Адам жанына араша болған әулет
Адам жанына араша болған әулет
942
оқылды
Ақ халатты абзал жандардың әр­бір күні адам өмірімен тығыз сабақ­­тас. Саналы ғұмырын меди­цина саласына бағыттаған маман иелері­нің қызығынан қиындығы басым екені белгілі. Алайда тұтас әулетімен дәрігер мамандығын игеріп, елдің алғысына бөленіп жүр­ген жандар арамызда аз емес. Сыр өңірінде тұратын Сейітмұратовтар жанұясы аймақ халқына дәрігерлер отбасы ретінде жақсы таныс. Әулетімен жауап­кершілігі мол мамандықты абырой­мен атқарып жүрген жанұяға жұрт­шылықтың құрметі ерекше. Жалпы облысқа қарасты Сырдария ауданы, Бесарық ауылындағы Сейітмұра­товтар отбасы өскен- өнген әулет саналады. Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған шаңырақта он бала тәрбиеленді. Үлкен әулеттің иесі – Ештай Сейіт­мұратов саналы ғұмырын дәрігер маман­дығына арнаған білікті маман иесі болған. Ол көзі тірісінде Қызылорда қаласындағы Жоғары медициналық колледжін фельд­шер мамандығы бойынша тәмамдап, Бесарық ауылындағы дәрігерлік амбула­торияның меңгерушісі қызметіне дейін көтеріліп, талай сырқаттардың сауығуына сеп болған жан. Қырық жылдан астам абыройлы да адал қызмет еткен. Бүгінде бесарықтық жамағат бұл кісінің шара­патын аңыз қылып айтып отырады. Оның еңбегі еленіп, ауылдан көше аты да беріліпті. Сондай-ақ қажырлы еңбегінің арқасында «Құрмет» орденімен де мара­патталыпты. Өмірлік жары Рая Дәрібаева да медицина саласында аянбай 30 жыл еңбек етіпті. Талай аналарды босандыруға ықпал етіп, кіндік ана атанған. Ғалия Сейітмұратова – өнегелі жанұя­ның үшінші қызы. Әке жолын қуған ол мектеп қабырғасынан түлеп ұшқасын, медицина саласын таңдап, 35 жыл осы сала­да абыройлы еңбек етіп жүр. Бүгінде облыс­тық медициналық орталықта "терапия-1" бөлімшесінде медбике болып, жұмыс атқаруда. Әулеттің бесінші баласы Жамбыл Сейіт­мұратов та медицина саласын таңдап, бүгін­де ел алғысын арқалап жүрген жанның бірі. Тіс дәрігері маманы атанған ол 32 жыл өз мамандығы бойынша ауыл­дағы емханада, «Құмкөл» кен орнындағы жедел жәрдем қызметінде абыройлы жұмыс істеген. Бүгін­де жеке тіс емханасын ашып, халыққа қалтқысыз қызмет істеп келеді. Фатима Сейітмұратова да әулеттің абыройын арқалап жүрген қыз. Ол Қызыл­орда қаласындағы «Ана мен бала» пери­ниталды орталығында акушер болып, жұмыс істейді. Өңірдің демографиялық ахуалына елеулі үлес қосып жүрген оның жалпы еңбек өтілі 30 жылды құрайды екен. Ал үйдің тағы бір қызы Айнұр Сейіт­мұратова 10 жыл бойына Алматы қала­сындағы мектепте медбике болып жұмыс істеп жүр. Бүгінде Қызылорда қаласындағы көп­бейінді облыстық ауруханада шаруа­шылық меңгерушісі болып еңбек ететін Гүлшара Сейітмұратова – дәрігерлер жанұя­сының жетінші қызы. Емдеу мекемесінде ақ халаттылармен бірге 28 жыл табан аудармас­тан еңбек етіп жатқан ол саланың жауапкер­шілік жүгінің қандай ауыр екенін жақсы сезінеді. «Біздің әулетімізбен дәрігер маман­дығына бетбұрыс жасағанымыз бекер емес. Марқұм әкеміз бен анамыздың осы салада абыройлы еңбек етіп, адам жанының арашасы болғанын көріп өстік. Бұл саланың жауапкершілігі қандай қиын болса, сауабы да мол екенін сезіне білдік. Әрдайым елдің алғысын арқалаған ата-анамызға халықтың құрметі әлі де аласарған емес. Бүгінде қызым Айша Рахат та жолымызды қуып, жоғары медицина колледжінің 4-ші курсында білімін шыңдауда. Болашақта білікті медбике болып, талай сырқаттардың дертіне дауа, жанына шипа болатынына сенемін», – деп өз ойымен бөлісті Гүлсара Сейітмұратова. Жалпы өнегелі әулеттен тараған он баланың әрқайсысы өз ісінің білікті де майталман мамандары десек, артық айтпаспыз. Ал әке жолын қуып, емдеу орнында абыройлы еңбек етіп жүрген әулет мүшелерінің қай-қайсысы да медицина саласының үздігі деп танылған. Әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, ел ықыласына бөленіп отыр.

Е.ЖАЛҒАСБАЙ Қызылорда облысы