін 7 жылға сотталған көрінеді. Ал топтың бір мүшесі жәбірленушінің көршісі болған.
"Сот үкімімен қылмыстық топ мүшелерінің барлығы 5 жылдан 13 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айрылды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Өйткені сотталғандар апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Айта кету керек, Жамбыл облысында соңғы 10 жылда мұндай қылмыс орын алмаған",– деді Жамбыл облыстық прокуратурасы Қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Сайын Сағындық.