Ойыншық ойлаған озар
Ойыншық ойлаған озар
Қазақта ойыншық болған ба? Ұлттық ойыншықтың түрі қандай? Әке-шешелеріміздің жастық шағы соғыс уа­қытында өтті. Олар қандай ойыншықпен ойнағаны бізге қызық көрінетін. Сөйтсек, көбі сынған тәрелке, ескірген қасық, ескі-құсқы көйлек-көншектен ойыншық жасап, сонымен ойнаған екен. Одан бөлек, шыбықты ат қылып мініп, одан қалса, өлі жүнді ыстық суға салып, домалақтап жіберсе, дайын доп болып шығады. Балалардың күні бой­ғы ермегі осы болса керек. Бұл туралы жазушы Шерхан Мұртаза өзінің «Ай мен Айша­сын­да» көркем суреттейді: «Осы күні ойласам, ол ойынымыз – кекірігі азған бай ел Америкада «гольф» дейтіннің сыңары сияқты. Ортадан бір шұңқыр қазып қойып, әлгі киіз допты алыстан ұрып, соған түсіру керек. Кім түсірсе, сол ұтады, кім түсіре алмаса, белгілі бір мәреге дейін қашуы керек. Ұтқан бала қашқан баланы доппен қадап ұрып дөп тигізсе – екі есе ұтады. «Қашпа доп» деген – сол. Ойынның одан басқа да түрлері бар еді – ұмытып­пын. Қазіргі балалар оны жасауды білмейді. Өйткені резеңке доп деген шықты». Ескі ойыншықтардың заманы келмеске кетіп, жаңа ғасыр туды. Қазір қалауыңның бәрі сауда дү­кен­дерінде самсап тұр. Жанға қа­жеттінің бәрі бар. Оның ішінде ойын­шықтың да жеті атасын та­басыз. Бірақ оның бәрі қазақ ойын­шығы ма? Әрине, жоқ. Бар­лығы дерлік, Қытай мен Ресей өндірген тауарлар. Өйткені оны алмастыратын өнім бізде жоқтың қасы. Жаппай өндіріп жатқан кәсіпорын таба алмайсыз. Сол үшін де шетелдің тауарына тәуелді боламыз. Әрі сауда-саттықты жүр­гізудің де тиімді жолы – осы. Ойыншықты қандай мақсатта пайдаланамыз? Бала ойыншықпен ойнамайды, керісінше, ойыншық баланы ойнатады. Басқарушы бо­лып отырған да солар. Сол себепті де, ойыншық баланың мінез-құл­қын, ойлау деңгейін дамытатын бірден-бір құрал екеніне ешкім дау тудыра қоймас.

Ұлттық ойыншық Жасауға қалай келді?

Қазір қазақ баласының ұлттық дүниетанымына ұлттық ойын­шық­тар арқылы ықпал етуге тырысып жүрген бірен-саран серіктестіктер бар. Оның бірі Қыдырәлі Болманов басшылық ететін «Балбала» қуыр­шақтары болса, екіншісі – Сәкен Болыс шығарып жатқан ойын­шық­тар да солардың қатарын аздап толтырып жатыр. Ол кісі музы­ка­лық ұлттық ойыншық түрлерін (асатаяқ, қобыз, дауылпаз, жетіген, сазсырнай), сенсорлы өрнектер, сен­сорлы үйшік-киіз үйлер да­йындап шығарды. Биылғы балалар жылына орай қандай сый ұсынып жатқанын білмек мақсатта Сәкен Болысқа хабарласқан едік. «Әу баста бүлдіршіндерге жан-жақтан ағылып келіп жатқан ойын­шықтардың орнына ұлттық на­қы­шы бар, өзімізге тән дүние­лерді ұсын­сақ деген мақсатпен жасаған едік. Құрастырмалы, таза табиғи. Ағаштан жасалған. Бұл баланың ой-өрісін дамытуға, ұлт­тық құнды­лықтарды кішкентайы­нан танып, зердесіне тоқып, тәр­биеленуіне керекті дүниелер», – дейді шебер. Ол өз кәсібін 2001 жылы бас­таған. Нұр-Сұлтанда ұлттық бұ­йымдар өндіретін шағын кәсіп­орын ашып, соған басшылық етіп келеді. «Жеті ойыншық» ағаштан дайындалған құрастырмалы бала­лар ойыншықтары жобасының ав­торы. Ол Білім және ғылым ми­нистрінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №97 бұйрығы бойынша мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріндегі болуы тиісті ойыншықтардың ті­зіміне енген. «Бізде ойыншық жоқ. Көп­ші­лігі сырттан келеді. Олар баланың танымына қалай әсер етіп жатыр? Оны алмастыратын ұлттық ойын­шық бар ма? Қыдырәлінің «Балба­ласы» еске түседі. Оның өзі бүкіл өңірді қамти алмайды. Балалар бақшасына қажетті ойыншықтарды қайдан сатып алады? Соны ал­мас­тыру үшін ұлттық ойыншық жасау­ды қолға алғанымыз рас» дейді кейіпкеріміз.

«Жеті ойыншық» көздеген мақсатына жетті ме?

Балалардың бітім-болмысында ұлт мінезінің азаюы, сөйлеу дағды­сында ұлттық сипаттың азайып бара жатқанына алаңдаған Сәкен Болыс өзі айналысып жүрген қол­өнер саласында ата-баба мұрасын жаңғыртуда тың идеяны іске асыр­ған. Оның о бастағы таза ағаштан құрастырған конструкторлық ба­лалар ойыншығын шығарудағы мақсаты да осы еді. Баланың ұлт­тық дүниетанымына өз ойыншық­тарымыз арқылы ықпал ету жо­лын­да Сәкен Қасықбайұлының ойыншық өндірісіне қосқан үлесі зор. «Керемет домбыра», «Бөбек-дом­быра», «Киіз үй», «Саз аспап­тары», «Ойландырар оюлар», «Әсем Астанам» деп аталатын ойын­шықтар – осының дәлелі. Түсіне білсек, мұндай ойын­шық­тардың жасалуының өзіндік мә­ні бар. Ұрпақтың ұлттық сана­сын қалыптастыруда ұлттық дү­ниенің орнын ешбір нәрсе алмас­тыра алмайды. «Қай кезде де тәрбие мәселесі өзінің өткірлігі жағынан басты проб­лемалардың бірі екені шүбәсіз. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шы­ғармашылық қабілеттер, жаңа дағ­дылар сонау бала кезден қа­лып­тасатыны анық. Ұлт бесігінде тер­бетілген, ұлттық құндылықтарды ерте жастан бойына сіңірген бала­ның санасы сәулелі, көңілі кір­шік­сіз, жаны нәзік, сергек, сезімтал, бо­латыны сөзсіз» дейді Сәкен Болыс. Бала айналаға сәби санамен, өзгеше көңілмен қарайды. Оның нәзік әлемі нені дұрыс деп қа­был­даса, соны өзіне жақын тұтады. Баланың ең бірінші досы – ойын­шығы. Кішкентай қуыршағын кеу­десіне қысқан қыз баланы көр­медіңіз бе? Сол секілді ұл балалар да ең әуелі шағын көліктерді із­дейді. Оның орнына «Бөбек-дом­быраны» қолына ұстаса, ғажап емес пе? «Киіз үй» төгілтіп, ұлттық нақышта баяндап тұрса, «Саз аспаптарын» жанына серік етсе, онда Сәкен Қасықбайұлының ар­маны – орындалғаны. Кейіпкеріміздің ұлы мен қызы да осы саладан алыстап кетпеген. Ұлы Ерасыл дарынды балаларға арналған арнаулы мектепті үздік бітіріп, заңгер мамандығын алып шықса да, әкесінің кәсібін ары қарай дөңгелентіп отыр. Қызы Әнел де әкесі мен ағасының жолын қуып келеді. Олар ұлттық тәрбие – ұлағат үлгісі екенін назарға ала отырып, «Мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарда» заманауи инно­вациялық әдістерді әзірлеу жоба­сын да іске асыруда. Оның мақсаты – білім мен білікке, дағдыға қол жет­кізу ғана емес, ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және оны ұтымды пайдалана білу.

Ойыншықты бала өзі құрап алады

«Құрастырмалы ойыншық­тардың бір артықшылығы – бала өз ойыншығын өзі құрап алады. Сондай сәтте баланың бойында ризашылық сезімі оянады. Кіш­кентай кезінен құрауды, үйлестіруді біледі. Сандарды қосып-алу сияқ­ты ойыншықтар бар. Сол арқылы бала қосуды, алуды үйренеді. Мә­селен, «Ойландырар оюлар» деген ойыншығымыз бар. Ол арқылы бала түрлі ою түрлерін біліп, көріп өседі. Бұл баланың жеке танымдық қасиетінің қалыптасуына әсерін тигізеді» дейді ойыншық авторы. Олардың арасында ұлттық дом­быра да бар. Құрастырмалы конс­трукторлық ойыншық болғаннан кейін оны бала өзі құрап алады. Әрі ойыншықтардың барлығы ағаштан жасалғаннан кейін оның балаға еш зияны жоқ. Оған пайдаланатын бояудың өзі сапалы. «Отандық ойыншыққа сұраныс болғанымен, бәсекелестік жоқ. Қазақ ертегі кейіпкерлерін ойын­шық түрінде өндірер болсақ, ол үшін алдымен оның мультфильмін көрсетуіміз керек. Сонда ғана бала өзі көрген кейіпкерін іздейтін болады» дейді кейіпкеріміз. Қазір баланың көпшілігі гад­жетке тәуелді. Оларды бұл тәуел­діліктен арылту үшін не істеген жөн? Кейіпкерімізді де осы сауал жиі мазалайды. «Қазақша контент аз деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жақсы дүниелер шығып жа­тыр. Тіпті «BALAPAN» арна­сын­да да балаларға арналған қа­зақша конттенттер өте көп. Ауыл балаларының көбі осы арнаны көріп, өсіп жатыр. Қала балаларына да қазақша контент көрсетуді әдет­ке айналдыру қажет. Ол үшін басты жауапкершілік – ата-ананың өз қолында» дейді Сәкен Болыс. P.S.Көрші цехтан өрт шығып, оның зияны бұл кісілерге де тиген сияқты. «2022 жылдың 8 қаңтар күні түнгі сағат 00.30-дар шамасында көрші цехтың шетінен шыққан өрт бізге өтіп, біраз дүние өртеніп кетті. Көп құнды кітаптарым мен затта­рым, қондырғылар, дайын ойын­шық­тар мен ойыншық үлгілері, жи­нап жүрген сүйектен, ағаштан, те­ріден жасалған көне ойыншық­тарым бар еді...» дейді кейіпкеріміз. Қазір цех қайта жан­данып жатыр. Бала­ла­рымен бірге бұл істі әрі қарай да өркендетемін деп отыр. Бала ойын­шығының алғашқы сарапшысы – ата-ананың өзі. Бала­ға сый жа­сауда шешім қабылдайтын да өздері. Ендеше, баланың ұлттық танымы дұрыс қалыптассын десек, ұлттық ойыншық сатып әперіп, ой-танымын өзгертуге атсалысайық.