Ақ халатты абзал жандардың әрбір күні адам өмірімен тығыз сабақтас. Саналы ғұмырын медицина саласына бағыттаған маман иелерінің қызығынан қиындығы басым екені белгілі. Алайда тұтас әулетімен дәрігер мамандығын игеріп, елдің алғысына бөленіп жүрген жандар арамызда аз емес. Сыр өңірінде тұратын Сейітмұратовтар жанұясы аймақ халқына дәрігерлер отбасы ретінде жақсы таныс. Әулетімен жауапкершілігі мол мамандықты абыроймен атқарып жүрген жанұяға жұртшылықтың құрметі ерекше. Жалпы облысқа қарасты Сырдария ауданы, Бесарық ауылындағы Сейітмұратовтар отбасы өскен- өнген әулет саналады. Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайған шаңырақта он бала тәрбиеленді. Үлкен әулеттің иесі – Ештай Сейітмұратов саналы ғұмырын дәрігер мамандығына арнаған білікті маман иесі болған. Ол көзі тірісінде Қызылорда қаласындағы Жоғары медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша тәмамдап, Бесарық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі қызметіне дейін көтеріліп, талай сырқаттардың сауығуына сеп болған жан. Қырық жылдан астам абыройлы да адал қызмет еткен. Бүгінде бесарықтық жамағат бұл кісінің шарапатын аңыз қылып айтып отырады. Оның еңбегі еленіп, ауылдан көше аты да беріліпті. Сондай-ақ қажырлы еңбегінің арқасында «Құрмет» орденімен де марапатталыпты. Өмірлік жары Рая Дәрібаева да медицина саласында аянбай 30 жыл еңбек етіпті. Талай аналарды босандыруға ықпал етіп, кіндік ана атанған. Ғалия Сейітмұратова – өнегелі жанұяның үшінші қызы. Әке жолын қуған ол мектеп қабырғасынан түлеп ұшқасын, медицина саласын таңдап, 35 жыл осы салада абыройлы еңбек етіп жүр. Бүгінде облыстық медициналық орталықта "терапия-1" бөлімшесінде медбике болып, жұмыс атқаруда. Әулеттің бесінші баласы Жамбыл Сейітмұратов та медицина саласын таңдап, бүгінде ел алғысын арқалап жүрген жанның бірі. Тіс дәрігері маманы атанған ол 32 жыл өз мамандығы бойынша ауылдағы емханада, «Құмкөл» кен орнындағы жедел жәрдем қызметінде абыройлы жұмыс істеген. Бүгінде жеке тіс емханасын ашып, халыққа қалтқысыз қызмет істеп келеді. Фатима Сейітмұратова да әулеттің абыройын арқалап жүрген қыз. Ол Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» периниталды орталығында акушер болып, жұмыс істейді. Өңірдің демографиялық ахуалына елеулі үлес қосып жүрген оның жалпы еңбек өтілі 30 жылды құрайды екен. Ал үйдің тағы бір қызы Айнұр Сейітмұратова 10 жыл бойына Алматы қаласындағы мектепте медбике болып жұмыс істеп жүр. Бүгінде Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханада шаруашылық меңгерушісі болып еңбек ететін Гүлшара Сейітмұратова – дәрігерлер жанұясының жетінші қызы. Емдеу мекемесінде ақ халаттылармен бірге 28 жыл табан аудармастан еңбек етіп жатқан ол саланың жауапкершілік жүгінің қандай ауыр екенін жақсы сезінеді. «Біздің әулетімізбен дәрігер мамандығына бетбұрыс жасағанымыз бекер емес. Марқұм әкеміз бен анамыздың осы салада абыройлы еңбек етіп, адам жанының арашасы болғанын көріп өстік. Бұл саланың жауапкершілігі қандай қиын болса, сауабы да мол екенін сезіне білдік. Әрдайым елдің алғысын арқалаған ата-анамызға халықтың құрметі әлі де аласарған емес. Бүгінде қызым Айша Рахат та жолымызды қуып, жоғары медицина колледжінің 4-ші курсында білімін шыңдауда. Болашақта білікті медбике болып, талай сырқаттардың дертіне дауа, жанына шипа болатынына сенемін», – деп өз ойымен бөлісті Гүлсара Сейітмұратова. Жалпы өнегелі әулеттен тараған он баланың әрқайсысы өз ісінің білікті де майталман мамандары десек, артық айтпаспыз. Ал әке жолын қуып, емдеу орнында абыройлы еңбек етіп жүрген әулет мүшелерінің қай-қайсысы да медицина саласының үздігі деп танылған. Әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, ел ықыласына бөленіп отыр.
Е.ЖАЛҒАСБАЙ Қызылорда облысы