Еңбек қауіпсіздігі басты назарда
Еңбек қауіпсіздігі басты назарда
176
оқылды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі кәсіп­орындардың жұмыс барысымен танысып, еңбек қауіпсіздігі заң­намасында белгіленген ережелер мен талаптарды сақтау қажеттігін ескертті. Аймақ басшысы «Кезби» кәсіп­орнының өндірістік аймағына, «Бұрғы­лау» 7507 ұңғымасындағы бұрғылау қон­дыр­ғысына және «Кезби» 9422 ұңғыма­сына, сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» акцио­нерлік қоғамының бұрғылау жұмыстарын басқару өндірістік базасына барды. Нұрлан Ноғаев уәкілетті органдар келіп түсетін кез келген хабарламаға уақтылы ден қоюға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында туын­дайтын әрбір мәселені таразылап және әділ қарауға тиістігін айтты. «Жұмыс беруші үшін жұмысшының өндірістегі жағдайы неғұрлым жақсы және қауіпсіз болса, кәсіпорын соғұрлым тиімді жұмыс істейтінін түсіну маңызды. Қызметкер кәсіпорынның тұрақты және сенімді жұмыс істеуі үшін барынша күш салуы керек», – деді Нұрлан Ноғаев. Өңір басшысы «МАЭК – Қазатом­өнеркәсіп» өндірістік нысанының жұ­мысымен де танысты. Қазіргі уақытта «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Ақтау мен оған іргелес жатқан елдімекендерге электр энергиясы мен жылу береді, сон­дай-ақ ауызсу және техникалық сумен қамтамасыз етеді. Тұтынушылардың саны 205 мыңнан асады. Зауыт тәулігіне 52 мың текше метр тұщы су өндіреді, бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Қазір зауытта 9 су тұщыту қон­дыр­ғысы жұмыс істейді. Олардың төртеуі – жаңа қон­дырғы. Алдағы уақытта ха­лықты ауыз­­сумен тұрақты қамтамасыз ету мақ­са­тында жалпы қуаты тәулігіне 24 мың текше метр болатын жаңа су тұщыту қондырғысын орнату жос­пар­лануда. Бұдан басқа, халықты ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету үшін бұрыннан жұмыс істеп тұрған су тұщыту қон­дыр­ғыларының әрқай­сысының қуатын 12 мың текше метрге арттыру көзделіп отыр. «Су тұщыту қондырғыларының өнімділігі мен қуатын арттыру жұмысын жүргізу қажет. Тозығы жеткен қондыр­ғыларға жөндеу жұмысын жүргізу бойын­ша кешенді жоспар әзірлеуге тиіспіз. Сондай-ақ теңіз деңгейінің өзгеруіне қарамастан, тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мердігер ұйыммен бірлесіп су тарту каналындағы жұмысты жандандыруымыз шарт. «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» жылу және су құбыры желілерін иеліктен шығару процесін жеделдету қажет», – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. Айта кету керек, мұндай қондыр­ғыларды пайдаланудың нормативтік мерзімі – 20 жыл, нақты пайдалану мерзімі 31 жылдан 40 жылға дейін жетеді. Соған қарамастан олар салыстырмалы түрде жарамды техникалық күйде өнім өндіруді жалғастыруда. Кәсіпорын су өндіру қуатының төмендігінен жыл сайын халыққа ауызсуды белгіленген кестемен беруге мәжбүр. Сонымен қатар Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде корпорацияның инвестициялық қызметі­нің есебі тыңдалды. Сондай-ақ кор­порация­ның несиелеу жұмысына кепілдік саясатын енгізу мәселесі қаралды. Аймақ басшысы «Каспий» мекеме­сінің тиімділігін арттыру керегін атап өтті. «Каспий» АҚ – облыстың дамуына елеулі үлес қосатын мекеме. Сондықтан мекеменің тиімділігін арттыру керек. Әлеуметтік көрсеткіштердің жоғары болуы сіздердің жұмыстарыңызға тікелей бай­ланысты», – деді Нұрлан Ноғаев. Өндірістің жағдайымен танысқан өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді. Облыс әкімі сондай-ақ Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласында салынып жатқан жаңа мектептердің құрылысымен танысты. Маңғыстауда биыл 1800 орын­дық 2 мектептің (Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында – 600 орындық, 31А ықшамауданында 1200 орындық мектеп­тің құрылысы) және екі мектеп жанын­дағы 624 орындық (Күйкен орта мектебіне – 312 орындық және Бейнеу ауданындағы Атамекен орта мектебіне 312 орындық) қосымша нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нұрлан Ноғаев алдымен Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында салынып жатқан жалпы білім беретін мектепке барды. 600 орынға арналған білім ордасын биыл қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Келесі 1200 орынға арналған мектеп Ақтаудағы 31А шағын ауданында салынып жатыр. Нысан жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Одан кейін облыс басшысы қаланың 18а шағын ауданындағы 760 орынға арналған жеке­мен­шік мектептің құрылысымен таныс­ты. Бұл мектеп 2023 жылы пайдалануға берілмек. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мектептердегі орын тапшылығын жою үшін 2025 жылға дейін кемінде мың мектеп салу туралы тапсырма берді. Бұл – ұстаздар мен балаларды дамыту үшін заманауи, арнайы техникамен жабдық­талған білім беру мекемелері болуы тиіс. Сондай-ақ мектеп салу үшін кәсіпкерлерді көптеп тарту қажет», – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. Қазір өңірде барлығы (мемлекеттік, жеке, арнайы) 171 мектеп бар. Онда 167 мыңнан астам бала білім алуда. Айта кету керек, Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші жоғары. Сәйкесінше, бұл облыста соңғы бес жылда оқушылар саны 41 мыңға артқан.

Асыл ТҰМАР