Әдеби агенттік арман ба?..
Әдеби агенттік арман ба?..
576
оқылды
«Қазақстанда жалғыз әдеби агенті бар жазушы бар, ол – Рақымжан Отарбаев» дегенді осыдан ілгеріректе бір естіп едік. «Елімізде ғана емес, өзге де шетел баспаларынан қаламгердің кітаптары шығыпты» деген сияқты ақпараттарды да жиі көзіміз шалатын. Демек, әдеби агенттің қызметі біз ойлағаннан анағұрлым ауқымды болып тұр ғой. Ал мұндайда әдеби агенттік деген сөзді бастауға бола ма? Қыруар еңбек пен қаржыны талап ететін ұйымды құру бізде қаншалықты мүмкін? Иә, бізде бұл ұғым айта-айта жауыр болып, қараусыз қалған баладай шетке ысырылған сыңайлы. «Не себептен бұған тереңдеп қарамаймыз және оны неліктен жандандырмасқа» деген ой да туындайды. Бірақ айтуға ғана оңай. Шынында да, бізде Ұлыбритания, АҚШ-тағыдай белді әдеби агенттіктер құрылып, қапысыз қызмет етуі мүмкін бе? Кеңес кезеңінде даңқты жа­зу­шылардың жеке хатшысы бола­тын. Ол қаламгердің тек қана жазумен айналысып, басқа мәселелерге бас қатырмауына жағдай жасады. Шы­ғарманы баспадан шығару мәсе­ле­сінде цензуралық шектеу де бол­ғаны рас. Әйтсе де, оның таралымы, жазушыға қойылатын гонорар қазіргіден анағұрлым имантаразы болғаны шындық. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиеті көркемдік жағынан да, таралым тұрғысынан да бұрынғы мәртебесіне ілесе ал­май қалды. Себебі нарықтық жағ­дайға өткеннен кейін кітапты бұ­рынғыдай көл-көсір етіп шығарып, қаржы мен энергия жұмсау тиімсіз еді. Ал көркемдік талаптарға ешкім қарап жатпады. Ақшасы бар адам қалағанын жазып, жариялайтын. Бәлкім, содан болар, Мұхтар Әуе­зов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев сияқты кітаптары шет­елдің қаншама тіліне аударылып, таралған классик жазушылардың деңгейі бүгінде қол жетпес асу бо­лып көрінетіні. Әйтсе де, өмір бол­ған жерде өсу де болатыны заң­ды. Қазір ақырындап қазақ әде­бие­ті өрісін кеңейтіп, өзінің екінші ты­нысын ашуға дайындалып жат­қандай сезіледі. «Қазақтың өз ішін­де танылған жас қаламгерлерді әлем­дік кеңістікке қалай шыға­ра­мыз?» деген сауал туады. Біреулер бұл сұраққа «Егер жазушы мықты болса, әлем өзі-ақ танып алар» деп айтуы мүмкін. Енді бірі «Әдебиетті таныту үшін әдеби агенттер керек» деп те жүр. Сол айтқан әдеби агенттік бізде бар ма? Елімізде алғаш рет осы агенттікті ашуға ден қойған әдебиет насихатшысы Ба­қытгүл Махамбетова бір сұхба­тын­да былай депті: «Әдебиетті наси­хат­тасақ деп жүгіріп жүрміз. «Қазақ әдебиеті ағылшын тіліне аударылуы қажет» деп шырылдап қоямыз. Ол үшін әдеби агенттер болуы керек. Шығармашылық бағыттағы жұ­мыстың ең басты көзі – жазушы кі­та­бының насихатына бас ауырт­пауы тиіс. Жазушының бүкіл ша­руасын әдеби агент шешеді. Әдеби агентке керегі – жақсы көркем дү­­ние. Жазушының міндеті осы. Әде­би агенттің ары қарайғы мақ­саты – оны әлемдік нарыққа шы­ғару. Өз тауарынан пайда табу. Бұл – үлкен бизнес. Оған көпшілік бизнес деп бас ауыртқысы келмейді. Осы үшін баспаханаларға да бардым. Баспа иелері «Сіз осыны жүзеге асы­ры­ңыз» дейді. Оны қалай жүзеге асы­рамын? Бұл – миллиондаған қар­жыны қажет ететін жоба. Рас, ау­дарма мәселесі – менің дертім. Қазақша шығарманы аудармасыз әлемге тарата алмаймыз». Демек, әдеби агенттік деп айтпас бұрын, әуелі әдеби аударманы ретке қо­юы­мыз керек екен. Қаламгер үшін аударма дегеннің қаншалықты ма­ңызды екенін білеміз. Кезінде клас­сик суреткер Әбдіжәміл Нұр­пейісов аудармашыларға қандай талап қойғаны да әдебиетсүйер қауымның жадында болса керек. Жақсы аударма – қаламгер еңбе­гінің жарқырап көрінуінің бірден-бір кепілі. Жазушы Смағұл Елубай осы бір түйткілді мәселеге байла­нысты мынадай пікір айтады: «Ме­нің «Ақбоз үй» романым испан ті­ліне аударылды. Оған бәріміз қуан­дық. Кейін сол елдің шы­ғар­ма­шылық адамымен кездесіп, кітапты көрсеттім. Сонда ол маған «өте нашар аударма» деді. Қуаны­шым су сепкендей басылды. Оны­мен кім айналысқанын білмедім. Аты-жөнінен де, қандай шығар­ма­лар аударғанынан да хабарсызбын. Әрбір елде әдеби агент деген бо­лады. Олар бәрін қадағалап оты­рады: кітапты қалай тарату керек, қай баспадан шығару керек, қай аудармашыға беру керек. Осының бәрін өз мойнына алады». Шы­нын­­да, аударма сапалы болмай шық­са, жазушының да еңбегі кө­рінбеді деген сөз ғой. Бәлкім, әде­би аударма ұйымдары мен әдеби агенттіктер құрылып, бір-бірімен бірлесе жұмыс істеуі керек шығар. Әдеби агенттіктердің шығу та­рихына үңілсек, Ұлыбританиядан бастау алғанын көреміз. Қазіргі күні де осы ел әдеби агенттіктердің ең көп шоғырланған ордасы са­на­лады. Бір ғана «Гарри Поттерді» әлемге сыйлаған Джоан Роулингті атасақ та жеткілікті. Жалпы әдеби агенттіктер тарихы қалай басталып еді? Әлемдегі алғашқы әдеби агент­тіктің құрылу тарихы 1875 жылы әдеби агент ретінде жұмыс істей бастаған ағылшын Александр Пол­лок Уоттың есімімен тығыз бай­ланысты. Ол жазушы Джордж Мак­дональдқа Лондон баспа­ла­рының бірімен келісімшартқа отыруға көмектеседі. 1881 жылға қарай Уоттың делдалдығы айтар­лықтай табысты бизнеске айнал­ған. Ал біраз уақыттан кейін A.P.Watt and Company құрылады. Ол құрылған кезден бергі отыз жыл ішінде алғашқы және ең ірі әдеби агенттік болып тарихта қалды. Бұл компания авторлар арасында та­нымал болды. Өйткені Уотт кітап­тарды басып шығаруға қатысты барлық құжаттаманы басқаруды өз қолына алған болатын. Ол баспа­лардың, газет-журналдардың ав­тор­лық құқығын сатып алуды ұсын­ды. Уотт келісімшарттың жал­пы құнынан 10% тарифтік мөл­шерлеме белгіледі, жаңа кәсіптің негізгі принциптері мен заңды­лықтарын тұжырымдады. Көп уақыт өт­пей Германия, Франция және АҚШ-та авторларға делдалдық қыз­мет ұсынатын агенттіктер ашы­ла бастады. Одан кейін Латын Аме­рикасы, Африка, Азия және Аустра­лияда әдеби агенттіктер пай­да болады. Қазір де әдеби агент­тіктер дәл осы өз Отаны са­налатын Ұлы­бри­танияда жиі кез­деседі. Одан кейінгі екінші орында АҚШ тұр. Бір қызығы, бұл елдер әдебиетті әлде­қашан бизнес көзіне айналдыр­ғанын байқаймыз. Сон­дай-ақ бұл елдерде ірі баспаларды әдеби агенттіктермен біріктіру үрдісі бар. Баспа корпорациялары әлемдегі ең ірі медиахолдингтердің бір бөлігіне айналуда. Ал бізде ше? Қазақ әде­биетін бизнес көзіне ай­налдыруға қанша уақыт керек? Соңғы кезде елімізде шетелдік мықты кітап­тар­ды қазақ тіліне ау­дару үрдісі жолға қойылғаны дәтке қуат береді. Со­нымен бірге бірте-бірте қазақша кітаптар да ықшам, тартымды фор­матта шығуда. Мә­селен, осындай кітаптарды басып шығаруды жолға қойған Qasym кітапханасын, әлем­дік бестсел­лер­лерді аударып ұсы­нып жатқан Mazmundama кітап­та­рын айтуға болады. Бәлкім, елі­мізде шетелге шығармаларымызды то­лассыз шығару арман боп қал­май, нарыққа бейімделген әдеби агент­тіктер енді пайда болатын шығар...

Тақырыптың тұздығы

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы: – Әдеби агенттер, әрине, бізге керек. Өйткені Батыс, Америка, Еуропа болсын, бұл үрдіске баяғыда өтіп кеткен. Бірақ әдеби агенттің өзінің қызметі болады. Оған арнайы ақша бөлінуі керек. Сондықтан бұл жерде негізгі мәселе – автор жазған кітап көп оқылуы, көп өтуі керек. Ол кәдімгі кітап нарығында ойып тұрып өзінің орнын алуы қажет. Сол кезде әр автор, әр жазушы өзіне әдеби агент ала алады, соның қызметіне жүгіне алады. Әдеби агенттің негізгі қызметі – автор жазған шығарманы шетелге таныту, насихаттау, өзге тілдерге аудару мәселесін реттеу, шетелдегі әдеби форум, фестивальдерге сол авторды шақырту, сол сияқты техникалық мәселелерге мән береді. Қазақстанда әдеби агент ұғымы әлі толықтай орныққан жоқ. Өйткені бізде кітап нарығы да бір жолға қойылмаған. Ақырындап қарқын алып келе жатыр. Мен Қазақстанда бір ғана әдеби агентті білемін. Ол – әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина. Болашақта, бәлкім, 10-15 жылдан кейін әдеби агенттер Қазақстанда көп болады. Мәселен, өнерде, театрда, кино саласында болсын арт-менеджерлер бар. Арт-менеджер – ол біздегі әдеби агент секілді. Ол спектакльдің немесе киноның шетелде танылуына, фестивальдеріне енуіне, сол автордың танымалдығын шетелде және өз елінде насихаттау мәселелерімен айналысады. Бізде болашақта әдебиет те сондай үлкен форматқа өтеді деп сенемін. Ежелгі дәуірдегі патшалардың жанында жылнамашысы жүргендей немесе кеңес кезіндегі үлкен ақын-жазушылардың жанында арнайы хатшылары болғандай, сол секілді әдеби агент деген де заман талабы. Яғни XXI-XXII ғасырдың талабы. Біз қалай болғанда да сол форматқа өтеміз. Жазушының негізгі жұмысы оқылымды шығарма немесе пьеса жазу. Ал әдеби агент соны насихаттайтын тұлға. Әлішер РАХАТ, жазушы: – Елімізде әдеби агент қызметін пайдаланатын жазушылар жоқ деп айта алмаймыз. Мысалы, жазушы Сәуле Досжан қазір әдеби агенттермен жұмыс істейді. Сосын марқұм Рақымжан Отарбаев ағамыз әдеби агенттермен жұмыс істеген. Білуімше, Дулат Исабеков те солай жұмыс істейді. Бірақ көптеген жазушыда әдеби агент жоқ. Өйткені Қазақстанда саусақпен санарлық қана әдеби агенттер бар. Дей тұр­ған­мен де, әдеби агенттіктердің болмауынан олар жеке-жеке жұмыс іс­тей­ді. Бір шетінен, біздің баспалар авторлармен әзірге кәсіби деңгейде жұмыс істемейді. Сол себепті әдеби агенттер де автордан пайда көре алмайды. Болмаса автордың өзінің есебінен жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені белгілі бір жүйе жоқ болып тұр. Бірақ шетелге шығаруға мүмкіншіліктер жоқ емес. Шетелде таныстары бар әдеби агенттер бар. Әрине, әдеби агент керек. Онсыз кәсіби әдебиетпен айналысу өте қиын болады. Өйткені автор шығармасын жазумен айналыса ма, жоқ әлде өзін жарнамалаумен немесе кездесулер ұйымдастырумен айналыса ма? Немесе әрбір баспаның табалдырығын тоздырып жүре ме? Оның бәріне кеткен уақытын шығармашылығына арнаған дұрыс. Әдеби агент – ол баспагермен қалай сөйлесу тиіс, қай баспамен сөйлесу керек, қайда ұсыну қажет, қай тілге аударған дұрыс, соның бәрін жақсы білетін кәсіби маман. Оның орнын жазушы алмастыра алмайды деп ойлаймын. Алмастырған күннің өзінде ол көп уақытын жоғалтады. Үлкен кісілердің көбісі әдеби агентті білмеуі де мүмкін. Меніңше, әдеби агенттер көбейсе бәрі оны жақсы қабылдайды. Өйткені сіздің кә­сіби карьераңызды үйлестіруші, сізге жәрдемдесуші адамды қалай жақсы қабылдамауы мүмкін. Бірақ әзірге бізде нақты жүйе болмай тұр. Агенттерден бөлек, агенттіктер ашылған жоқ әзірге. Кәсіби жұмыс іс­теп отырған агенттіктерді білмеймін. Жекелеген агенттерді ғана білемін.

Нұрлайым БАТЫР