Көкшетауда жергілікті ірі кәсіпкерлердің басын қосқан облыстық форум өтті. Кездесу барысында негізгі мәселе бизнес экожүйесін қорғау және өңірде қолайлы бизнес климатын қалыптастыру жайы талқыға түсті. Шараға Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Малғаждар Тәткеев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев, өңірдің әр аймағынан келген жүзден астам кәсіпкерлер, сондай-ақ облыстық басқармалардың құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өңірде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында қағазбастылықтан туындаған кикілжің мен дау-дамай жиі болады. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғау тетіктерін жетілдіріп, бизнес қауымдастықтары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты арттыруды қадап тапсырған еді. Шара Президент жүктеген осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталыпты. Форум барысында мемлекеттік органдар тарапынан кәсіп иелеріне әкімшілік қысым жасалуы жайында бірқатар өткір мәселелер көтерілді. Кейбірі жиын барысында өзінің шешімін де тауып жатты. Мәселен Көкшетау қаласында сақалды құрылысқа айналған «Наследники» балаларға білім беру орталығы құрылысы қайта жанданатын болды. Нысанның басшысы Аида Сүлейменованың айтуынша, аталған мақсатқа жер телімдері сатып алынғанымен кейіннен бұл жерге толық жоспарлау жобасы болмағандықтан түрлі проблемалар туындаған. Бас жоспарға сәйкес, жер телімдері үй-жай салатын аймақта орналасыпты. Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі түсіністік танытып, жер телімінің мақсатты тағайындауын өзгертуге келісім берген. Сөйтіп кәсіп иесі жобалауға архитектуралық тапсырма алып, жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін жобалаушыға жүгініп те қойған. Алайда, жобалау кезінде «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны кәсіпкерге нысанды орталықтандырылған жылумен қосуға техникалық шарттарды беруден бас тартқан. Кәсіпорын қаланы жылумен қамту қазандығында жылу энергиясының тапшылығын алға тартыпты. Кәсіпкер қала әкіміне арызданып, ақыры мәселе оң шешімін тапқандай болған. Алайда осы жылдың қаңтарында шырғалаң қайта басталыпты. Мемлекеттік органдар кәсіпкерді бір-біріне сілтеп, істің артын сиырқұйымшақтатып жіберген. Соңында жобалауға берілген өтінімге қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қол қоймағаны анықталыпты. Олардың пікірінше, жобаланған телім үйлер салынатын аймақта орналасқан. Ал ол қаланың 2020 жылы аяқталған бас жоспарына қарама-қайшы келеді. Дегенмен форум барысында қала әкімі Бауыржан Ғайса жоба қаралып, мақұлданып жақын арада бекітілетінін мәлімдеді. Жиын барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаментінің әрекетіне елдегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі «ENKI» ЖШС-нің директоры Мырзабай Әбдіхалықов шағымданды. Оның айтуынша, өткен жылы аталған ведомство компанияға қатысты өнімдерді нарықтың басқа қатысушыларымен бірге сату кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттерді сүйеніп тергеу бастаған. Ал зауыт директоры Мырзабай Әбдіхалықов монополияға қарсы департаменттің ешқандай негіздемесі жоқтығын айтып, тіпті департамент қызметкерлері жүргізген талдауға күмәнмен қарайтынын жеткізді. Аталған мәселе қазір соттың қарауында. Ұзаққа созылған даудың соңғы нүктесі де сотта қойылмақ. Бұл орайда, кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқықтары зардап шеккені анық. Мәселе жөнінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек те өз пікірін білдірді. «Қазіргі уақытта кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін негізсіз қылмыстық процестерге тартудың себептері мен салдарына талдау жүргізіп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты сотқа түскен арыз-шағымдар көп. Бизнесті қорғаудың экожүйесін құру шеңберінде барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Ол жүргізілген талдауларды талқылап, одан әрі нәтижелерін қорытындылайды. Форумда көтерілген мәселелер өзінің лайықты шешімін тауып, кәсіп иелерінің жанайқайы биліктің құлағына жетеді деген сенімдеміз. Қойылған міндеттерді шешу үшін барлық тараптар яғни мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің ықпалдаса әрекет етуі қажет», – деді Ерқанат Мұсылманбек. Форумда сондай-ақ еркін микрофон ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдары мен ұсыныстарын билік органдарына қоюға мүмкіндік алды. Жалпы жиын барысында жиырмаға жуық өзекті мәселелер талқыға түсіп, тиісті ведомстволар бақылауға алатын болды. «Бүгінгі форумда бизнестің аса күрделі мәселелері айтылды. Жауапты мемлекеттік органдарға оларды жедел әрі жүйелі түрде шешуге тиісті тапсырмалар жүктелді. Форум – өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға тың серпін беретін аса маңызды шара. Бизнестің тиімділігі негізінен мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының жасаған әрекеттеріне байланысты. Осы жылдың шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы азық-түлік тауарларын шығарушылар мен өндірушілер нарығының жұмыс тиімділігін арттырудың стратегиялық міндеттерін жүктеген еді. Әлемде болып жатқан күрделі экономикалық жағдайда отандық бизнесті дамытуға да мол мүмкіндік бар. Мұндай шараларды жүргізу бизнес қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың арасында барлық бағытта ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді», – деді Малғаждар Тәткеев. Кәсіп иелерін толғандырған өзекті мәселелер мемлекеттік органдар тарапынан оң шешімін тауып жатса, өткізілген форумның да нәтижесі мол болады деген ойдамыз.