Жастардың «дауысы» жарқын шықсын десек...
Жастардың «дауысы» жарқын шықсын десек...
Фото: ult.kz
589
оқылды
Зерттеулерге сүйенсек, әлемнің көп елінде жастардың саяси өмірге қызығушылығы төмен: олар сайлауға жиі бармайды, қоғамдық талқылауларда аса белсенділік танытпайды және қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысуға құлшынысы аз. Интернет дамыған сайын бұл құбылыс жақсы жаққа қарай өзгере ме деген үміт бар. Бүгінде Қазақстанда iKomek, eOtinish, eGov және басқа да электронды платформалар арқылы халық маңызды әлеуметтік мәселелер бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік алды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жастардың саясатқа араласуы көбіне әлеуметтік желілердегі белсенділікпен ғана шектеліп тұр.

Мемлекет ұсынған цифрлы игіліктер қандай?

Жоғарыдағы статистика біздің елге де тән. Paperlab алаңында өткен пікірталаста «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қо­ғамдық қоры қамқоршылық ке­ңесінің төрайымы Ирина Мед­никованың айтуынша, жүргі­зілген зерттеулерде қазақстандық жастардың 11 пайызы саясатқа қы­зығатыны, 8 пайызы сәл-пәл қы­зығушылық танытатыны, ал 48 пайызы мүлдем қызықпайтыны анықталған. Саясатқа қызыға­тындардың көбі негізгі ақпарат көзі ретінде интернетті атаған. «Бес жыл бұрын саяси ақпа­раттар дереккөзі ретінде бірінші орында – телевизия, екінші орын­да интернет тұрса, қазір бұл екеуінің орны ауысты. Жастардың 79 пайызы саяси ақпаратты ин­тернеттен алады», – дейді ол. Интернеттің жыл сайын дами түсуі елімізде билік органдары мен халық арасындағы бай­ла­нысты жақсартуға мүмкіндік беретін платформалардың көптеп пайда болуына алып келді. Олар­дың ішінде әсіресе «Электронды үкімет» порталын ерекшелеп айтуға болады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпа­раттық технологиялар саласын дамыту департаменті директо­рының орынбасары Дәулет Ду­ша­баевтың сөзінше, былтыр атал­ған порталда 54 млн элек­тронды мемлекеттік қызмет, со­ның 19 млн-ы мобильді қосымша арқылы алынған. «Бізде «Ашық үкімет» порталы бар, ол «Ашық деректер», «Ашық нормативті-құқықтық актілер», «Ашық бюджет», «Ашық диалог» сияқты бірнеше компоненттен тұрады. Порталға былтыр 18 мың­ға жуық нормативтік-құқықтық акт салынды. Соны 78 мың адам қараған. Е-Otinish деген портал бар, ол бойынша азаматтар өзде­рінің өтініштерін мемлекеттік органдарға жібере алады. Жарты жылда 396 мың адам 877 мың өтініш жазған. Бұл көрсеткіштер бұқараның біраз бөлігі мемле­кеттік саясатқа қатысып отыр­ғанын көрсетеді», – деп санайды министрлік өкілі. Сондай-ақ ол халыққа цифр­лық технология ұсынылып қана қоймай, соны пайдаланудың тиім­ді тетіктері де қоса беріліп жат­қанын айтады. Мәселен, 2018-2020 жылдары аталған ми­нистрлік жергілікті органдармен бірлесіп, 1 жарым миллиондай қазақстандықты цифрлық сауат­ты­лыққа оқытып шыққан. «2020 жылы цифрлық сауат­тылықты арттырудың жаңа кон­цепциясын әзірледік. Ол үш ба­залық принциптің негізінде әзір­ленді. Біріншісі – адамдардың әр өмірлік деңгейінде (мектеп, ЖОО, жұмыс орны, т.б.) цифрлық сауаттылығын арттырудың құ­ралдарын енгізу. Екіншісі – мем­лекеттік қызметтерді халық үй­реніп қалған сервистермен (мы­салы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларымен) интеграциялау. Үшіншісі – ІТ-ді оқытып қана қоймай, оны халық арасында насихаттау», – дейді Дәулет Душабаев.

Сан емес, сапа маңызды

Әйткенмен, мұндай цифр­лық игіліктер мәселені неге тү­бегейлі шешпейді деген сұраққа жастар өкілдерінің өз жауабы бар сияқ­ты. Солардың бірі – сәулетші, Fading.TSE плат­формасының негізін қалаушы, «SOS Талдыкөл» қозға­лысының мүшесі Теміртас Ыс­қақов бұл мүмкіндіктерді бір­жақты тун­нельге теңеді. «Иә, қазір әртүрлі диджитал платформалар халықтың өтіні­шін, талап-тілегін, сұрағын мем­лекеттік органдарға тезірек әрі жеңіл жолмен жеткізуге көмек­­теседі. Мысалы, астанада iKomek деген тамаша онлайн-сервис бар, жылына 3 млн-нан аса сұраныс қабылдайды. Бірақ осы тұста сан­ға емес, сапаға мән беруі керек деп ойлаймын. Бір қарағанда, ха­лық сұрайды – билік жауап бе­реді: диалог бар тәрізді, бірақ бұл – біржақты туннель. Элек­тронды үкімет платформасындағы өтініштерге көбіне бірдей немесе сапасыз жауап беріледі. Сон­дық­тан жастар олардан гөрі әлеу­мет­тік желіге жиірек жүгінуге мәж­бүр», – дейді белсенді. Сондай-ақ оның ойынша, жастар онлайн-петиция құрарда цифрлық платформаларға онша­лықты сене қоймайды. Бірінде да­уыс саны қалай есептелетіні анық көрсетілмесе, енді бірі тех­никалық жағынан сенім ұялата қоймайды. Ал мемлекеттің осын­дай петицияларға арналған өз платформасы жоқ. Бұл ретте ми­нистрлік өкілі Дәулет Душабаев ондай платформа жасауға тех­никалық мүмкіндік жетіп тұр­ға­нымен, құқықтық жағынан рет­теп алатын мәселелер бар екенін, ал оның Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі құзырына кір­мейтінін мәлімдеді.

Әлемжелінің пәрмені мықты

Қазақстандық жастардың диджитал платформалардан гөрі әлеуметтік желіге көбірек иек артуының тағы бір себебі – олар әлеуметтік желінің пәрменін көріп отыр. «Пандемия кезінде Ақтаудың, Атыраудың жас жігіттері газ бал­лонын тасып жүрді. Бүкіл желі қолданушылары оларға қолдау көрсетті. Қайбір жылы Маңғыс­тауда қуаңшылық болып, мал қы­рылып жатқанда, Шымкентте Құрмет деген азамат шөп шауып, соны жібере бастады. Жастар осылайша әлеуметтік желінің кү­шіне куә болды. Оның үстіне, қа­зір билік органдары БАҚ кө­терген мәселелерден гөрі әлеу­мет­тік желіде жарияланған ­проб­лемаларға тезірек реакция біл­діреді», – дейді журналист, Malim.kz порталының директоры Руслан Ербота. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тайдың I отырысында сөйлеген сөзінде «Өкінішке қарай, бізде кө­ше бұзақылары, жауапкер­ші­ліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шы­ғаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеу­ніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді» деген бола­тын. Журналист Руслан Ербота мұның себебін «Еститін үкімет» концепциясындағы «жергілікті атқарушы билік өкілдері әлеу­меттік желідегі шыққан кез кел­ген постқа дереу жауап беруі ке­рек» деген ережемен байла­ныс­тырады. «Қазір билік пен халық ара­сында үш канал бар: оның бірі – «Электронды үкімет» сияқты мем­лекеттік платформалар, онда азаматтардан түскен хаттарды тиісті басқармаларға жібереді, әр басқармада баспасөз хатшысы жоқ, демек әлгі хаттар сондағы ортанқол бір маманның қолына түседі. Ол маман жауаптардың бәрін бір шаблонға салып жазады. Бәріне бірдей немесе түсініктіз ресми жауаптар осыдан келіп шығады. Екіншісі – ішкі саясат бөлімдеріндегі мониторинг топ­тары, ондағы мамандар әлеумет­тік желіде қандай негатив, қандай позитив пост шыққанын қада­ғалап, жауап беріп отырады. Үшін­ші канал – баспасөз хат­шы­лары. Бізде осы үшеуінің ара­сын­да өзара байланыс жоқ», – дейді журналист. Үкімет сөзіңе құлақ асам десе де, құлық таныта қоймаған бұ­қараның, оның ішінде жастардың цифрлық ортадағы селқосты­ғының бірқатар себебі – осы. Бұл да келешекте шешімін табуы тиіс маңызды саланың бірі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ